Тіл тағдыры-ұлт тағдыры
Ұлтымыздың бай да шұрайлы тіл мәдениетіне құрмет ету, күнделікті өмірде қолдану, оған мұрагерлік ету ұлт мүшелерінің бұлтарытпас борышы. Өйткені Қазақ тілі Қазақстан республикасының мемлекеттік тілі, түркі тілдеріне жататын, 16 миллионнан астам адам сөйлейтін, 600 мыңнан астам сөздік қоры, 200 ден астам сөз тудырушы жалғау-жұрнағы бар әлемдегі ірі қырық тілдің бірі болып саналады.
Тіл халықтық қазына, ол адамдардың тұрмысы мен қызметі барысында маңызды рөл атқарады. Тіл мәндік қасиеті жағынан алғанда ерекше қоғамдық құбылыс, ал атқаратын қызметі жағынан адамзаттың ең маңызды қарым-қатынас құралы, әрі тіл-ойды бейнелеудің құралы. Адам өз өмірінде таныған, түсінген, сезінген, білген, көрген нәрселерін тіл арқылы жеткізеді.
Қазіргі жаһандану барысында байлық бір елдің экономикасының күш қуатының символы болса, тіл-бір ұлттың рухани күш-қуатының символы, әрі ұлт рухының жанды бейнесі. Ұлт тарихының жарқын айнасы. Тіл тұғырының биікке көтерілгені халық мәртебесінің жоғарлағанының белгісі.
Адамзаттың тіл үрдісі тарихы және ғылыми сипаттамаларымен ғана өз бояуын әйгілейді, әрбір ұғымның адам санасына қалыптасып, белгілі бір атаумен бейнеленуі тіл ғылымының этимология саласына саяды. Осы тұрғыдан қарағанда әрбір атаудың өз шежіресі болумен бірге, оның мағыналық айналымы, жасалу жолдары, тарихы болады. мағыналық айғақтың ұлғайюы , тараюы немесе өзгеруі сол ұлттың тіршілік тынысы мен байланысты, әрі өте баяу араға ғасырлар салуы мүмкін. Сондықтан тілдің пайда болу, даму, көркейіп-гүлденуі, қатардан қалуы, жойылуы сынды өз айналу орбитасы бар ғылым.
Қазақ тілі даму тарихына қарай төмендегі дәуірлерді бастан өткерген.
1.Алтай дәуірі бұл тіл тарихының ерте заманғы бөлімі болып түркі тілдер, мұғыл және тоңыс, иәнжу тілдер тобы.
2.Һұн(ғұн)дәуірі бұл 3-ғасырдан 5-ғасырға дейінгі аралық.
3.Көне түркі дәуірі 5-ғасырдан 10-ғасырға дейінгі аралық.
4.орта ғасыр дәуірі 10-ғасырдан 15-ғасырға дейінгі дәуір. Бұл дәуір өз ішінен қара ханилер дәуірі 10-ғасырдан 12-ғасырға дейін. Моңғұл дәуірі 12-ғасырдан 15-ғасырға дейін болып екі топқа бөлінеді.
5.Қазақ хандығы дәуірі 1456-жылдан 19-ғасырдың ортасына дейін.
6.Қазақ хандығынан кейінгі дәуір 19-ғасырдың ортасынан 20-ғасырдың 30-жылдарына дейін.
7.Қазіргі қазақ тілі 30-жылдардан кейін қолданылған тіл.
8.1991-жылы еліміз тәуелсіздік жариялап қазақ тілі қазақстанның мемлекет тілі болып әлемдегі алпауыт елдердің санатына еніп халықараға танылуы.
Ғасырлар қойнауынан тіліміздің бізге анық та таза жүйелі жеткендігін сөз асылы мақал-мәтелдермен дәлелдеп, «тіл қаруы – сөз», «Сөз қаруы-ой», «Тілден артық қазына жоқ, Тілден артық қасиет жоқ», «Анам берген туған тілім, атам берген құрал тілім», «Ана сүті бой өсіреді, ана тілі ой өсіреді. Тіл тас жарады, тіс жармаса бас жарады. Қызыл тілде буын жоқ, шешеннің тілі шебердің бізі ортақ. Піл көтермегенді тіл көтереді. Ат жүйрігі асқа, тіл жүйрігі басқа. Туған ел-тұғырым, туған тіл-қызырым. Бас кеспек болсада, тіл кеспек жоқ. Тілсіз жерде тіршілік жоқ. Тіл-достықтың алтын көпірі. Адам тілден жазады,көңілден азады. Тіл-тіршіліктің тірегі.
Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл. Тілде тиек жоқ, ауызда жиек жоқ. Тіл-тіліп түсер нар кескен. Сөз өткір жебе тау тескен. Тілсіз халық өлген балық, өткір тіл-дарын, ұзын тіл-жауың. Тіл-көңілдің кілті. Біз жоғарыдағы нақыл сөздерден анамыздың ақ сүтінен дарыған ана тіліміздің асыл қасиеттерін ардақтап, ұлт аралық қатынас құралына айналдыруға күш салып тіліміздің мәртебесін жоғарылатайық!
Тіл туы жығылмаса, ұлт туы да жығылмайды. Дүниедегі ең озық ұлт салтанат құрса, сол ұлттың тілі қастерленіп жалпы жұрт үйренетін тілге айналары хақ. Керісінше ұлт кенжелеп, тоқыраса, сол ұлттың тілі шегіншектеп тоқырайды. Сондықтан бір ұлттың көркейіп гүлденуі сол ұлттың тілінің көркеюіне, дамуына қатысты дейміз. Өйткені, тілі жоғалған елдің өзі де жоғалады. Әрқайсы ұлт тілдерінің өзіндік ерекшеліктері мен артықшылықтары бар, тіл ерекшелігіне құрмет ету әсте тар өрістілікпен өзге ұлт тілдерін шетке қағу деген мәнді білдірмейді. Қайта өз ана тілін игеру арқылы ұлт пен ұлт арасында тіл жағындағы кедергіні жеңілдетіп ана тілдің құдіретін әйгілеу, өзге тілдерді еліміздің дамуы жолында дамыған елдермен тәжірибе алмастыру мақсатында үйреніп қажетке жаратуымыз керек. Бүгінгі таңда өзге ұлттар қазақ ұлтының ана тілі, дінни, салт-санасы, ата дәстүрі әдет-ғұрпы дамыған елге айналды деп тамсана қарайды. Ал осындай елде жасаған біз өзге тілде сөйлеуге бейімбіз. Себебі, сана сезімнің оянуы, ұлттық көзқарастың әлсіздігі.
Мен көше көлігінде келе жатып 60 жастан асқан егде әйелдің екі бірдей немересімен (5-6 жастар шамасында) өзге тілде тіл табысып келе жатқанына куә болдым.
- Балаларыңызға неге өз тіліңізде сөйлемейсіз?-дедім.
- Ол, әке-шешесі қазақ тілін білмейді. Сондықтан ана тілі осылай шыққан деп жауап берді.
Міне бұл ананың ана тілге деген жауапкершілігін мүлде ұмытқандығын көрсетеді.
Тіл өте күрделі ,сан саналы құбылыс. оның сипатын мына жақтардан көруге бодады:
Тіл адамзат қоғамының ең басты қатынас құралы. Адамдар түсінісіп, қоғамдық өндірістік қимылмен шұғылдану үшін бір-бірімен байланыс жасап, ой-пікір ауыстырып, тіл табысады. Тіл адамзат қоғамымен бірге туып бірге жасайтын қоғамдық құбылыс. Тіл пайда болғаннан бастап бүкіл қоғам мүшелерінің табына, орнына қарамай, барлығына бірдей қызмет етеді. Өйткені ол таптық қоғам пайда болудан бұрын пайда болған, бір тутас жүйе болып адамзат мәдениетінің қарым қатынас құралы болған. Ол фонетика, грамматика, лексика, стилистика салалары бойынша зеріттеледі.
Фонетика-тілдегі дыбыстарды және олардың жасалу, жүйеленуін дыбыс заңдылығын қарастыратын тіл ғылымының бір ілімі ұғымында қолданады.Фонетиканың түйінді зерттейтін обектісі-дыбыс. Алайда дыбыс деген сөздің беретін ұғымы кең. Фонетиканың зерттейтін дыбыстары физикалық құбылысқа саятын өзеннің гүрілі, машинаның дүрілі, судың сыңғыры, тудың сыбдыры, т б. емес. Қайта адамның дыбыстау мүшелерінің қызметі арқылы шығатын бір біріне саялық жағынан парықты мәнге ие тіл дыбыстары болып табылады.
Грамматика-сөздердің өзгеруі және сөздердің сөйлемде тіркесуі туралы ережелер жинағы-болу сипаты мен сөздің құрылымы сөздерді сол ереже бойынша жүйеге салуға міндетті.
Лексика - барлық сөздердің жинағы деген ұғымды білдіреді. Тілдегі сөз байлығын айқындайтын тіл ғылымының саласы. Оның зеріттеу обектісі – сөз.
Стилистика – сөздердің жұмсалым жағындағы мәселені зеріттеп, зерделейді. Яғни тіл ғылымының тілдік тәсілдер жүйесін зерттеу саласы.
Қазақ тілі қазақтың меншікті рухани байлығы әрі ұзақ ғасырлар бойынша қалыптасып, дамып, сұрыпталып кемелденген ұлттық даралық қасиеті саналады. Қазақ тілі қазақтың ауызекі тіл негізінде барлыққа келіп, ақын-жырау, ділмәр шешендермен шежірешілер талантты қаламгерлер мен тіл мамандарының мазмұнын байытып, қалыпқа түсіруі мен әрленіп, әдеміленіп, ажарланып, көркейіп, өңделіп, сұрыпталып жүйеге түскен көркем әдебиет шығармаларының тілі негізінде жалпы халықтық тіл болып, шаруашылықтың бар саласын өркендете түсуге себепші күші. Халқымыздың мәдени дәрежесін жоғары өреге көтеретін пәрменді құрал. Жұрытшылықты жаппай отаншылдық рухқа баулитын рухани байлық.
Қазақ тілі - көркемдік түр мен түске бай, бояуы қанық, алуан түрлі стилдік тәсілдерге ие жанды да икемді сұлу тіл өресіне жеткен, ғылыми жүйеге түскен қазақ халқы ортақ пайдаланатын тіл.
Ана тілімізді ардақтау әрбір азаматтың парызы. Ұрпағымыз тілді өз мағынасында сөйлесін десек, өзіміз сөздің түп төркініне зер салып, тілдің қолдану аясын игеруіміз керек.
Ана тілді ұмытқан адам өз халқының өткенінде ұмытып болашағынан қол үзеді.
Ана тіл-ар өлшемі, олай болса тіл шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау деген сөз.
Ана тіл - ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан баға жетпес асыл мұра, демек әр адам ана тілін көзінің қарасындай қорғауға, оның тазалығын сақтауға міндетті. Амал не, ана тілімізді шұбарлап, басқа тілдің сөздерімен араластырып сөйлейтіндерді жиы кезіктіреміз, тіпті ана тілден безіп, өзге тілде сөйлейтін сорақыларды көргенде жаның ашиды. Нағыз адам ана тілін құрметтеген адам. Бұл сенің басқа тілді меңгеруіңе бөгет болмайды, қайта сені адамгершілікке, отаншылдыққа жетелейді. Ана тілінің терең иріміне бойлай білу толымды адам болудың белгісі. Қорытып айтқанда туған жерді, елді, мекенді ,отанды сүю деген сөз. Тіл- ата-бабамыздың бізге қалдырған аманаты. Бүгінгі ұрпақтың мәртебесі, ертеңгі жеткіншектердің кепілі, сондықтан тіліміздің қадір-қасиетін білу , өз тілінде сөйлеу еліміздің тағдырына қатысты ірі іс. Тілді сақтаудың ғылыми әдісі-тілдің иммунитетінің қалыптасуы. Тілді ұрпақтан ұрпаққа жеткізу үшін, отбасылық тәрбиені күшейтіп, ана дүниеге келген сәбиге ана сүтімен өз ана тілінің нәрін беруі керек. Сәби әлемді қай тілмен таныса сол тіл оның асыл қазынасы есептеледі де ана тілімен көкірегі оянып, көңілі көтеріліп, ой өрісі сараланады, себебі сол тілмен алғашқы өмірде нәр беретін асыл сөздерді игереді. Мысалы, ата-апа, әке-шеше, нан, шәй т.б.
Тіл отбасының қарым-қатынас құралы ғана емес, қоғамдық дамудың маңызды сатысы. Тілді технология арқылы сақтауға болады. Халқымыз рухани әлемді байыту, ақпараттық орындары, газет-журнал, радио, телевизор, тораптар мен интерннттерде тілді шұбарламай толық қолданысқа түсіріп, үгіттік рөлдарын сәулелендіріп, ана тілде қалыпқа түсіріп, бүгінгі ұрпаққа тіл арқылы жаңа тарих жасауға орай жарату керек.
Тіл оймен тікелей байланысты болады. Тілді ой мен сана қатынасы жағынан қарағанда ол ойды қалыптастырады, жарыққа шығаратын құрал, әрі цифрлық технология. Себебі адамның ойы қоғамдық өмірдегі адамдарды қоршаған айналадағы заттардың, құбылыстың, істің адам санасындағы көрініс сәулесі. Тіл арқылы ойлайсың, жеткізесің.
Тіл-ұлттық құндылықтың, салт-дәстүрдің, мәдениет, оқу-ағартудың, өнердің, ұлттық танымның, болмыстың сақталатын орны әрі жеткізетін құралы. Біз халқымыздың рухани әлемін байытуда ұлттық әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтуде тіл арқылы бейнелеуден айырыла алмаймыз. Сондықтан киелі тіл өнерімізді ардақтауға өзімізді арнайық ағайын. Бұл біздің бұлтарытпас парызымыз.
Қазір дүниеде қолданыс көріп тұрған 2300 шамасында тіл бар. Осылардың ішінде ағылшын, қытай, орыс, испан, солтүстік үнді, араб, португол, неміс, жапон және франсуз тілдері қолданыс аясында ағалап алда тұрған тілдер есептеледі екен де, қалғандары мемлекет, район, ұлт, тіпті ру, тайпа көлемінде жұмсалым табады. Тілде жаратылыс қасиеті, қоғамдық қасиетте болады. Тілді пайда қылатындар, пайдаланатындар және жалғап тарататындар, дамытатындар-қоғам мүшесі, адамдар болғандықтан, мәлім бір тілдік қоғам дамуының өресіне ілесіп, дамып толып отыруда, жойылып кетуде оның қоғамдық қасиетіне атап айтқанда сол тіл, меншіктенуші халықтың тарихи орны мен рөліне байланысты болады. Сондықтан қазақ тілін шұбарламай дұрыс қолданысқа түсіріп, маңызы мен мақсатын айқындап, қолданысын кеңейтіп, ұлт аралық тілдер қатарына қоюға құлшынайық.
Байболат Қанатбек
Abai.kz