Персоналистік модельден институционалдық жүйеге: Қазақстандағы саяси реформалардың жаңа кезеңі
Қазақстанда ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер билік өкілеттіктерін қайта бөлуді ғана емес, басқару жүйесін институционалдық тұрғыдан қайта реттеуді көздейді. Бұл қадам посткеңестік кеңістікте жиі кездесетін тұлғаға тәуелді саяси модельдердің тәуекелдерін азайтуға бағытталған маңызды кезең ретінде қарастырылуда. ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының ғалым хатшысы, әлеуметтанушы Еркебұлан Аманғосов реформалардың мәні мен олардың қоғамдағы сұраныспен қалай ұштасып отырғанын түсіндірді.
- Ұсынылып отырған өзгерістер өкілеттіктерді қайта бөлуді және басқару тетіктерін құқықтық тұрғыдан нақтылауды көздейді. Мұны посткеңестік кеңістікте жиі кездесетін жекелендірілген саяси модельдердің тәуекелдерін азайту қадамы деп бағалауға бола ма?
- Институционалдық реформаларды бір сәттегі шешімнен (белгілі бір реакция тәрізді құбылыстан) гөрі тарихи тұрғыдан уақыты келген құрылымдық түзету ретінде қарастырған жөн. Посткеңестік кеңістікте елдердің ұзақ уақыт бойы формалды институттар мен бейресми практика арасындағы «қосарланған тәртіппен» өмір сүргені рас. Бір жағынан, Конституция мен заңдар бір логиканы уәде етсе, ал күнделікті саясат көбіне тұлғалық байланыстар мен бейресми келісімдерге сүйенді. Қазіргі өзгерістер осы алшақтықты қысқартуға, яғни жазылған ереже мен нақты тәжірибені бір арнаға жақындатуға бағытталған қадамдар ретінде маңызды. Дәлірек айтсақ, персоналистік кезеңнен кейінгі институционалдық «қалыпқа келу», әсіресе саяси тәртіпті жеке тұлғалардың ықпалынан гөрі, тұрақты ережелер мен ұйымдық құрылымдарға көбірек бағыттау үдерісі деп бағалауға болады.
Мұндай бетбұрыс әлемдегі тұрақсыздық, белгісіздік жағдайында елдің қоғамның сұранысымен де ұштасады. Соңғы жылдары ел азаматтары жаһандық дағдарыстарды, пандемияны, аймақтық соғыстар мен нарықтардың құбылмалығын тікелей сезінді. Бұл тарапта уақытша тактикалық шешімдерден гөрі, ұзақмерзімді болжамдылық пен құқықтық айқындыққа деген сұраныс күшейді. Екінші жағынан, халықтың шешім қабылдауға тікелей араласуы мен қатысуы, әрине талапшылдығы да күшее түсті. Ендігі де иерархиялық «мұнара» азаматтық, көлденең ашық «алаңмен» шешім қабылдау да билікпен бөлісу алдыңғы сахнаға шығады. Яғни шешімдік тар шеңберде, бейресми байланыстар мен жеке беделге сүйене отырып емес, билікті біртіндеп осы биіктіктен төмен түсіріп, «алаңға» жақындату, дәл солай «ойын ережелерін» ретке келтіру, өкілеттіктерді қалпына келтіру, тежемелік-теңгерім тетіктерін нақтылау арқылы шешім қабылдау. «Кім басқарып отыр?» деген сұрақтан гөрі «қалай басқарылады, қандай ережемен және ол қаншалықты сақталады?» деген сұрақтар маңызды бола бастайды.
Бұл қазіргі турбуленнті әлемде сын-қатерлерге кешенді жауап іздеген қоғамның құқықтық және саяси «қаңқасын» қайта жинау әрекеті. Дегенмен, мұндай өзгерістердің нәтижесі мәтінге ғана емес, элиталардың сол ережелерді нақты өмірде қаншалықты дәйекті ұстанатынына тәуелді. Институционалдық архитектура неғұрлым түсінікті әрі тұрақты болған сайын, отандастарымыз да ұзақмерзімді шешім қабылдауы ла жеңілдей түседі. Сондықтан өзгеріп жатқан, көбіне белгісіздікпен сипатталатын әлемде Конституция деңгейіндегі реформалар тек саяси жүйені емес, қоғамның болашаққа деген сенімін де қайта құру және жаңғырту әрекеті ретінде маңызды.
- Қазақстан басқарудың құқықтық негіздерін күшейтіп, билікті институционалдық тұрғыдан жүйелеуде. Бұл модель қазіргі заманғы саяси тұрақтылық пен ұзақмерзімді даму талаптарына қаншалықты сай келеді?
- Жаңа Конституция саяси жүйені тек өкілеттіктерді қайта бөлу арқылы емес, білім, ғылым, мәдениет және инновацияға сүйенген даму моделіне бұрып отыр; яғни тұрақтылықтың іргетасы ретінде тек қауіпсіздік пен ресурстар емес, адами капитал мен интеллектуалдық әлеует таңдалуда. Осы бағыттардың стратегиялық басымдық ретінде айқын бекітілуі Қазақстанның ұзақмерзімді қауіпсіздігі мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің басты шарты ретінде қарастырылуда. Әлемдік трендтерге сәйкес қадам. Қазіргі уақытта саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін фактор жоғары сапалы білім, ғылыми зерттеулер, технологиялық жаңалықтар және оларды өндіре алатын кәсіби кадрлар болып табылады. Конституциялық деңгейде дәл осы салаларды алдыңғы қатарға шығару, бір жағынан, бюджет пен саясатта басымдықтардың қайта бөлінуін талап етеді, екінші жағынан бұл инвесторлар мен қоғамға еліміздің болашағы білім мен ғылымға сүйенетінін көрсететін институционалдық сигнал деп түсіну қажет.
Конституция жобасында сөз, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне кепілдік берілуі адамды тек бағынатын субъект ғана емес, жаңа мағына мен форма тудыратын шығармашылық тұлға ретінде тануды білдіреді. Бұл жерде еркіндік өзі үшін ғана емес, жаңа нәрсе жасау қабілетін ашу үшін қажет алғышарт. Дәл солай, бұл зияткерлік меншікті қорғау, цифрлық ортадағы құқықтар арнайы нормалар арқылы бекітілген.
Осындай логикада ғылымдағы гипотеза, техникадағы инновация немесе өнердегі батыл стиль сырттан белгіленген шектерді бұзғаны үшін емес, болмысты байытатын жаңалық әкелгені үшін құнды. Мемлекет пен құқықтық жүйе де бұл еркіндікті басқарудың объектісі ретінде ғана емес, қоғамның дамуын алға сүйрейтін шығармашылық қуатты қорғаудың міндеті ретінде қабылдау қажет. Мұндай институционалдық база болғанда ғана саяси тұрақтылық «қатып қалған күй» емес, білім мен ғылым есебінен үнемі жаңарып отыратын, өзгерістерді басқаруға қабілетті тұрақтылыққа айналады.
Abai.kz