Header Banner
Сенбі, 14 Наурыз 2026
Ақмылтық 134 0 пікір 14 Наурыз, 2026 сағат 13:14

Қазақстан бітімгершілігі: Мүмкіндіктер мен кедергілер

Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігі сайтынан алынды.

Қазақстан – Еуразия құрылығының ортасында орналасқан мемлекет. Сондықтан, ол географиялық жағдайына байланысты өте зор логистикалық әлеуетке ие ел. Егер осы мүмкіндігімізді дұрыс пайдалана алсақ, онда Республикамыз әлемдегі озық елдердің қатарына көтерілуі әбден мүмкін. Бұл тек экономикалық тиімділікте ғана емес, оның әсері саясатта бітімгершілік миссияны атқаруға жол ашады. Тарихқа көз салсақ, сауда керуендері үзілмейтін күретамыр жолдардың бойында орналасқан қалалар әрқашанда еларалық қатынастарды реттеуші және келіссөздер жасалатын орталықтар болып келген...

Алысқа бармай‑ақ, өз жеріміздегі көне қалалардың жобасына көз салсақ, со кезден‑ақ олардың құрылысында шеттен келетін мәртебелі қонақтарға арналған салтанатты сарайлардың, саудагерлерге арналған арнайы жүк қоймалары бар қонақ үйлердің көптеп салынғанын байқаймыз. Яғни, бұл қалалардың тек сауда орталықтары емес, сонымен бірге, дипломатия орталықтары болғаны күмәнсіз.

Бүгінде, со замандары саудасы қызған Ұлы Жібек Жолының көп бөлігі біздің еліміздің территориясында жатыр. Ойлап қарасақ, біз тек қазба байлығымыздың молдығына мақтанып қоймай, өзіміздегі «бүгінгі Жібек Жолына» да мақтанышпен қарауымыз керек сияқты – оның құны «Қазба байлықтан» асып түспесе, кем емес. Себебі, қазба байлық бір уақытта таусылады, ал «сауда жолы» ешқашан!        

БІТІМГЕРШІЛІК МҮМКІНДІКТЕРІ

Оның мүмкіндігі мол, әрі, болашағы зор деуге болады. Бәрі де өзімізге байланысты:

Біріншіден, ең алдымен, Қазақстан халқы өзінің мәдени дамуы тұрғысынан қазіргіден көш ілгері деңгейге жетуі тиіс. Ол орта қандай?

Оның сипаты: а) Қазіргі замандағы ең озық коммуникациялық технологияның және өз елімізде мемлекеттік тілдің шырқап дамуы; ә) Саясатта ешбір тарапқа тәуелді болмау, қандай да бір саяси‑әскери бағыттағы одақтардан тәуелсіз болу;  б) Экономикалық тұрғыда толық тәуелсіздікке қол жеткізу; г) Қазақ халқы мен оның мәдениетінің төңірегіне топтасқан бірегей Қазақстан халқын қалыптастыру, мүмкін болар сепаратизм ошақтарының алдын алу; д) Бейбіт өмір сүрудің «қазақстандық эталонын» өмірге келтіру, осы моделді әлемге үлгі ретінде ұсыну;

Екіншіден, Қазақстанды экологиялық тұрғыдан қорғау;

Үшіншіден, Қазақстанды энергетикалық тәуелсіз ету;

Төртіншіден, Қазақстанды өз алдына әскери доктринасы бар елге айналдыру.

Міне, біз елеулі деген бірнеше мүмкіндіктерді атап өттік.

Ал, мұны арнайы зерттеген адам осы айтқандарды тарқатып жазар болса, ол том‑том еңбек болып шығар еді...

БІТІМГЕРШІЛІК КЕДЕРГІЛЕРІ

Бүгінде біздің алдымызда тұрған кедергілер өте көп: оны біз шартты түрде Ішкі кедергілер және Сыртқы кедергілер деп бөлеміз.

Ішкі кедергілерге мыналарды жатқызамыз:

Ұлтаралық абсолютті келісімнің әлсіздігі, Экономикадағы біржақтылық, яғни, қазба байлыққа тәуелділік, Билік тармақтарымен жалғасқан коррупция, «Қазақстанда жасалған» брендінің әлемдік деңгейге жете алмауы және т.т.

Алайда, бүгінде өнер саласанда, білім саласында, спортта бірқатар алға басушылық бар. Мысалы, әнші баламыз Димаш Құдайберген «Әлем елшісі» атанды, боксшылар Генадий Головкин еліміздің даңқын шығарды, ал Жәнібек Әлімханұлы «Қазақ стилін» әлемге паш етті. Күні кеше Михаил Шайдосов Олимпиада чемпионы атанды...

Жетпей жатқаны: Әдебиетте, Театрда, Ғылымда танымалдылық аз.

Тағы бір мәселе, «Мемлекеттік басқарудың» әлі де сірескен бюрократиядан арыла алмай жатуы, «Қоғамдық ұйымдардың» әлсіздігі және т.т.

Сыртқы кедергілер  әлдеқайда күрделі: Қысқа ғана айтсақ – біз «ұлыдержавалық тәбеті күшті» мемлекеттер қоршауында тұрмыз. Сондықтан, олардың әрқайсысы Қазақстанға өз ықпалын жүргізгісі келеді. 

Осы жағдайда, «арбаны сындырмай, өгізді өлтірмей», елімізді «БІТІМГЕР ЕЛГЕ» айналдыру үшін бізге Қазақ халқының өткеннен жеткен барлық Даналық тәжірибесін өте шебер қолданып, өзіміз де сондай Даналық жолға бет бұруға дайын болуымыз керек.  

Әбдірашит Бәкірұлы, философ

Abai.kz

0 пікір