Трамптың келесі "құрбаны" Куба ма?!
Куба 1962 жылдан бері АҚШ-тың санкция құрсауында қалып келеді. Венесуэла президенті Николас Мадуро биліктен алынған соң Кубаның экономикалық жағдайы нашарлады. АҚШ Кубаға Венесуэла мұнайын жеткізуді тоқтатты, бұл Куба экономикасына қатты әсер етті. Куба бұрын Венесуэла мұнайын сатып қана қазынасын толтырып келген еді. Енді ол жол кесілді.
Соңғы апталарда АҚШ-тың Кубаға қысымы айтарлықтай артты. Вашингтон Кубаға мұнай жеткізетін елдерге санкция салатынын мәлімдеді. Қазір Кубаның туризм саласы іс жүзінде тоқтап қалды, экономикасы құлдырауды жалғастыруда, электр қуаты жиі өшіп қалады, қиналған халық ереуілге шығуда. Ресейдің жанармай кемелері мен халықаралық гуманитарлық көмек келгенімен, бұл тек уақытша шара болып тұр. Трамп құлдырауға бет алған елді «мен ғана түзей аламын» деп жар салуда.
Ақпан айының ортасында Трамп Мемлекеттік хатшы Рубионың Кубамен байланыста екенін мәлімдеді, бірақ егжей-тегжейлі ақпарат бермеді. 12 наурызда Куба президенті Диас-Канель алғаш рет «диалог» жүріп жатқанын мойындады, бірақ ол да ешқандай түсініктеме бермеді. Болжамдар бойынша, келіссөздер Кастро отбасының тағдырын, еркін сайлауды, саяси тұтқындарды босатуды немесе жай ғана экономикалық либерализацияны қамтуы мүмкін.
Рубионың командасы мен Рауль Кастроның немересі Рауль Гильермо Родригес арасындағы байланыстар ілгерілеушілікке қол жеткізіп, экономикалық және саяси элементтерді қамтитын келісім аяқталуға жақын деген болжам бар.
АҚШ Кубаға қатысты «екіжаққа да тиімді» стратегия ұстанбақ: қазіргі режимді толығымен құлатып, оппозиция орнатудың орнына, Кубадағы үкіметтің біртіндеп ауысуын ілгерілету; және АҚШ мүдделерін қорғай отырып, экономикалық ынтымақтастық арқылы Кубаның экономикалық дағдарысын жеңілдету. Басқаша айтқанда, демократиялық реформаларды күштеп жүргізбей, Кубаның экономикалық дағдарыстан жол табуына көмектесу.
Егер Трамптың жаспары іске асып, Куба жеке капиталға рұқсат берсе, бұл – еркін экономикаға оралды деген сөз. АҚШ қаражатының ағынымен Куба тез өзгеріп, Кастроға дейінгі қалпына қайта келуі: туризм, құмар ойындар, гольф, ром және сигараларға негізделген экономика мен сыбайлас жемқорлыққа толы капиталистік қоғам қайта орнауы мүмкін. Егер бұл өзгеріс орын алса, «бір партиялы жүйемен» және «пролетариат диктатурасымен» жүретін әлемдегі соңғы ел жойылады деген сөз.
Abai.kz