Мәдени және этникалық нигилизм не үшін керек?
Редакция: Жақында Facebook әлеуметтік желісінде белгілі журналист Дархан Әбдіктің авторлығы көрсетілген көлемді жазба жарияланған екен. Жазбаны Алма Ақылбайқызы атты желі қолданушысы жариялаған. Онда Дархан Әбдіктің қазақ тарихына, діні мен қоғамына қатысты пікірлер жазылған. Осыған байланысты жуырда редакциямызға Аманкелді Жұмғалиұлы Садуақасов атты азамат өз пікірін жолдапты.
Abai.kz - еркін пікір алмасу алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір таластыруға Қазақстанның әрбір азаматы құқылы. Мақалада есімдері аталған жекелеген азаматтар редакциямызға пікір білдіруге ниетті болса, олардың да пікірлерін жариялайтын боламыз.
***
Бүгінде еліміздің журналистикасындағы ауыз толтырып айтарлық тұлғалардың бірі - Дархан Әбдік ағамыз. Өзінің өткір де турашыл ойларымен көпшілікке танымал журналист. Десе де, жақсы журналистің де өзі байқамайтын яки білсе де «менікі дұрыс» деген менмендікке берілген кемшіліктері бар.
Атап айтар болсақ:
- Қоғамды діни қаранғылықтың шырмауына батқан тобыр деп санау;
- Өткен тарихты маңсұқтап, өткенге жиіркеніш туындату, тарихи тұлғаларға қатысты ешбір ғылыми дәлелсіз сынаржақ пікір айту;
- Дінді қоғамды артқа тартушы күш ретінде сипаттап, ғылым мен білімге қарсы қою;
- Өзін ғана өркениетті қоғамның өкілі санап, әсіре либерализмді дәріптеу.

Сурет: Әлеуметтік желі скрині.
Жақында Facebook әлеуметтік желіcінде Дархан Әбдік ағамыздың Алтын Орда қоғамы, Шыңғысханның тарихтағы рөлі мен бағасы, қазіргі қоғамдағы ғылымның жай-күй мен ғалымдардың ғылымға адал болмауы, бүгінгі қоғамдағы азаматтардың іс-әрекеттері руханиятқа сәйкес болмауы, діннен ада зайырлы қоғам, ұлтсыздандырылған толерантты қоғам, технология мен білім-ғылымды дамыту мәселерінің басын шалып, жазған сыни жазбасы жарияланды. Тым сынаржақ, ғылыми негізі мен объективтілігі жоқ үстірт пайым.
Осы жазбадағы Дархан Әбдік ағамыздың келесідей ойларына қарсы пікір келтіре отырсақ.
1. Дархан ағамыз – «Алтын Орда аясындағы елдерде азаматтық қоғам дамыған жоқ» деген тезис келтіріпті.
Олай болса сол дәуірдегі азаматтық қоғамы бар әрі азаматтық қоғамы дамыған әлемнің қандай елдерін ағамыз салыстыру үшін келтіре алады екен? Жалпы азаматтық қоғам туралы түсінік ежелгі антикалық дәуірде грек ойшылдарының еңбектерінде кездеседі. Бұл ойлар кейін XVII-XVIII ғасырларда Еуропадағы ағарту дәуірінің ойшылдарында теориялық тұрғыдан негізделіп, XVIII ғасырдың соңы XIX ғасырда тәжірибеде жүзеге асырыла бастайды. Ал азамттық қоғамның нық қалыптасуы XX ғасырдың екінші жартысында жүзеге асты. Сонда Дархан Әбдік ағамыз Алтын Орда дәуіріннен қандай азаматтық қоғамды таба алмай жүр?
2. «Шыңғысхан ұйымдастырған Моңғол шапқыншылығы Орталық Азия мен Түркістан өркениетінің тамырына балта шапты. Ғылым мен білім өлді» - тезисі.
Шындығын айтар болсақ, Шыңғыс хан Дешті Қыпшақ, Түрікстан, Мәуеренахр өлкелерін бағындырғанда қарсылық көрсеткендерді аямады, бойұсынғандарды қол астына алды. Ал оның негізгі мақсаты – өркениетті жою, қатыгез, қанішер деген пікір советтік тарихнамадағы қалыптасқан, идеалогияға негізделген таза советтік нарратив. Дархан Әбдік ағамыз әділ болса, неліктен Шыңғыс хан жаугершілік жорықтарынан кейін қалыптасқан Алтын Орда мемлекетінің өркениетін, Шағатай ұлысы аумағындағы медениет, ғылым, білім жетістіктеріне назар аудармайды? Еуропа мен Азияны байланыстырып, саяси-экономикалық тұрақтылықты қалыптастырып қана қоймай өркениеттік тұрғыдан ғылым және білім, мәдени алмасуларды қамтамасыз еткен Алтын Орданың маңызына неліктен тоқталмайды? Бүгінде тарихшылар айтып жүрген 150-ге жуық ірілі-ұсақты қалалар мен шаһарларды неліктен қаперінен шығарады? Дархан Әбдік ағамыз сонда Алтын Орда дәуірінің гүлденген әдебиеті мен әдеби шығармалары, олардың әлем әдебиетіндегі алатын орны және де бүгіндегі түрік тілді халықтардың тілдерінің қалыптасуындағы маңызы туралы іргелі ғылыми еңбектер жазған - Немат Келімбетов, Әуелбек Қоңыратбаев, Әбдуәли Қайдар, Рәбиға Сыздық сынды зерттеуші-ғалымдарымыздың ғылыми еңбектерін жоққа шығарады ма?
Дархан Әбдік ағамызға іргелі ғылыми еңбектер болмасада осы мәселеге қатысы бар ғылыми мақаларды оқуға кеңес берер едім. Мысалы, Жауынбай Жылқыбайұлының e-history.kz порталында жарияланған – «Алтын Орда әдебиетінің алыптары» мақаласы.
3. «Дін – әрдайым ғылымға салынған ауыздық. Алаяқтар ештенеден қорланбайды. Үндемей өз есебімен күнелтуден де, өтірік мақтау-мадақтаудан да, жалған есеп беруден арланбайды» - тезисі.
Бір қарағанда дұрыс пайым. Орта ғасырларда христиан діні Еуропа жұртын қара түнекте ұстап, ғылым мен білімді дамытпады. Ислам өркениетінде ғылым мен білімді, еркін ойлауды ығыстырып, діни нормалар мен догма алға шықанда гүлденген Ислам өркениеті құлдырады. Тіпті бүгінгі күнге дейін кейбір елдерден көрініс табуда. Десе де, бұл діндегі адам факторының әсері. Дархан ағамыздың өзі айтып отырғандай діннің атын жамылған алаяқтардың ештенеден тартынбай, ар-ұят, иманды аяққа таптап, дінді қорлауы. Шәкәрім Құдайбердіұлының жыр жолдарымен айтсақ:
«Бұл кездегі діндердің бәрі – нашар,
Ешбірі түзу емес көңіл ашар.
Өңкей алдау, жалғанды дін деп айтып,
Талай жан хақиқаттан қашып сасар....
Сақал мен шапан кигеннің бәрі сопы емес,
Ішінде арам пиғылы тұрса, ол тегіс.
Дін тазасын іздесең – иманды бақ,
Алдаумен мал тапқанды сопы демес».
Сондықтан да дін барлық прогрессивті бастамалардың тежеушісі деген нарратив көп алдында оңай ұпай жинау амалы ғана болып табылады.
Дін мен ғылымның тандемі негізінде адамзат баласының қол жеткізген жетістіктері аз емес. Ислам өркениеті десе төбе шашы тік тұратын Дархан ағамыздың жүйкесіне тимей-ақ, батыс елдеріне бас ұратын ағамызға батыс елдері мысалында дін мен ғылымның тандемінен аздаған мысалдар келтіретін болсақ:
– Католик шіркеуінің Иезуиттер ордені математика, физика және астрономия пәндерін өз мектептерінде міндетті түрде оқытты. Олар жұлдыздарды бақылай отырып, Қытай мен Америкаға дейінгі географиялық карталарды түзеп, заманауи математикалық талдаудың дамуына зор үлес қосты.
– Қазіргі генетика ғылымының негізін қалаушы – Австриялық монах Грегор Мендель. Ол Брно қаласындағы Августин монастырының бағында бұршақ өсімдіктерін будандастыру арқылы тұқым қуалаушылық заңдылықтарын (Мендель заңдары) ашты. Оның діни қызметі мен ғылыми зерттеуі қатар жүріп, адамзатқа орасан зор ғылыми мұра қалдырды.
– Алғашқы еуропалық жоғары оқу орындары (Болон, Оксфорд, Париж университеттері) Католик шіркеуінің жанындағы мектептерден бастау алды. Шіркеу латын тілі арқылы білімнің біртұтас кеңістігін қалыптастырып, ғылымның ұрпақтан-ұрпаққа жетуін қамтамасыз етті.
4. «Мен этникалық ұлтшылдықты жек көремін. Бұл фашимнің алдынғы сатысы. Ұлт дегеніміз этнос емес, бұл қандайда бір тілдің, мәдениеттің, қоғамдық құндылықтардың негізінде қалыптасқан орта» - тезисі.
Негізінде Дархан ағамыз ұлтқа қатысты пайымын дұрыс көрсеткен. Алайда мына бір мәселені әдейі назардан тыс қалдырып отыр. Негізінде ұлт белгілі бір этникалық аумақта, көптеген этностардың доминант этностың төңірегінде, сол этностың тілі, ділі, мәдениеті, дүниетанымы мен құндылықтары негізінде қалыптасады. Яғни, басым бір этностың болу заңдылық.
«Ұлтшылдық – фашимнің алдынғы сатысы» деген пайым да идеалогияландырылған ескі советтік нарратив. Тарих кері мысалдарды көрсетеді: Наполеон жаугершілік жорықтары әсерімен Еуропада ұлтшылдық идеясы негізінде Германия мен Италия мемлекеттерінің құрылуы, ұлт-азаттық соғыстың нәтижесінде Осман империясынан бөлініп шыққан – Грекия, Вена конгресінен кейінгі ұлтшылдық қозғалыстар мен Ресей-Түрік соғысының нәтижесінде өз алдына ұлттық мемлекет болып бөлініп шыққан - Сербия, Румыния мемлекеттері, Көпұлтты діни Осман империясы құлағаннан кейін, Мұстафа Кемал Ататүрік түрік ұлтшылдығы идеологиясына негізделген заманауи, зайырлы Түрік Республикасын құрылуы.
Қазақ ұлтшылдығын құбыжық қылып көрсету де «Алаш» деп аталатын қазақ мемлекеттігіне қарсы жүргізілген ескі советтік идеалогия. Мұны кезінде жұқалап болсын алаштықтардың соңғы буыны болып саналатын Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов – «Еңбекші қазақ» (бүгіндегі «Егемен Қазақстан») басылымында 1926 жылғы 24 қарашада шыққан нөмірінде көрсеткен болатын. «Қазақша-орысша тілмаш» туралы түсініс» мақаласында Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов: «Қазақтың ұлтшылдығы – үстемдікті, бағындыруды көксеген, шегіне жеткен озбыр ұлтшылдық емес, алдымен бас қорғауға, жансауға қылуға, жете алса теңдік алуға талпынған тіленші ұлтшылдық» - деп көрсеткен болатын. Қазақ ұлтшылдығы сол уақыттан бері өзгерген емес. Бүгіндегі бірқанша қауым – «Нацпат» деп мұрының жүйіре қарайтын ұлтшылдық құбылыс – сол теңдікке ұмтылған тіленші ұлтшылдық.
Тоқсан ауыздың тобықтай түйінің айтар болсақ, Дархан аға сіз қанша жерден жерінсеңізде Шыңғыс хан қазақ тарихына қатысы бар, қағанаттар дәуірінен кейінгі Алтын Орда деп аталатын қазақ мемлекетігінің қалануына жол ашқан тарихи тұлға. Алтын Орда әлемдік өркениетке өз үлесін қосқан империя.
Дін құбылысы ғылым мен білімнің дамуын тежеуші күш емес және де ол жойылмайды. Адамзат руханиятымен қоса өріліп өмір сүре береді. Әрі өркениеттке жағымды импульс беруші негізгі күш. Қазақстан сіз ойлағандай діни қаранғылыққа батқан ел емес. Қазақстан – демокартиялық, құқықтық, зайырлы ел. Адам құқығы, жеке адамның бостандығы, сөз бостандығы, заң алдындағы теңдік, толеранттылық, сайлау жүйесі мен мәдениеті тәрізді либералдық құндылықтарды ұстанантын, азаматтық қоғамы қалыптасу үстіндегі болашағы бар ел. Қазақ этностық деңгейде қалған халық емес.
Қазақ этносы - қазақ жерінде өмір сүріп жатқан көптеген этностарды шоғырландыру негізінде – Қазақ ұлтын құрушы халық. Қазақ ұлтшылдығы табиғи құбылыс және ол өктемдікке емес, бауырмалдыққа бағытталған. Қазақ ұлтшылдығы Қазақстан аумағындағы көптеген этностарды қазақ ұлтына бірігуге ұйыстырушы құбылыс.
Аманкелді Жұмғалиұлы Садуақасов
Abai.kz