Бейсенбі, 2 Сәуір 2026
Жаңалықтар 152 0 пікір 2 Сәуір, 2026 сағат 15:23

Қазақстан мен Перу жаңа шартқа қол қойды

Сурет: inbusines.kz сайтынан алынды

Шартты іске асыруға Қазақстан атынан Бас прокуратура жауапты. Сенаттың жалпы отырысында Қазақстан мен Перу арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шарт ратификациялады.

Құжатты сенатор Жанна Асанова таныстырды.

"Шартқа 2024 жылғы 23 қазанда Астана қаласында қол қойылды. Заңның негізгі мақсаты – бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды олардың әлеуметтік реинтеграциясына жәрдемдесу мақсатында өздерінің азаматтығы бойынша тиесілі мемлекетте жазасын одан әрі өтеу үшін беруге құқықтық негіз құру. Шартқа сәйкес Тараптар белгіленген жазаны екінші Тараптың аумағында өтеу үшін сотталған адамдарды беру саласында ынтымақтастықты жүзеге асыруға міндеттенеді. Сондай-ақ, сотталғандарды беру үшін талаптар, беруден бас тарту негіздері айқындалған", – деді депутат.

Сотталған адам келесі шарттар сақталған жағдайда берілуі мүмкін:

  • егер ол қабылдаушы тараптың азаматы болса;
  • үкім түпкілікті болып, орындалуға жататын болса;
  • беру туралы сұрау салуды алған кезде қалған жаза мерзімі кемінде алты айды құрауы тиіс;
  • сотталған адам ауыстыру туралы өтінішхатпен жүгінген кезде;
  • әрекет немесе әрекетсіздік екі тараптың да ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыс болып саналса;
  • екі Тарап та сотталған адамды беруге келісуі қажет;
  • төлем қабілетсіздігін растайтын жағдайларды қоспағанда, сотталған адам айыппұл төлесе немесе залалды өтесе.

Шартта сотталған адамды беруден бас тартудың негіздері нақты айқындалады. Егер беруші тарап егемендікке, қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке залал келтіруі мүмкін немесе оның ұлттық заңнамасына қайшы келеді деп санаса беруден бас тартылуы мүмкін.

Шартты іске асыруға жауапты болып Қазақстан атынан Бас прокуратура, ал Перу тарапынан Мемлекеттік прокурордың офисі айқындалды.

Abai.kz

0 пікір