Бітімгершілік – қазақтың табиғатына жат дүние емес!
Бітімгершілік – қазақ ұлтының тарихында елеулі орын алған, әлеуметтік, қоғамдық, экономикалық және саяси қарым‑қатынаста қолданысқа түсетін өте маңызды саяси құрал. Оның қолдану өрісі қоғамның күнделікті тұрмыстық, шаруашылық және құқықтық жағдайларын қамтиды. Ал жаугершілік заманда оны халықаралық жағдайларды реттеуге қолданылды. Ел ішінде бітімгершілік амалдарын Билер институты атқарса, Халықаралық қатынаста Хан үкімімен Билер мен Батырлар атқарды.
Бітімгершіліктің номадтық табиғаты туралы
Бітімгершілік – қазақ халқының табиғатына жат дүние емес. Өткен тарихқа көз салсақ, «қазақтың атты мәдениеті» өркендеген замандарда көшпенділер (номадтар) сырғи көшіп, өзінің өмір сүру ареалын ұдайы кеңейтумен болған. Міне, сол замандардан‑ақ, біздер «аттылардың» тек қиратумен емес, ат тұяғы басқан жерге ең алдымен «бітімгершілік идеясын» алып баруымен ерекшеленгенін көреміз. Мысалы, ежелгі номад Аттила о кездері Еуропа құрылығының жүрегі болған Рим қаласын қиратпай, бітімгершілікпен өзінің әскерін кері әкеткен...
Ол сол арқылы Рим өркениетін сақтап қалды. Бұл – адамзат тарихына елеулі прогресс әкелген Ұлы Бітімгершілік еді! Сондықтан, қазіргі заманда Еуропаның қақ ортасында Атты Аттиланың ескерткішінің қасқайып тұруын – «Біздің арғы бабаларымыздың құрметіне қойылған ескерткіш» деп ауыз толтырып айтуға болады.
Дәл осындай Бітімгершілік көріністері әлемді жаулаған Шыңғысханның да табиғатына жат болмаған. Шыңғысхан да өзі бағындыратын елге, не қалаға алдымен «бітімгершілік елшілерін» жіберіп отыруды дәстүрге айналдырған еді. Мысалы, бізге жеткен аңыздарда, ол 1218‑жылы әйгілі Отырар қаласына сый‑сияпатынмен 450 бітімгершілерін жіберген деп айтылады. Бірақ, қала басшыларын оны қабыл алмаған. Елшілер өлтірілген. Содан кейін, әрине, тарихтағы белгілі «Отырардың күйреуі» орын алғанын білеміз...
Бітімгершіліктің мемлекет дамуына тигізер әсері қандай?
Алдымен мына сұрақты қоялық: «Бітімгершілікке шақыру», яғни, бітімгершілік келіссөздерін өз елінде өткізуді ұсыну – шақырған мемлекетке қандай да бір пайдасын тигізе ме?», ‑ деген.
Әрине, тигізеді:
Біріншіден, бұл осы мемлекеттің шиеленіске алып келген оқиғаға, не болмаса, соғысқа қатысты бейтарап саясат ұстануын білдіреді. Сөйтіп, ол «бітімгершілік» елді сыртқы агрессиядан қорғайды: мұндай жағдайда, барлық тараптардан бітімге шақырған елге қандай да бір қысым көрсетуге, не болмаса, қоқан‑лоқы жасауға тиым салынады;
Екіншіден, «бітімгершілік шарасын» сәтті өткізу – бұл елдің әлемдік мәртебесін асырады. Онда қабылданған «бейбіт мемерандум» сол елде өткен қала атымен аталып, барлық мемлекеттер үшін орындалуы міндетті Халықаралық құқықтық нормаға айналады;
Үшіншіден, «бітімгершілікке шақырушы ел» сол арқылы әлемге өзінің саясатының тек бейбіт бағытта екенін паш етеді. Ол – егер осы елге қарсы агрессия орын алса – оған қарсы барлық елдердің бірігіп, бұл мемлекетке көмегін беруге жұмылдыратын тетікке айналады;
Төртіншіден, әлемдік шиеленіскен жағдайда мемлекетті бейбіт қалыпта ұстау – ұзақ уақытқа бағытталған даму стратегиясын анықтауға мүмкіндік береді. Ол «тұрақтылық» пен «жан‑жақты даму ұдайылылығын» қамтамасыз етеді... Бұл, өз кезегінде, мемлекетті көркейтуге, бейбіт дамуға, адам капиталын еселеуге, рухани‑мәдени өрлеуге жол ашатын болады...
Әлемде мұндай мемлекеттер көп емес. Мәселен, өзін осы бағытта көрсете алған шап‑шағын Швейцария мемлекеті бүгінде әлемдегі ең дамыған елге айналған. Онда жыл сайын әлемдік Экономикалық саммиттер өтеді, Швейцария банктері әлдеқашан әлемдік қаржы институттары қызметін атқаруда...
Ендеше, біз – бейбітсүйгіш қазақ халқы ‑ бүгінгі Қазақстанның осы бағыттағы ұмтылыстарын, ҚР Президенті Қасымжомарт Тоқаевтың осы бағыттағы жасаған үндеулері мен қадамдарын ел болып жұмыла қолдауға міндеттіміз: бейбітшілікке шақыру – елдің ырысы!
Әбдірашит Бәкірұлы, философ
Abai.kz