Дүйсенбі, 6 Сәуір 2026
Ақмылтық 299 0 пікір 6 Сәуір, 2026 сағат 12:16

Қазақстанның алдында қандай сын-қатер бар?

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Ел арасында жүргенде, соңғы уақытта қоғам ішінде түрлі әңгімелер мен болжамдар жиі айтылып жүр.

Әсіресе Ресей мен Қазақстан арасындағы қазіргі геосаяси жағдайға байланысты халықтың жаппай көші-қоны туралы пікірлер қызу талқылануда. Кейбір деректерде, Ресейдің Сібір, Поволжье және Орал өңірлерінен алдағы уақытта Қазақстанға орасан көп тұрғындардың қоныс аударуы мүмкін деген болжам айтылып жатыр. Әрине, бұл қазіргі Ресей экономикасының тығырыққа тіреліп, халық тұрмысының күйзелісті жағдайға жетуі, күн көрістің құлдырап, күнделікті дастарханға нан табудын қиыншылыққа түсуі, осындай жағдайға жеткізуде. Тағы бір айтарымыз, неге Ресей Қазақстанмен шекаралас облыстарының малын ауру табылды деп өтірік қырып тастады. Тұрғындарын аш қалдырып біздің елге қоныс аударту емеспе. Ал енді, мұндай сценарий орын алса, Қазақстан қандай шешімдер қабылдауы тиіс?

Бұл проблема, тек көші-қон немесе демография тақырыбы ғана емес, ол ұлттық қауіпсіздік, экономика және әлеуметтік тұрақтылықпен тікелей байланысты күрделі сұрақ.

Қауесет қайдан шықты 

Әлемдік деңгейдегі саяси және экономикалық тұрақсыздық әрдайым көші-қон процестерін күшейтеді. Ресейге қатысты санкциялар, экономикалық қысым, әскери әрекеттердің ұзаққа созылуы – мұның бәрі халықтың тұрмыс деңгейіне әсер ететіні анық. Осындай жағдайда азаматтардың басқа елдерге көшуге ұмтылуы табиғи құбылыс.

2022 жылдан бері Ресей азаматтарының Қазақстанға уақытша келуі айтарлықтай артқаны белгілі. Осы құбылыс негізінен мобилизациядан қашу, бизнесін көшіру немесе уақытша тұрақ табу мақсатында болды. Оны өздіріңіз көріпте жүрсіздер.

Сондықтан қазіргі «көп адамдар келеді» деген пікір көбіне нақты статистикаға емес, болжам мен қауесетке негізделген деуге болады. Мұндай өзгеріс қысқа мерзімде орын алуы үшін бірнеше шарт қажет:

– Ресейде өте ауыр гуманитарлық және экономикалық дағдарыс орын алуы;

– Қазақстанның шекарасында көші-қонға еш шектеу қойылмауы;

Дегенмен, қазіргі жағдайда бұл факторлардың бір мезгілде сәйкес келуі екіталай. Қазақстанның көші-қон саясаты да реттелген, ал еңбек нарығы шектеулі.

Егер көші-қон шынымен күрт өссе, оның әсері әртүрлі болуы мүмкін:

Мысалы, тұрғын үй бағасы қымбаттайды, әлеуметтік инфрақұрылымға (мектеп, аурухана) қысым артады, жұмыссыздық деңгейі өсуі мүмкін, тіл және мәдениет жағдайы ушығуы ықтимал.

Әсіресе, Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарында демографиялық баланс проблемасы әрдайым сезімтал тақырып болып келген.

Қазақстанда орыс тілі кеңінен қолданылатыны белгілі. Осы тіл жағдайы елімізді үнемі Ресейге тәуелділік жағдайда ұстайды. Шынын айтқанда, тәуелсіздігімізге тұсау болып тұрған осы тіл проблемасы. Осы фактор көрші ел азаматтары үшін бейімделуді жеңілдетуі мүмкін. Сонымен қатар, бұл ұзақ мерзімді перспективада мемлекеттік тілдің дамуына кері әсер етуі мүмкін деген алаңдаушылық тұғызуда. Сондықтан көші-қон саясаты тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, мәдени және тілдік аспектілерді де ескеруі тиіс.

Қоғамда көтеріліп жатқан кейбір сұрақтардың бірі – екі ел арасындағы жолаушы тасымалын уақытша тоқтату мүмкіндігі.

Теориялық тұрғыдан алғанда, кез келген мемлекет өз шекарасын бақылауға және қажет жағдайда шектеу қоюға құқылы. Бұл халықаралық тәжірибеде бар: пандемия кезінде көптеген елдер шекарасын жапты, қауіпсіздік мақсатында визалық режимдер енгізілді, көші-қон ағындарын реттеу үшін квоталар қолданылды.

Алайда, Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас ерекше. Екі ел Еуразиялық экономикалық одаққа мүше, шекарасы әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекаралардың бірі, тарихи, экономикалық және мәдени байланыстары тығыз.

Сондықтан жолаушы тасымалын толық тоқтату – тек төтенше жағдайда ғана қарастырылатын қадам.

Толық шектеу қоюдың орнына, Қазақстан үшін неғұрлым тиімді жолдар бар: айтар болсақ, арнайы квоталар енгізу, уақытша тіркеу жүйесін күшейту, шетелдік жұмысшыларға рұқсат беру талаптарын нақтылау, келушілерді халық тығыз орналасқан өңірлерге жолатпау, тіл үйрету, заңдарды түсіндіру, әлеуметтік бейімдеу шараларын ұйымдастыру.

Қазақстанға Ресейден жаппай көші-қон болады деген пікір толықтай негізсіз деуге болмайды, дегенмен оның көлемі мен ауқымы әсіреленіп айтылып жатыр. Алайда, көші-қон проблемасы стратегиялық тұрғыдан маңызды.

Жолаушы тасымалын толық тоқтату – тым радикалды шара. Оның орнына ақылды реттеу, тиімді басқару және ашық ақпарат саясаты әлдеқайда нәтижелі болмақ.

Ең негізгісі, түсіністік пен салқынқандылық болуы қажет. Себебі кез келген мемлекет үшін тұрақтылық – ең үлкен құндылық.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір