Еуропа мен Қазақстан бір-бірінен не үйрене алады?
Жақында Словакияның «Slovenské pohľady» («Словак көзқарасы») атты беделді мәдени журналында менің сұхбатым жарық көрді. Осыған орай, журнал редакциясына шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл — мен үшін үлкен құрмет әрі шығармашылығыма көрсетілген жоғары бағалау деп білемін. Осындай мүмкіндік ұсынып, еңбегімді кең аудиторияға таныстыруға үлес қосқандарыңыз үшін алғысым шексіз.
Сонымен қатар, сұхбаттың қазақша нұсқасын Facebook желісіндегі оқырмандарыма да ұсынамын. Оқып, пікір білдіремін деушілеріңізге әрдайым қуаныштымын.
1. Орталық Еуропада Орталық Азияның философиясы мен мәдениеті туралы әзірге онша көп біле бермейді. Ал Қазақстанда Орталық Еуропаның мәдениеті мен философиясы туралы не белгілі?
Орталық Еуропа мен Орталық Азия «орталық» деп аталғанымен, ұзақ уақыт Батыс пен Шығыстың шет аймақтары ретінде қарастырылды. Бүгінде Қазақстан өзін сыртқы ықпалдың нысаны емес, дербес мәдени субъект ретінде танып, еуропалық ойға қызығушылықты тек қабылдау ретінде емес, екі «орталықтың» тең сұхбаты ретінде түсіндіреді.
Қазақстанның академиялық және гуманитарлық ортасында Орталық Еуропа ойының басты өкілдері жақсы таныс. Мәселен Э.Гуссерльдің феноменологиясы, К.Ясперстің экзистенциализмі,Г.Гадамердің герменевтикасы, М.Шелердің философиялық антропологиясы, сондай-ақ Вена үйірмесінің логикалық позитивизмінің мол мұрасы дәріптеліп қана қоймай терең талданады. Қазақстанда чех гуманисі Ян Амос Коменскийдің мұрасына құрмет жоғары. Ол тәрбиені жай педагогика емес, рухани қалыптастыру деп түсінді. Білімнің күшіне, ақыл мен жүрек үйлесіміне, «білім үшін» емес, «адамшылық үшін» оқытуға деген көзқарасы Абай Құнанбайұлының ойларымен таңғаларлықтай үндеседі.Екеуі де өз дәуірі мен тілінде адамды дағды ұйқысынан оятып, надандықтан ішкі кемелденуге жетелеуге ұмтылды. Бүгінде олардың есімдері университеттерде аталып, аудармалар мен ғылыми еңбектерде зерттеліп келеді.
Қазақстанның мәдени кеңістігінде Орталық Еуропа модернизмі мен постмодернизмінің ықпалы байқалады. МәселенФ. Кафканың тұйық үрейі, М. Кундераның ащы ирониясы, Вацлав Гавелдің абсурдқа қарсы азаматтық батылдығы оқырмандарға таныс. Алайда бұл таныстық көбіне сырттай деңгейде өйткені аталған авторлардың мәтіндері белгілі болғанымен, олармен терең метафизикалық сұхбат әлі қалыптасқан жоқ.
2. Бізді (Орталық Европа мен Қазақстанды) не ортақтастырады?
Ең әуелі — «шекаралық» болмысқа тән ортақ тәжірибе. Империялар мен үстем мәдениеттердің, Шығыс пен Батыстың, өткен мен әлі айқындалмаған болашақтың арасында өмір сүру. Бұл тек кеңістіктегі орны емес, өзіңді де, әлемді де қайта пайымдауға дайын, сергек әрі өзгермелі күй.
Словакия мен Қазақстан «орталық» болудың мәнін жақсы түсінеді. Екі елді де тарихтың қалың ағысында жоғалмай, өз үнін табуға деген ұмтылыс жақындастырады.
Еркіндік ұғымын түсінуде де ұқсастық бар. Орталық Еуропада ол тоталитаризмге қарсы тұрып, идеологиялық қысымға қарамастан адамдық қадірді сақтаудан көрінді. Қазақстанда — империялық мұрадан арылып, өзін-өзі айқындау, өз тілін және өмір сүру үлгісін орнықтыру арқылы байқалады. Бұл — қарсылық та, қашу да емес, өз болмысыңды берік сақтау.
Бізді империялар мен үстем жүйелер күйрегеннен кейінгі мән іздеу де біріктіреді. Қазақстанда бұл үдеріс ұлттық тұтастықты қайта пайымдау, ұмыт бола бастаған тарихты жаңғырту және болашаққа сеніммен қадам басу арқылы көрінеді.
Осындай өтпелі, әлі толық аяқталмаған күйде мәдениеттердің шынайы жақындығы айқындалады: Словакияда да, Қазақстанда да өзін дара қоюдан гөрі, өзгелермен қатар өз болмысын сақтауға ұмтылыс басым.
3. Қазақ өнері мен ұлттық философиясын түсіну үшін қандай құндылықтар мен ұғымдар маңызды?
Қазақ философиясы мен мәдениеті қатаң идеялардың жиынтығы емес, ең әуелі ол өмір сүру мен өмірді сезінудің тәсілі, ішкі және сыртқы әлемді тұтас қабылдау өнері.Негізгі өзек — этика. Абайдың «адам бол» қағидасы адамды ақыл, жүрек және ерік бірлігінде жетілуге шақырады. Білім мен ізгілікті ұштастыру — тұлға қалыптасуының шарты. Мұнда еркіндік жауапкершілікпен ажырамас байланыста.
Қазақ дүниетанымы еркіндік пен қадір-қасиетке негізделген. Өмір кеңістік ретінде — сыртқы да, ішкі де еркіндік алаңы. Қазақтың аксиологиясы көбіне материалдық байлықтан гөрі ар-намыс, абырой, ар-ұждан жоғары бағалайды. Адамды айқындайтын — оның мал-мүлкі емес, ішкі «ақиқаты», арының тазалығы. Осыдан «қанағат» ұғымы туындайды: азға разылық, өмірді ризашылықпен қабылдау, «болу» мен «ие болудың» ара жігін айыру.Сонымен қатар көшпелі мәдениет ортақтық сезімін қалыптастырды: ру, қауым, ел мүддесі жеке бастан жоғары тұрды. Бұл даралықты жоққа шығару емес, керісінше адамның басқалармен байланыста ғана толық ашылып дамитынын мойындау. Қазақ философиялық ойы аңыз, эпос және ауызша дәстүрден бастау алады. Көшпелі өмірде тіл, жыр мен нақыл ұрпақтан ұрпаққа берілетін негізгі рухани мұраға айналды. Осы негізде қазақ дүниетанымы қалыптасты.
Қазақ философиясы — тұтастық, тепе-теңдік және адамшылыққа құрылған ілім. Ол рух пен тәнді, білім мен сезімді бөлмейді. Оның түпкі мақсаты — адамның өзімен, өзгемен және шексіз дала кеңістігімен үйлесімге жетуді көздеу.
4. Қазақстанның басты философы — Абай. Оны Шығыс ойшылы деуге бола ма, әлде Батысқа жақын ба?
Қазақтың көрнекті қаламгері Мұхтар Әуезов атап өткендей, Абай феномені үш рухани бастаудың тоғысуынан туады: шығыс, батыс және қазақ дәстүрі. Оның ойында шығыстың терең этикасы мен пайымшылдығы, батыстың рефлексиясы мен рационалдығы және қазақ даласына тән поэтикалық рух астасып жатыр.Абай осы мұраларды біріктіріп, тұтас рухани жүйеге айналдырды. Оның дүниетанымы исламдық моральды еуропалық гуманизммен, халықтық поэзияны философиялық оймен, сенімді ақылмен ұштастырады. Сондықтан оны бір ғана мәдени кеңістікпен шектеу мүмкін емес. Ол Шығыс пен Батысты қарсы қоймай, оларды адам туралы ортақ ақиқаттың екі қыры ретінде танытатын әмбебап ойшыл.
5. Жаһандану дәуірінде ұлттық мәдениетті оқшауланбай қалай сақтауға болады?
Мәдениет диалогта өмір сүреді. Ол өзіне сұрақ қоя алған кезде ғана дамиды, ал тұйықталса — әлсірейді. Сондықтан ұлттық мәдениетті сақтау — оны жасыру емес, заманауи жағдайда қайта пайымдау. Оқшаулану кез келген халыққа зиян, ал мәдениет үшін тіпті қауіпті.Тоқырау оны әлсіретеді.Дәстүрдің күші өзгермеуде емес, қозғалыста өз өзегін сақтай білуде.
Жаһандану — бұл тек технологиялар мен ақпарат ағыны емес, мәдениеттердің тоғысатын кеңістігі. Осындай ортада әр мәдениет өзінің өміршеңдігін дәлелдейді. Өміршең мәдениет жоғалмайды, керісінше аталған «диалогқа» түсіп өз құнын сақтайды. Осыны немістің атақты ақыны Гёльдерлиннің «Қауіп бар жерде, құтқарушы күш те өседі» деген сөзі дәл бейнелейді.
Алайда бұл «құтқарушы күш» дәстүрді механикалық қайталаудан да, жаңаны толық жоққа шығарудан да туындамайды. Өткенмен ғана шектелген мәдениет маңызынан айырылады. Көрнекті қаламгер Юрий Домбровский айтқандай, ол «қажетсіз нәрселер факультетіне» айналады. Сондықтан мәдениеттің мәнін бүгінгі күнмен байланыстыра қайта ашу қажет.
Мәдениет — ағаш тәрізді: тамыры дәстүрде, ал ұшар басы болашаққа ұмтылады. Тамыры берік болғанда ғана ол өзгеріс желіне төтеп беріп, өсіп-өркендей алады. Демек, негізгі міндет — оқшаулану емес, өзіңді және өзгені түсіністік арқылы айыра білу.Яғни, Гамлет айтқандай, «заманалардың байланысын қалпына келтіру» қажет сонда дәстүр өткен мен болашақты жалғайтын берік көпірге айналмақ.
6. Қазақ мәдениеті гуманистік пе?
Иә, қазақ мәдениетінің өзегі — гуманизм. Бірақ бұл теориялық қағида емес, өмір тәжірибесінен туған көзқарас. Дала дүниетанымында адам табиғаттан бөлінбейді, ол — тұтас тіршіліктің бір бөлігі. Сондықтан адамшылық, ар-намыс, жанашырлық пен өзара құрмет ең жоғары өлшемге айналады.
7. Еуропа мен Қазақстан бір-бірінен не үйрене алады?
Еуропа технократиялық қарқын мен шектен тыс рационализмнің салдарын сезінген кезеңде, Қазақстаннан әлемді тұтас қабылдауды яки адамды табиғаттың үстем иесі емес, оның ажырамас бөлігі ретінде тану мәнін үйрене алады. Өйткені көшпелі дүниетаным өмірді үздіксіз бәсеке емес, табиғи тепе-теңдікпен үйлескен тіршілік ретінде ұғындырады.Қазақстан, өз тарапынан, Еуропадан сыни ойлау дәстүрін, құқыққа құрметті және жеке жауапкершілік мәдениетін терең меңгере алады. Еуропалық тәжірибе мәдениеттің өміршеңдігі оның өзгерістерге ашықтығында және өзара диалог құру арқылы жаңара алуында екенін дәлелдеді. Маңыздысы мәдениет өз ерекшелігін дәлелдеуде емес, ашық әрі тең сұхбатта өмір сүреді. Дәл осындай кеңістікте ғана ол өзін жоғалтпай, дамуға қабілетті болады.
8. Қазақ әдебиетінен еуропалық оқырманға не ұсынуға болады?
Қазақстанда ұлттық шеңберден асып, әмбебап адамдық тәжірибені бейнелей алатын қаламгерлер аз емес. Олардың шығармашылығы — тек белгілі бір мәдениеттің көрінісі емес, болмыс, мән, еркіндік пен сұлулық туралы ортақ сұрақтарға жауап іздеу.
Бұл тұрғыда ең алдымен Абай Құнанбайұлының мұрасына жүгіну орынды. Оның «Қара сөздері» — халықтық даналық пен жеке рухани рефлексияның тоғысқан тұсы, адам болмысының ішкі құрылымын зерделейтін терең философиялық мәтін.
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы да ерекше мәнге ие. Бұл шығармада жеке тұлғаның қалыптасуы тарихи кеңістікпен сабақтасып, адам мен қоғам арасындағы күрделі байланыстар кең ауқымда ашылады.
Әбіш Кекілбаевтың прозасы уақыт пен жадының, тарихи сананың философиялық табиғатын зерттейді. Оның «Шыңырау» туындысы — адам тағдыры мен терең ішкі күйзелістердің символдық бейнесі. Ал Оралхан Бөкей шығармаларында поэтикалық сезім мен экзистенциалдық жалғыздық ерекше үйлесім табады, оның прозасы — нәзік әрі қасіретті сұлулықтың көрінісі.
Асқар Сүлейменовтің мәтіндері де айрықша: мұнда сөз тек баяндау құралы емес, ойлаудың, танымның тікелей формасына айналады. Оның прозасы оқырманды дайын мағынамен емес, ойлау үдерісінің өзімен бетпе-бет қалдырады.
Сонымен бірге, басты мәселе — аудармада. Қазақ тілінің ішкі ырғағы, интонациялық тереңдігі мен мағыналық қабаттары басқа тілде толық ашыла бермейді. Сондықтан түпнұсқада бұл шығармалар әлдеқайда күрделі әрі көпқырлы естіледі.
Дінмұхамед Байжұма, философ
Abai.kz