Умай ана мен жатырды шатастырмайық!
Перизат Омарбек атты қарындас Ұмай Ана түсінігіне "жатыр" деп моңғол тілінен тәржіме беріп, төрелігін айтыпты:
Қазақ жатырға табынбаған деп...
Бұл, біздің ұлттық намысқа қатысы бар мәселе болғандықтан, осыған өз ойымды айтуды жөн көрдім:
Ең алдымен, Перизаттың бұл ойы - шолақ ой:
- Қазақта әрбір тіршілік атаулының Иесі мен Киесі бар деп саналады. Қойда - Шопан Ата, Жылқыда - Қамбар Ата, Түйеде - Ойсыл Қара, Сиырда - Зеңгі Баба, Ешкі - Сексек Ата және т.т.
Ал, Ұмай Ана - адамзаттың АНАЛЫҚ БАСТАУЫНЫҢ Иесі мен Киесі.
Ұмай Ана - бала тууға жаратылған қатардағы қатын емес.
Ол - "Аналарды", "Ана болуды" қорғайтын Құдырет.
Ұмай Ана, сондықтан, "Тіршілік бастауы" деп қабылданады.
Кейбір білместердің санасы Ұмай Ананы кәдуілгі әйел сияқты "еркектің жыныстық объектісі", яғни, "қатын" деңгейінде ғана көруге қабілетті...
Құдай сана бермеген соң - осылай да...
Бірақ, "Ұмай Ананың Киесі ұрады-ау" деп қорыққан жөн болады...
Перизат қарындас, иә, қазіргі қазақтың тарихи санасы дінге байланысты екіге бөлініп тұр:
Бірі - өз тарихын ислам дінімен байланыстырады да, тарихының тамырын осы дін пайда болған кезге тірейді. Өзін "мұсылманмын" деп, тарихты қайырып қояды.
Ол бойынша, қазақ халқы да сол кезде пайда болған боп шығады...
Өте қолайлы позиция - бас қатырудың қажеті жоқ.
Екінші позиция - өз тарихын тым тереңнен іздейтіндер.
Олар өздеріне:
"Осы даламызда Исламға дейінгі мың-мың жылдарда кімдер тұрды?
Олардың мәдениеті, Тілі, Дүниетанымы, Діни сенімі, Салт-дәстүрі қандай болып еді?
Қазіргі дәстүрімізге ұқсас па?" және т.т. сұрақтарды қояды...
Сөйткенде, олардың алдынан осы далада исламға дейін де мың-мың жылдар өмір сүрген САҚ, ҒҰН, ОҒЫЗ, ҚАРЛЫҚ және т.б. халықтар болғанын біледі.
(Бір қызығы, оны оған өзі ғана емес, өзгелер: қытайлар, еуропа саяхатшылары, парсы деректері, тіптен, араб деректері дәлелдеп айтып отырады).
Содан келіп, тарихының тым терең екенін ұққан көзі мен санасы ашық қазақтар - өзінің исламға дейінгі дүниесін де түгендей бастайды...
Сонда ғана,
олар бүгінгі Қазақ халқының тарихы тым тереңнен, тым көнеден қалыптасқан Ежелгі Ел екенін біліп, мақтанышқа бөленеді.
Олар сол замандардан қалған Тәңірді және Ұмайды жатырқамайды:
- Оны өз тарихының қадірлі бір дәуірі деп санайды...
Тарихын қастерлейді.
Ал, исламмен санасы уланғандар - өзінің бұл терең тарихына, яғни, өз халқының "жеке тарихына" жек көрінішпен қарай бастайды...
Сөйтіп, дінге осылай берілген адам ӨЗ ХАЛҚЫНЫҢ БОЛМЫСЫНАН ЖАТТАНА БАСТАЙДЫ...
Оны жиіркенішпен қабылдайтын бейшара күйге түседі...
(Ә.Кекілбаев пен Ш.Айтматовтың "мәңгүрт" ұғымының мәні де осы!).
Міне, мәселе төркіні осы, құрметті қарындасым...
Әбдірашит Бәкірұлы, философ
Abai.kz