Бейсенбі, 2 Сәуір 2026
161 0 пікір 2 Сәуір, 2026 сағат 19:00

Алматыда Таңбалы мұрасы жаңа қырынан таныстырылып жатыр

Сурет: шара ұйымдастырушыларынан алынды.

Алматыдағы Қастеев музейінде Таңбалы петроглифтеріне арналған ерекше көрме ашылды. «Таңбалы: Бабалар коды» деп аталған халықаралық жоба көне мұраны заманауи форматта көрсетуді мақсат етеді. Көрме Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.

Бұл жолы көрерменге тек тарихи жәдігер емес, сол мұраның ішкі мағынасы мен рухани мазмұны ұсынылған. Экспозицияда ежелгі жартас суреттері «бабалар коды» ретінде берілген. Яғни, петроглифтер арқылы ата-бабалардың дүниетанымы, мифологиялық түсінігі, табиғат пен ғарыш туралы көзқарасы көрініс табады.

Көрме «Таңбалы» музей-қорығы мен фотосуретші Владислав Кимнің бірлескен жобасы. Автор көне таңбаларды жай ғана фото ретінде көрсетумен шектелмей, оларды заманауи көркем тілге бейімдеген. Соның нәтижесінде көрмеде фотокартиналар, арт-объектілер және цифрлық форматтағы жұмыстар ұсынылып отыр.

Жобаның басты ерекшелігі – аутенттілікке басымдық берілуі. Яғни, жұмыстар заманауи тәсілмен ұсынылғанымен, негізгі назар петроглифтердің түпнұсқалық сипатын сақтауға аударылған. Көрмеде жасанды интеллект қолданылған мультимедиялық шешімдер де бар. Бұл келушілерге киелі кеңістіктің атмосферасын өзгеше қабылдауға мүмкіндік береді.

Таңбалы – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген, әлемдік маңызы бар жартас өнері ескерткіші. Осы аумақта шамамен 5000-ға жуық петроглиф сақталған. Солардың ішінен ұзақ еңбектің нәтижесінде 50 жұмыс дайындалған. Ал қазіргі көрмеге соның 13-і ғана қойылып отыр.

Экспозицияда «күнбасты» бейнелер, ғұрыптық көріністер, сондай-ақ жол, қозғалыс пен жаңару мағынасын беретін символикалық композициялар бар. Автордың айтуынша, әр туындының өз тарихы бар және олардың әрқайсысы көне дәуірдің ерекше белгісін жеткізеді.

Көрменің ашылуына ЮНЕСКО-ның Алматыдағы аймақтық өкілдері, шетелдік жартас өнерін зерттеушілер, Бүкіләлемдік мұра нысандарының басшылары, сондай-ақ қазақстандық археологтар, тарихшылар, этнологтар, мәдениеттанушылар мен музей мамандары қатысты.

Жоба аясында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция да өтеді. Онда жартас өнерін таныстыру мен насихаттаудың заманауи тәсілдері талқыланады. Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай бастамалар Таңбалы музей-қорығын халықаралық деңгейде жартас өнерін зерттеу және таныту орталығы ретінде нығайта түседі.

Айта кетейік, «Таңбалы: Бабалар коды» көрмесі Қастеев музейінде 24 сәуірге дейін жалғасады.

Abai.kz

0 пікір