Header Banner
Сенбі, 7 Наурыз 2026
2616 0 пікір 6 Наурыз, 2026 сағат 18:56

Бейбіт Исабаев әйелдерді 8 Наурыз мерекесімен құттықтап, мемлекеттік наградалар тапсырды

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай салтанатты жиын өткізді. Мерекелік шараға облыстың түкпір-түкпірінен денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, құқық қорғау және қорғаныс, т.б салаларда жемісті еңбек етіп жүрген кәсіби мамандар, сондай-ақ пошташы, электромеханик, өндіріс технигі сияқты қарапайым жұмысшы мамандығы иелері санатындағы 500 әйел жиналды. Олардың бірқатарына мемлекеттік наградалар тапсырылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Салтанатты жиын Талдықорғандағы Б. Римова атындағы академиялық драма театрында ұйымдастырылды. Театр фойесі көктем мерекесіне сай безендіріліп, гүлмен көмкерілді. Қонақтардың барлығына бір шоқ жауқазын, құттықтау хаты мен естелік сыйлықтар табысталды.

Шарада құттықтау сөз сөйлеген Бейбіт Исабаев әйелдердің өңірді дамытудағы рөлі ерекше екеніне тоқталды:

- Сонау ерте кезден-ақ қазақ қоғамында әйелдердің лайықты орны қалыптасқан. Бүгінгі күні бұл игі дәстүр жаңа мазмұнмен толығып, ана мен балаға деген қамқорлық, отбасы институтының рөлін арттыру мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігіне айналды. Қай-қайсыларыңыз да үй мен түздің жұмысын абыроймен қатар атқарып, туған жерге, елге деген сүйіспеншіліктің, жанұя мен әулетке қамқорлық пен жанашырлықтың үлгісін көрсетіп келесіздер. Сіздердің жауапты, талапшыл да табанды, жарқын да жаңашыл мінездеріңіз қоғамды ілгерілетуге, игі бастамаларға тың серпін береді. Осы орайда елдің дамуына қосып жүрген елеулі үлестеріңіз үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, - деген өңір басшысы бұдан әрі марапаттау рәсіміне көшті.

Бұл ретте сегіз адам мемлекеттік наградаға ие болды. Атап өтсек, солардың екеуі - шаруа қожалығының жетекшісі Шакира Ыдырысова І дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін, «Үштөбе-Айдын» ЖШС құрылтайшысы Айбарша Бескемпірова ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін Астана қаласында Мемлекет басшысының қолынан алған болатын. Ал Жетісу облысының қаржы басқармасының басшысы Жанар Керімбекова мен облыс әкімі аппаратының бөлім басшысы Эльмира Жырғалбаеваға «Құрмет» орденін, Кербұлақ ауданындағы Қоғалы орта мектебінің директоры Нұргүл Арпабековаға, Алакөл ауданының мансап орталығының директоры Ләззат Қосантаеваға «Ерен еңбегі үшін» медалін, Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының аға мейіргері Бақытгүл Иманбековаға «Шапағат» медалін, сол сияқты қараталдық зейнеткер педагог, К.Тоқаев атындағы қайырымдылық қорының өкілі Валентина Спиридоноваға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын, оған қоса облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Дәния Қыдырбаеваға Президенттің құттықтау ашық хатын осы күні облыс әкімі тапсырды. Сол сияқты тағы он көп балалы анаға «Алтын алқа», «Күміс алқа» берілді.

Марапатталғандардың атынан сөз алған білім саласында отыз жылдан бері жұмыс істейтін Нұргүл Арпабекова ризашылығын жеткізіп, жиналған көпшілікті құттықтады.

- Бүгін менің мемлекеттік марапат - «Ерен еңбегі үшін» медалін алуым үлкен мәртебе әрі жауапкершілік деп білемін. Бұл награда – менің ғана емес, бірлесе еңбек еткен біздің педагогикалық ұжымның ұрпақ тәрбиесіне сіңірген ортақ жұмысының жемісі. Мемлекет басшысына еңбегімді бағалап, жоғары марапат бергені үшін алғысымды білдіремін. Марапатталушыларды шын жүректен құттықтап, бар жақсылықты тілеймін, - деді ол.

Сол сияқты мерекеге келген өзге қатысушылар да ізгі тілектерін білдіріп, ой бөлісті.

– Мен кәсіби музыкантпын, қазір зейнеттемін, дегенмен әлі де шығармашылықпен айналысып келемін. Біздің отбасылық ансамбліміз бар,  жұбайым, екі қызым, ұлым, келінім – бәріміз бірге өнер көрсетеміз. Біз қазақтың халық әндерін және қазіргі эстрадалық әндерді орындаймыз. Біздің репертуарымызда әсіресе анаға, Отанға арналған әндер көп. Мереке қарсаңында біз Тұрпан ауылында жерлестерімізге арнап концерт ұйымдастырдық, оған шамамен 200 адам жиналды. Біз сияқты шығармашылық адамы үшін көрермендердің сүйіспеншілігі мен қошеметі – ең басты сыйлық. 8 наурыз мерекесіне арналған бүгінгі салтанатты шараға шақырылғаныма өте қуаныштымын. Облыстың барлық әйелдеріне денсаулық, амандық, бейбіт өмір тілеймін, – деді Панфилов ауданынан келген мәдениет ардагері Айнагүл Хайбуллаева.

Осындай құттықтау тілекке «Суффле Қазақстан» ашытқы зауыты» АҚ өндірістік цехының бастығы, Текелі қаласының тұрғыны Наталья Андрютина да қосылды:

– Мен зауытта 2013 жылдан бері жұмыс істеймін, яғни университетті бітіргеннен кейінгі еңбек жолымды осы кәсіпорында лаборант болып бастадым, қазір өндіріс цехының бастығы қызметіндемін. Мұндай нәтижеге еңбекқорлықтың, тәртіптің, ұқыптылықтың, ұжымымыздың ұйымшылдығы мен бір-біріне деген өзара сенімінің арқасында жеттім. Әсіресе мені ерекшелеп, Халықаралық әйелдер күніне арналған облыстық мерекелік шараға шақырғандарына қуандым. Бұл – біздің бүкіл командамыздың ортақ жетістігі. Жалпы, маңайымыздағы мерекелік көңіл күй, балаларымыздың құттықтауы, бүгінгі жылы лебіздер, үйдегі және ұжымдағы қолдау, бәрі-бәрі бізге көктемнің шынайы жылылығын сезіндіріп тұр. Өңірдің барлық әйел азаматтарына бақыт, жақсылық тілеймін, ең асыл армандары орындалсын, – деді ол.

«Шапағат» медаліне ие болған Бақтыгүл Иманбекова да ой қосты:

- Бүгінгі мерекеге қатысқан барша әйелдерді құттықтаймын. Медицина саласында 37 жылдық еңбек өтілім бар, соның ішінде жансақтау бөлімінде жұмыс істегеніме 30 жыл болды. Бұл бөлім - аса жауапты да күрделі құрылымының бірі. Біздің еңбегімізді елеп, осындай құрмет көрсетіп, қолдау танытқандарыңызға алғысымды білдіремін, - деді ол.

Салтанатты жиын мерекелік концертпен аяқталды.

Атап өтсек, осындай құттықтау шарасы барлық аудан-қалаларда өткізілді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Abai.kz

0 пікір