Дүйсенбі, 23 Наурыз 2026
Тамыр 108 0 пікір 23 Наурыз, 2026 сағат 13:00

Шыңғысхан ІІ мыңжылдықтың данышпаны

Сурет: qamshy.kz сайтынан алынды.

Адамзат ІІІ мыңжылдыққа таяп, оған қадам басар алдында дүниежүзі ғалымдары соңғы үш мыңжылдың негізгі қортындыларын жасамақ болып, үш мың жылдық тарихқа талдау жасап шықты. Адамзат өркениетінің басты тарихи тұлғалары кім, ең тағдырлы, маңызды оқиғалар мен құбылыстары қайсы деген сияқты сұрақтарға жауап іздеген болатын. Сол тарихи талдау күтпеген, өте қызық нәтижелер берді.

Мысалы, соңғы үшмыңжылдықтың қанша жылы соғыссыз бейбіт өтті деп ойлайсыз? Ұсақ, жергілікті өз-ара қақтығыстарды санамағанда бар-жоғы 150 жыл! Бұдан туатын пікір: Соғыс адамзат тарихының серігі. Қызық болғанда адамзат өзінің келесі даму сатысына алапат соғыстардан соң немесе үлкен табиғи апаттар мен аурулардан кейін өтеді екен.

Сол сияқты ғалымдар жер бетіндегі әртүрлі өндіріс тәсілдерін де талдады. Әсіресе көшпелі шаруашылық пен өмір салтына қатысты тың көз-қарас ұсынды. Көшпеліліктің адамзат тарихындағы маңызы ХХ ғасырдың қандай жаңалығымен парапар қойғанын білесіз бе? Көшпеліліктің пайда болуы адамзаттың ғарышқа шығуымен пара-пар тұрған құбылыс. Өйткені ғарыш адамзат үшін жаңа кеңістік. Оны біз енді-енді игере бастадық. Сол сияқты Еуразия кеңістігі де бір кездері адамзат үшін жаңа кеңістік болды. Сол жаңа кеңістік көшпеліліктің арқасында игеріле бастады. Атсыз, жаяу Еуразияның Ұлы даласын игеріп көріңізші. Әлі күнге дейін бір орында жер шұқылап отырар едік.

Ең бастысы ғалымда әр мыңжылдықтағы басты тарихи тұлғаларды анықтауға назар аударды (пайғамбарларды санамағанда). Соңғы өткен екінші мыңжылдықтың (1001-2000 жж.) адамы деп кімді жариялағанын білесіз бе? Құламаңыз! Шыңғысханды! Неге?

Өйткені Шыңғысханға дейінгі әлем мен Шыңғысханнан кейінгі әлемнің айырмасы жер мен көктей! Оған көп мысал келтіруге болады. Ол туралы талдаулар интернет самсып тұр. Бір ғана мысал айта кетейік. Орыс тілінде орыстың төл сөзі боп кеткен «дорога» ұғым қайдан шықты? Алтын Орда заманында салық жинайтын екі лауазым болоды: басқақ пен даруға. Даруғалардың міндетіне алым-салық жинаумен қатар оны орталыққа жеткізу үшін орман мен батпақтың арасынан жол ашып жол салу кірді. Сол «даруға» лауазымның атауы орыстың «дорога» сөзіне айналды.

Ал, Шыңғысханның құрған мемлекет жүйесі туралы бір ғана нәрсе айтып кетейік. Шыңғысхан жаңа үлгідегі мемлекет жүйесін қалыптастырды. Бұл жүйе Шыңғысхан мемлекетінің құрамына кірген барлық ру-тайпалардың күш-жігерін, мақсат-міндеті мен мүддесін бір арнаға тоғыстыра білді. Мұндай жүйе Шыңғысханға дейін де, Шыңғысханнан кейін де болған жоқ. Еуропа оның тек кейбір белгілерін, атрибуттарын қабылдады. Жалпы, көшпелі ортада, Ұлы дала төсінде бір орталыққа бағынған мемлекеттер кезеңін данышпандар басқарған кезең деп сипаттауға болады. Көңілі бір атым насыбайдан қалатын, ерік-жігері асқақ, басынан сөз асырмайтын дала халқын бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмылған жұдырықтай ұстап тұру асқан даналықты қажет етеді. Сондықтан да, тарихымыздағы мұндай кезеңдерді данышпандар билеген кезең деп сипаттау керек.

Ал, тарихта Шыңғысханның жауыздығы туралы қалыптасқан ұстаным өтірік, қып-қызыл жала. Отарлық кезеңнен бастап орыс тарихнамасы Шыңғысханның тарихтағы орнын кемсітіп көрсету үшін қасақана тарихты бұрмалай бастады. Шыңғысханды түріктерге жолатпау үшін оны моңғол қылды. 1951 ж. КПСС ОК пленумында «Алтын Орда тарихын оқытуға тыйым салу» деген құпия қаулы да қабылдаған.

Көп жағдайда далалықтар ұрыс майданында жеңіске жетіп отырғанымен, жылнама беттерінде оңбай жеңіліп отырды. Әлемге адамгершілік қағидаттарын берген көшпенділер мұндай жауыздыққа барады дегенге өздеріңіз нанасыздар ма? Иә, соғыс болған соң кейбір қалалар қирады, кебір қала халқы өз билеушілерінің тағдырын құшты. Неге? Өйткені Шыңғысхан ұжымдық жауапкершілік ұстанымдарын енгізді. «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бірі үшін». Ұжымдық жауапкершілік бойынша қала билеушісі өз тұрғындарының, ал қала тұрғындары өз басшысының істеген ісі үшін жауап беру керек. Махмұт Қашқаридің еңбегінде «Көк шөп өртенбейді, елші өлмейді» деген сөз бар. Елшіні, саудагерді өлтіру – бұл дала өміріндегі кешірілмес үлкен қылмыстардың бірі. Тәңірге қарсы жасалған күнә! Бұл имандылық пен адамгершілік қағидаттарына қарсы жасалған қылмыс. Ол үшін бір-ақ жаза - өлім! Бүгінгі күні АҚШ бір мемлекетке басып кірем деп, жаңағыдай қылмысты «адамшылыққа қарсы қылмыс / преступление против человечности» деп сипаттар еді. Сондықтан да, көп жағдайда қираған қалалар мойындарына осындай қылмыс жүктеген. Отырар, орыстың Козельск сияқты т.б. қалалар.

Ал, Отырардың «күйреуіне» келсек, Отырар XVII ғасырға дейін өмір сүрді. Қазақ хандығы құрылып жатқан шақта дүниежүзі тарихта «Ұлы географиялық ашулар» деген құбылыс басталған болатын. Соның нәтижесінде трансконтинентальды Ұлы жібек жолының қызметі тоқтап, қала өмірі құлдырай бастады. Қазақ даласындағы қала мәдениетінің құлдырауы осы оқиғаларменен және сол кездегі толассыз жүріп отырған соғыстармен байланысты болды.

Үшінші мыңжылдықтың қарсаңында әлем ғалымдарының маңызды оқиғалар мен тұлғаларды анықтау үшін атқарған ғылыми зерттеу жұмыстары дүниежүзі және көшпелілір өркениетіне қайтадан жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік берді. Бұған дейін көшпелілер тарихы тек европацентристік тұрғыдан бағаланып, орыс отаршыларының көзқарасымен сипатталды.

Уақыт өзгеріп жатыр. Уақытпен бірге заман да өзгерер. Жаңа тарихи деректер ашылып, олар бәрін өз орнына қояр. Бірақ, ендігәрі, заман қалай өзгерсе де далалық көшпелі өркениеттің дүниежүзі тарихта алатын орнын ешкім жоққа шығара алмайды. Сол ғалымдар әр халықтың адамзат қазынасын қандай қүндылықтарын қосқанына дейін талдап берген ғой. Мысалы, Рим адамзатқа парламентаризм мен рим құқығын берді. Ал, дала өркениеті не берді? Өмір сүрудің адамгершілік қағидаттарын берді, монотеизм идеясын әкелді, бүгін дүниежүзі пайдаланып, қолданыста жүрген символдардың көбі далалық тайпалардың еншісінде. Солардың ішінде айқыш (крест), бесжұлдыз, ғашықтықтың белгісі боп саналатын жебе жүрек сияқты т.б. бар. Дүниежүзі ғалымдары сенің тарихыңа, тарихи тұлғалар мен мәдениетіңе тамсана қарап жатқан кезде біз өз тарихымыздан безуіміз бойымыздан әлі кете қоймаған қүлдық сананың бір көрінісі.

Сөз соңында бір сұрақ қояйып кетейін, ойланып көріңіздер. Егер Шыңғысхан екінші мыңжылдықтың адамы ретінде танылса, онда бірінші мыңжылдықтың адамы кім? Тауып көріңіздерші.

Иә, Жаратқан ием Қазақ елін жарылқай көр!

Арман Жұмаділ

Abai.kz

0 пікір