Бейсенбі, 5 Наурыз 2026
«Соқыр» Фемида 1676 0 пікір 5 Наурыз, 2026 сағат 14:22

Түрмедегі Қырғыз журналисінің хаты

Сурет: автордың жеке архивінен алынды

«Демократиядағы барша достарыма сәлем!

Міне, түрмеде отырғаныма екінші жыл толды...

Өмірімдегі осы түрме тәжірибесінен өткеннен кейін, сіздерге хат жазуды ұйғардым.

Осы екі жыл ішінде мен көптеген процестер мен дағдарыстарды бастан өткердім. Мұнда сотталғандар мен кейбір қызметкерлер тарапынан интригалар, қаралау және аяқтан шалу әрекеттері болды.

Олар мені сындыру арқылы Үкіметтен бостандық түріндегі сыйақы аламыз немесе қызметіміз өседі деп ойлады.

Бірақ мен сынбау үшін бар күш-жігерімді жұмсадым. Өзімді жалғыз әрі тасталғандай сезінген күндерім де болды. Сондай сәттерде сіздердің хаттарыңыз бен тілектеріңіз маған қанат бітіріп, алға жылжуға жігер мен сенім сыйлады.

Сіздер мені қолымнан ұстап, алға сүйреген үлкен күш болдыңыздар.

Осы екі жылдағы әрбір сәт мені қорқынышқа бой алдырмай, одан аттап өтуге үйретті. Мәселелерге қарсы тұруды және одан ең аз шығынмен немесе ең көп шығынмен шығуды үйрендім. Қарым-қатынасқа ашық бола бастадым және кез келген жағдайда аман қалуды үйреніп жатырмын.

Мен барлық сотталғандарды немесе қызметкерлерді жаман деп айта алмаймын. Олардың арасында да маған қолдау көрсеткен жақсы, ізетті адамдар бар.

Мекеме әкімшілігі маған шығармашылықпен айналысуға, яғни сурет салуға, ұлттық аспап қомызда ойнауға және ән айтуға рұқсат берді. Ол үшін барлық жағдайды жасады. Менің өтінішім бойынша кітапхана қорын заманауи әдебиеттермен жаңартты.

Қазір менде бәрі жақсы, өйткені мен ең қиын мектептен өтіп, емтиханды «өте жақсы» деген бағаға тапсырдым. Қазіргі уақытта мені жақсы көреді және сыйлайды. Ал алда не болатынын уақыт көрсетеді.

Өткенге көз жіберсем, мен бұл мектептен дәл осы жерде өтуім керек болғанын түсінемін. Өйткені мұндағы сабақтар басқа еш жерде оқытылмайды.

Мен болаттай ширықтым, иілдім, бірақ сынған жоқпын.

Бәрін саралай келе, мен тек достарым мен ниеттестеріме ғана емес, менің осы жерге келуіме себепші болған адамдарға да риза екенімді түсіндім.

Сіздерге, анама, жолдасыма, інілеріме және мен үшін алаңдайтын жандардың бәріне шексіз алғыс айтамын.

Сіздердің махаббаттарыңыз, қолдауларыңыз бен сенімдеріңіз маған ғаламат күш береді.

Өздеріңізді және мені сақтаңыздар

Құрметпен, сіздердің Тажыбек кызы Махабат

ҚР ӘМ ҚЖҚБ №2 мекемесі, Степное ауылы

18.02.2026»

Естеріңізге сала кетейін: БҰҰ-ның заңсыз ұстау жөніндегі жұмыс тобы Қырғыз Республикасының Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының жеті бабын және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің алты бабын бұзғанын анықтады. Олар Махаббат Тәжібек қызының бас бостандығынан айырылуы оның заңды түрде пікір білдіру еркіндігінің, журналистік қызметінің және жемқорлықты зерттеуінің тікелей салдары деген қорытындыға келді.

10 наурызда Жоғарғы сотта Махаббат Тәжібекқызының ісін қайта қарау мүмкіндігі туралы отырыс өтеді.

Өмір Шыныбейұлының фейсбук парақшасынан

Abai.kz

 

0 пікір