Header Banner
Жұма, 20 Наурыз 2026
Арылу 142 0 пікір 20 Наурыз, 2026 сағат 12:30

Хулан екеуіміз

Сурет: википедиядан алынды.

(Отыз жылдан кейін)

Мен ауылдың қонақ үйінде күн көтерілгенше ұйықтап, жаңа  ояндым. Ашық тұрған терезеден Онон өзені жақтан таза судың хош иісі бар салқын самал есіп, көшеде балалардың у-шу болып ойнап жүрген дауыстары естіледі.

Қонақ үйдің «люкс» дейтін бөлмесіндегі қоңырқай көне ағаш кереуеттің аппақ жаймасынан кір жуатын ұнтақтың иісі аңқиды, ал жастықтан дала шөбінің жұпар исі сезіледі. Төсектің жанындағы шағын үстелге ыстық құтымен шай, мойыл жемісі қосылған құрт-қаймақ қойылыпты. Бұл дегеніміз –  қонақ үй қызметкерлерінің  маған ерекше көңіл бөлгенінің белгісі іспетті.

Жалпы біздің жақта газеттің тілші қызметкерлерін ерекше сыйлап, көңілін табуға тырысатын әдет бар. Оның несі жаман болсын. Оның үстіне туған жеріне талай жылдар бойы ат басын бұрмаған мені өз адамы санауы да заңды шығар. Бұдан он шақты жыл бұрын бір келгенім болмаса, содан бері неге екенін білмеймін, жолым түспей жүріп, енді ғана жетіп отырмын. Адам жасы ұлғайған сайын туған жерін сағынады деген рас екен. Соңғы үш-төрт жылда туған жерімнің тауы мен тасын, суын түсімде көріп, бала күнгі кездерімді жүрегім шымырлай еске алатын болдым.

«Адам өміріндегі ең үлкен бақыт – балалық шақтың естелігінде жатады» деп Феодор Достоевский ме, әйтеуірғ біреу айтты деген  бір сөз бар еді. Мен қала тіршілігінің у-шуы мен күйбеңінен қажығандықтан емес, тек табиғи жасымның күні еңкейіп, туған жерімді сағына бастағандықтан келдім. Сөйтіп демалысқа шыға сала келген бетім осы. Туған жерге келуімнің тағы бір себебі бар. Осыдан отыз жылдай уақыттан бері жүрегімде бір адамның бейнесі сақталып келеді. Ол – Хулан.

Хуланды соңғы рет көргеніме он жылдай уақыт өтіпті. Бірнеше жыл бұрын Сары Цамба қайтыс болып, Хуланның жесір қалғанын естігенде, кейде «Жалғыз өзі қалай өмір сүріп жүр екен?» деп ойлайтынмын.

Хулан – менің бала күнгі ғашығым ғой. Солай деп ойласам, жүрегімді бір жұмсақ, әсем әуезді сағым билеп алғандай әсерде боламын. «Бала күнгі ғашық» деген сөздің өзі қандай әдемі естіледі. Ол алыстағы сағым арасынан жылтырап көрінген елес-бейне секілді, әлдебір баяу әуеннің жаңғырығы секілді ерекше сезіледі.

Хулан жесір қалды екен деп, оған барып жар болар жас та, мүмкіндік те әлдеқашан өтіп кеткенін білемін. Бірақ, оның сұлу жүзін бір көрсем, жастық шағымды бірге еске алсам ғана көңілім жайланып, жалғыздық  пен мұңнан сәтке арылғандай боламын.

Өйткені адамның алғашқы махаббатынан кейінгі өмірдің барлық қуанышы мен өкініші, тағдыры, тіпті қателігі мен қайғысы да бастау алатын сияқты...

Мен бөлменің хақ төбесіне қарап, темекі тартып қойып осының бәрін ойлап жатқанымда, есікті біреу жайлап қақты...

«Кір», – дедім.

Есік баяу ашылып, үстіне үлбір етегі желбіреген жасыл жібек жалаңғат  шапан киген, бойшаң келген қараторы қыз имене кірді де:

– Аға, сіздің ат-көлігіңіз дайын болды, – деді.

Мен таңырқап:

– Менің атым? Мен көлікпен келген едім ғой... – дедім.

Қыз жымиып:

– Анам сізге мінетін  ат жіберді, – деді.

– Анаң кім?

– Хулан.

– Хулан дейсің бе?!

Хуланның атын естіп орнымнан атып тұра бергенімде, қыз да бір жапырақ қағазды қолымы ұстатты да, сәл қызарып ұялып қалғандай тез шығып кетті.

Ал, оқушы дәптерінің жарты бетіне Хулан:

«Сампил, аман-есен жүрсің бе? Сенің келгеніңді арғы күні естідім. Саған қызым арқылы ат-көлік жібердім. Түске таман өзен жағасына кел. Бағзы бір кездерде кездескен жерді ұмытпаған шығарсың. Мен сонда барып күтіп отырамын» – деп жазыпты.

«Тәңірім-ай!» – деп дауыстап жібердім мен.

Осыдан отыз жыл бұрын Онон өзенінің өткелінде күні бойы бірге отырып, бір-бірімізге ыстық-ыстық сөздер айтып, болашақ жайлы армандағанымызды ол ұмытпаған екен. Үйіне шақырмай, Хуланның мені дәл сол жерге кездесуге шақырғаны – «жастық шағымызды бірге еске алайық» дегені ғой.

Мен жүрегім алып-ұшып жеделдете киініп, қонақүйден шықтым. Ауладағы айыр діңгекте бір алқоңыр жирен төбел ат байлаулы тұр екен. Көнелеу болса да, әдемі ер-тоқым салынған жиерен ат шұлғып тұр.

Бұл – баяғы Хуланның жас кезіндегі ер-тұрманы еді.

Бөржігін үлгісіндегі аласа қасты, кең тұрман, сүйекпен жасалған зер қырлары сарғайып, өзгеше өрнекті жасыл былғары көпшігі көнерген бұл ер- әбзелі маған сондай етене таныс көрінді.

Қызық екен... Отыз жыл бұрын Хуланның осы сәнді ері тап-таза әрі жаңа болатын. Бірегей зерлі ерді адам отыз жыл осылай ұқыпты пайдалануға болады екен ғой!?

Бірақ ер де, иесі де ескірген сияқты көрінбеді. Уақыт қанша өтсе де бәрі сол күйінде қалғандай.

Мен атқа мініп, Онон өзенінің өткеліне қарай шаба жөнелдім.

О, Онон!

Бала күнгі ғашықтай сыңғырлы сұлу өзен.

Онон кейде алыстағы бір кездесуге уәде еткендей, адамды өзіне шақырып тұратын секілді. Ол тек табиғи әсемдігімен ғана емес, бір тылсым тынысымен де ет жүрегіңе еніп, мұңды кездерде жұбаныш болатын нәзік әуен тудыратын мекенім ғой.

«Ей, адам баласы, сені де қатты сағынатын тау-тасың, өзен-суың бар» деп сыбырлайтындай.

Онон тамыз айының қалың жасыл тоғайының арасымен мөлдір аспан мен күн сәулесіне шағылысып, жай ғана сыңғырлап ағып жатыр.

Бала кезімізде бұл өткелде адамдар толассыз ағылып, ары-бері өтіп жүретін-ді. Ал қазір айнала тым-тырыс. Тек трактор мен машиналардың ізі ғана көрінеді.

Мен өзеннен өтіп, өзімше болжап отырып, баяғы межелі жерге жеттім. Мойыл мен тал араласқан тоғайдың ішінде Хулан күтіп тұр екен...

Ол алғашқы кездесуге келген қыздай ұялып:

–  Сен жолды ұмытпай тауып келдің ғой, –  деді.Сосын алақанындағы ірі  мойылдарды ұсынып:

–  Мойыл жейсің бе, –  деді де, бір жаққа қарап ойланып қалды Мен біреуін  аузыма салып, қолынан ұстап:

–  Хал қалай, Хулан? –  дедім.

–  Жақсы, –  деді ол.

Оның мөлдір қоңыр көздерінде мөлдір тамшылар жылт етті.

Хулан көгілдір жібек шапан киіп, беліне жіңішке жасыл белбеу буыныпты. Ескі үлгідегі бас киім де киіпті. Мен оның аяқ киіміне дейін таныдым. Барлығы да отыз жыл бұрынғыдай талшын бейне өзгермеген. Расымен, біз жастық шағымызға қайта оралғандай едік. Бірақ жүрегімде бір өкініш, бір мұң бар еді. Хулан – енді тек өткен өмірдің, туған жердің, жастық шақтың белгісі ғана секілді. Біз аттарымыздың ерін алып, шөп үстіне отырдық. Хулан шашын қолымен сипап:

–  Мен сен келмей кетіп қалар ма деп қорықтым. Сондықтан қызымды  жібердім, –  деді.

– Мен сенің үйің барайын деп ойлаған едім, –  дедім.

–  Қызым  –  асырап алған жалғыз балам. Ол әлдеқашан тұрмысқа шыққан.  Бір ұлы бар.

–  Жақсы қыз екен. Ал сен әже атаныпсың ғой.

–   Иә. Немерем бар. Ол – менің жаным ғой.

–   Күйеуің қайтқалы бері қандай күй кешудесің?

–  Жалғыздық оңай емес екен... –  деді ол жай ғана. – Цамба кейде қатал  болатын. Бірақ ер адамның жұдырығы жетіспей тұрғандай күй кешеді екенсің. Қазір соны да сағынамын. – Оның даусы дірілдеп кетті. Хулан менің  ағарған шашымды сипап:

–  Сампил... –  деді. Мен кенет толқып кеттім.

 

Сол жылғы шілдедегі той...

Біз дәл осы жерде отырдық. Мен ол кезде он жетідегі жас бозбала жігіт едім. Көзіме жас келді. Хулан белбеуінің ұшымен көзімді сүртіп, маған аса мейірлене қарады. Біз ұзақ уақыт бір-бірімізге үнсіз қарадық. Сол сәтте ол тағы да баяғы отыз жыл бұрынғы жас Хуланға айналғандай болды. Мен оны құшақтап, көзімді жұмдым.

Сол кезде өзен жағынан балалардың шуылдаған шат-шадыман дауысы шықты.

–  Бір-біріңнен ұстап жүріңдер! Су терең екендігін ұмытпаңдар! –  деген  біреуінің даусы тіпті анық естілді.

Балалардың күлкісі бүкіл тоғайды жаңғыртты. Хулан орнынан тұрып:

–  Даш қария балаларға мойыл тергіземін деген. Менің немерем де бар, –  деді.

–  Немереңнің аты кім? –  дедім.

–  Сампил. – Мен аң-таң болдым.

–   Сампил дейсің бе?

–  Иә. Немереме сенің атыңды қойдым, –  деді Хулан. Менің тамағыма тағы да бір түйін өксік кептелді. Бала күнгі махаббатың өз немересіне сенің атыңды беру деген  –  қандай ерекше тағдыр... Біз атқа мініп, балалар жүрген  жаққа қарай беттедік.

Тоғай арасынан бірден шығуға ұялғандай, айналып барып күре жолға қосылдық. Хулан біраз ойланып келе жатты да:

–  Сампил... мына өмір осылай өте шығады екен ғой... –  деп күрсінді.

 

Өзен өткелінде ойнап жүрген балалардың күлкісі жаңғырып, тамыз күнінің шуағына малынған жер мен су, Онон өзенінің баяу сылдырымен бірге өткен өмір, болашақ тағдыр жайлы сыбырлап, бір сырдың бетін ашып тұрғандай еді...

Сэнгийн Эрдэнэ,

Моңғолияның Халық жазушысы

*Хулан – қазақша Құлан

 Моңғол тілінен аударған – Сұраған Рахметұлы

Abai.kz

0 пікір