Бейсенбі, 26 Ақпан 2026
Жаңалықтар 4151 0 пікір 26 Ақпан, 2026 сағат 15:04

Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг дауының мән-жайы

Сурет: Ұлттық олимпиядалық комитеті сайтынан алынды

Қазақстан Кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков WBO және IBF нұсқасының әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг дауын тергеуге байланысты жайды жария етті. 

2025 жылдың 6 желтоқсанына жоспарланған WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы Эрисланди Ларамен 3 титул үшін өтетін жекпе-жекке үш күн қалғанда қазақстандық чемпионның сынамасынан тыйым салынған мельдоний заты табылғаны жарияланды.

20 қаңтар күні спортшының «В» сынамасында да допинг бары расталды.

Осыдан кейін World Boxing Organization орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына тыйым салынған мельдоний заты бойынша оң нәтиже көрсеткен допинг сынамасына байланысты бір жыл мерзімге жарыстардан шеттету жазасын қолданды.

Дегенмен, чемпиондық атақтары спортшының өзінде қалдырылды. Шеттету мерзімі ішінде боксшы кез келген кәсіби немесе көрсетілім жекпе-жектеріне қатыса алмайды.

Қазақстан Кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбековтың айтуынша, 9 қаңтардан бастап федерация төрт отырыс өткізіп, 5 сәуірден (Жәнібектің соңғы жекпе-жегінің күні) бастап, жекпе-жек алдындағы тестілеуден өткенге дейінгі уақыт аралығындағы оқиғалардың хронологиясын егжей-тегжейлі қалпына келтірген. Әрбір жаттығу, тамақтану тәртібі, қалпына келу үдерісі және дәрумендер қабылдауы қарастырылған. Сол кезде Әлімханұлының мамырда денсаулығының нашарлауына байланысты мәжбүрлі түрде жекеменшік клиникаға барып, мельдонийі бар екпе алғаны анықталған.

— Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, әрбір азаматтың денсаулығын қорғауға және медициналық көмек алуға құқығы кепілдендірілген. Бұл құқықтан ешкім айыра алмайды. Аталған жағдайда спорттық көрсеткіштерін жақсарту мақсатында тыйым салынған затты әдейі қолдану ниеті болмаған. Зат спортшының ағзасына өмірлік көрсеткіштер бойынша түскен. Спортшының өзі препарат құрамында мельдоний бар екенін білмеген. Ал тексеруден кейін емделу шұғыл түрде жүгінген медициналық мекемеде басталған. Себебі демалыс күні болған және жағдайы жедел араласуды талап еткен, — деді федерация басшысы.

Оның айтуынша, дәрігер регламенттелген нормаларға және пациенттің жағдайына байланысты әрекет еткен.

— Сондай-ақ, тағайындалған «Репронат» препараты Қазақстанда тыйым салынбаған және ел бойынша медициналық тәжірибеде кеңінен қолданылатынын, дәріханаларда еркін сатылатынын атап өткім келеді. Спорт саласына қатысы жоқ дәрігер VADA-ның тыйым салынған препараттар хаттамасын білуге міндетті емес. Тек мамандандырылған спорт дәрігерлері ғана VADA хаттамаларымен егжей-тегжейлі таныс. Себебі олар сол бағытта жұмыс істейді. Медициналық қорытындыда көрсетілген белгілер құрамында цитопротектор ретіндегі мельдонийі бар «Рипронат» дәрісін шұғыл қолданудың дұрыстығын дәлелдейді, — деп жазды Рахымжан Ерденбеков Instagram парақшасында.

ҚКБФ басшысы федерацияның сұрауынан кейін медициналық клиника толық медициналық құжат ұсынғанын атап өтті.

— Клиника тергеу жүргізу барысында ынтымақтастыққа ашық болды. Медициналық көмекке жүгіну фактісі мемлекеттік медициналық қызметтер тізілімінде тіркелген. Бұл деректерді өтіп кеткен датамен өзгерту мүмкіндігіне жол бермейді, — деп сендірді федерация басшысы.

Abai.kz

0 пікір