Бір фотоның тарихы
Қытайдағы қазақтар арасында «Қазақ - Қырғыз ұйымшасы» деген жоғарыдан төменге қарай жүйелі жұмыс атқаратын ұйым болғаны тарихтан мәлім. Ол қазақтардың оқу - ағарту, мәдениет, саяси түрлі жақтарына елеулі үлес қосқан ұйым. Ол ұйымда қазақтың тарихта қалатын ұлы тұлғалары қызмет атқарған. Мына сурет сол ұйымның ең жоғары дәрежелі өлкелік штабынан қалған тарихи сурет.
1937 жылы түсірілген бұл суреттің иесі Әмит Абайұлы Қасымов. Ол кісі бұл суретті қарындасы Рашида Қасымоваға естелік ретінде берген. Бұл суреттің шығу тегі Абай Қасымовтан ба, әлде Қасым әпендеден қалған ба, ол жағы белгісіз. Маған оның көшірме нұсқасын Рашида апайдың жолдасы, Қытай қазақ фольклорын әдеби айналымға шығаруға бір кісілік үлес қосқан зерттеуші Қалиолла Нұртазаұлы 2012 жылы Үрімжіге амандаса барғанымда қолыма ұстатқан еді.
Түпнұсқа суреттің артқы жағында ондағы бір бөлім кісілердің аты-жөні жазылған болатын. Ал Қалиолла аға кейін Мәжит Әбузарға жолығып, ондағы тағы басқа адамдардың есімін білген екен. Сол бойынша ол кісі суреттегі адамдардың аты-жөнін айтып та берген. Ал суреттің баспа бетіне тұңғыш рет көтерілуі 2015 жылы Қорғас аудандық саяси кеңес кеңсесі жағынан шығарылған «Қорғас тарихи материалдары» 10-томына кіргізілген, бірақ ондағы тарихи адамдар егжей-тегжейлі таныстырылмаған, тек бір бөлім кісілердің аты-жөні ғана аталған еді. Сондықтан бұл жолы осы тарихи суреттегі ел ағаларын, тарихи кісілерді таныстыра кетуді жөн көріп отырмын. Бұл тарихи тұлғалар өз кезінде Шыңжаң тарих сахнасында бір мезет бой көрсеткен қазақтың маңдайға басар ұлдары болатын. Бәлкім, олардың жарқын бейнесін көрсеткен бірден-бір тарихи естелік осы болып қалуы да мүмкін. 1937 жылы Абай Қасымов, Әбеу Құдішұлы екеуі Баркөлден қайтып Үрімжіге келген кезінде Үрімжідегі өлкелік қазақ-қырғыз үйшмасында суретке түскен. Бұндағы суретке бірге түскен кісілер өлкелік қазақ-қырғыз үйшмасындағы қызметкерлер мен Үрімжіде тұрып жатқан қазақ зиялы қауымының өкілдері еді. Қалиолла Нұртазаұлының таныстыруы бойынша, шамамыздың жетісінше бұл кісілердің өмірбаянынан аз да болса мәлімет беруге тырыстық, десе де барлығын дәлме-дәл толық танып кету мүмкін еместігін былайғы оқырман қауым да дұрыс түсінер деп ойлаймын.

Сурет: автордың жеке мұрағатынан алынды
Алдыңғы қатарда отырғандар (солдан оңға қарай): түрегеп тұрған әскери форма киген Қанапия (Санжылық Қызай жігіті, толық аты-жөні Қанапия Күбіпайұлы болуы мүмкін, Әбеу Құдышұлының қорғаушысы болған), отырған Әбеу Құдышұлы, Абай Қасымов, алдында кішкене бала ұстап отырған кісі Сейтқазы мұғалім, шылапа киіп отырған Қасым әпәнді, оң жақта тымақ киіп түрегеп тұрған Санияз төре тұқымы, Санжылық Саттархан төре (Әбеу Құдышпен құда), Қанапия мен Әбеудің ортасында жалаңбас түрегеп тұрған Қорғас Ластайдағы Аба руының оқымысты ұлдарының бірі Сүлеймен, Сүлейменнің артында тымақ киіп тұрған қою қасты Қорғас Ластай Керей руынан Қалқабек, Сүлеймен мен Қалқабектің аралығында тұрған шапкелі Құсайын Сиябаев (1945 жылы Құлжада құрылған Бүкіл Шығыс Түркістан Төңкерісшіл Жастар Ұйымы Орталық Комитетінің орынбасар төрағасы болған), ал артқы ең соңғы қатардың солдан оңға қарай біріншісі Домай деген алтайлық жәдік жігіті (Жанымқан қажының үлкен баласы Дәлелқанның балдызы, Ланжудағы сақшы мектебінде оқыған, 52-жылдары атылған екен), екіншісі шылапалы мұртты жігіт Сабыралы (Нылқылық шеру жігіті, 1935 жылы Сайпиден Азезбен бірге Ташкентте оқыған), үшіншісі ?, төртіншісі жазушы Бұқара Тышқанбай, ал артқы қатар оңнан екінші адам Сәліс Әміреұлы, Қасым әпәнді мен Сейтқазының артында тұрған шапкелі Байбазар, Байбазардың артында тұрған шылапалы Қапар Шаңя, Қасым әпәнді мен Байбазардың арасында тұрған тақиялы аласа бойлы кісі Әсейін мұғалім, Абай мен Әбеудің артында тұрған шапкелінің артында басы ғана көрініп тұрған тақиялы жас жігіт тарихшы Нығмет Мыңжани (сол кезде 15 жаста екен), Нығметтің алдында Абайдың артында тұрған жалаңбас бойшаңдау денелірек Мәжит Әбүзаров.
Әбеу Мартыбаев Құдышұлы 1901 жылы Күнес ауданының Алмалы ауылында дүниеге келген. Ауылда ескіше сабақ алған. Одан кейін Күнестің Аққолқа деген жерінде ашылған Сатыбалдының киіз үйлі мектебінде 4 жыл оқиды. 1916 жылы Күредегі моңғол-қазақ мектебінде, артынан Үрімжіде оқуын жалғастырады.1927 жылы оқуын тауысқан соң Яң Зыңсин мекемесінде қызмет атқара бастайды. Құрманалы Жүнісқанұлы ағамыз өзінің «Ардагер Әбеу» атты мақаласында былай дейді: «1933 жылы қазақ-қырғыз ұйымын құруда Әбеу ерекше белсенділік көрсетіп, көзге түседі. Осы тұста Жин Шурын үкіметі Әбеуге өлкелік қоғам қауіпсіздігін қорғау басқармасының орынбасар бастығы, өлкелік қазақ-қырғыз ұйымының бастығы, өлкелік мәдениет меңгермесінің бастығы, өлкелік қазына меңгермесінің орынбасар бастығы, өлкелік оқу-ағарту меңгермесінің орынбасар бастығы қатарлы бес міндет жүктеп, бес орыннан еңбекақы береді. Осы тұста Әбеу қазына саласында мұғалім болып сабақ та өтеді. Әбеудің басты еңбегі – қазақ сахарасындағы көшпелі тұрмысты өзгертіп, қазақ халқын отырықтандыруға ден қойғандығы, қазақ балаларын оқытуға бар күш-қуатын, зейін-зердесін жұмсағандығы еді. Соның нәтижесінде Іледе Қаражон, Көкқамыр курстары ашылып, ауыл мектептеріне мұғалім тәрбиелеп беру жұмысы барынша жандана түседі» («Іле тарихи материалдары», 9-сан, 544-бет).Әбеудің туған інісі Медесін былай дейді: «– Мені ағамыз Әбеу оқыту үшін Үрімжіге алып барды. Мұқаштың қызы Қамармен бір класта оқыдым. Ол менен сәл үлкендеу еді. Біздің үйге (Әбеудің үйін айтып отыр) Шәкәрім Құдайбердіұлының ұлы Зият, Сейтжан деген кісілер үнемі келіп-кетіп тұратын. Шешеміз Жамила Арғын қызы болғандықтан ба, кім білсін, әйтеуір Әбеумен қарым-қатынасы өте жиі еді».Әбеу өлкелік қазақ-қырғыз ұйымының бастығы болысымен, 1936 жылдан бастап өлкеде тұңғыш рет қазақ тілінде газет шыға бастайды. Әбеу осы газетке ұйымдастырушы әрі жетекші болады. Қазақ тілінде оқулық құрастыру, оны бекіту, тарату істеріне жауапты болады. Өлкеде қазақ-қырғыз ұйымының құрылуы аз ұлттардың оқу-ағартуы мен мәдениетінің, денсаулық сақтау, отырықтандыру сияқты сан салалы қызметтің қарқындап дамуына мол мүмкіндік жаратады. Үш аймақ, Үрімжі көлемінде бастауыш, орталау мектептердің жалпыласуына мықты негіз қалайды.1937 жылы Қашқарда Мәжит көтерілісі басталады. Бүкіл Шыңжаңның жер-жерінде көтеріліс дүмпуі білінеді. Осыдан секем алған Шың Шысай 1938 жылы бүкіл Шыңжаңдағы аз ұлт басшыларын құрылтайға шақырады. «Баркөлден Сиязбай бастаған 18 қазақ қашыпты, олар Жапонияның тыңшысы екен. Мұндай тынышсыз жағдайда ел қолындағы қаруды жинап алу қажет!» – деген бұйрық шығарып, құрылтайдың артын қару тапсыртуға өзгертеді. Осы реткі құрылтайдың соңында Әбеуді бөлімінен ұстатып алып, 3 ай мырза қамаққа алып, мәселе тапсыртады. Құрылтайға келген аз ұлт басшыларын да түгелдей мырза қамаққа алып, мәселе тапсыртады. Олардың бір қауымын қолда ұстап тұрып, екі жыл ішінде шетінен қырғындап отырады. Ең соңында Әбеуді қайтадан қолға алып, 20 метрлік тереңдіктегі зынданға тастатып өлтіреді» (Құрманалы Жүнісқанұлы, «Ардагер Әбеу»).Әбеу Шыңжаң өлкелік сақшы меңгермесінің генерал-майор шенді орынбасары болған.
Абай Қасымов 1896 жылы Қорғас Ластайда туған. Ауылда ескіше сауат ашқаннан кейін Құлжадағы Байтулла медресесінде бірталай жыл білім алады. Артынан Алматы асып оқып, одан Құлжадағы сақшы басқармасына қызметке орналасады. 1920 жылы Мәскеуде Шығыс еңбекшілеріне арналған университетке түсіп оқиды. Ол сол университетте Қытай Компартиясы көсемдерінің бірі Лю ШаоЦимен сабақтас болған екен. Абай университетті тамамдағаннан кейін партия ұйымының ұйғарымымен бір мезет Алматы қаласында кеңестік компартияның ұйымдастыру қызметін істейді.1930 жылы Абай Қасымов Моңғол үкіметінің сұрауымен, Коминтерннің жолдамасымен Моңғол Халық Республикасына барып, партия ұяшығын құрып, ондағы социалистік қайта құру жұмыстарына белсене атсалысады. Кейін 1935 жылы Шыңжаңдағы Шың Шысайдың өтінішімен, тағы да Кеңес компартиясының ұйғарымымен Шыңжаңға көмекке келген маман ретінде Шыңжаң тарих сахнасында бір мезет бой көрсеткен. Артынан қайтадан шақыртылып, 1938 жылы Әлихан Бөкейхан, Тұрар Рысқұлов, Сәдік Нұрпейісов қатарлы азаматтармен бірге Мәскеуде «халық жауы» делініп атылған. Абаймен Сыртқы Моңғолияда бір мезет бірге қызмет істеген Шәріп Өтепов өзінің «Жалындаған жастығым – комсомолым» атты еңбегінде Абайдың еңбегі туралы айтады. Одан басқа Абайдың саяси жұмыстары, жүйеден партия ұйымын құруы, басқаруы, қоғамдық ұйымдарды құруы (кәсіпшілер одағы, жастар ұйымы, әйелдер кеңесі), әйелдер теңдігі жайындағы, сауатсыздыққа қарсы күресі туралы кең көлемде тоқталған тарихшы-ғалым ағамыз Садуұлы Қабидаш өзінің «Шырақтан шуаққа» атты кітабында да егжей-тегжейлі баяндайды.1935 жылы Кеңес компартиясының ұйғарымымен Шыңжаңға көмекке келген маман ретінде барғанымен, шын мәнінде ол одан да бұрын бұл жердегі қоғамдық қозғалыстар мен құбылыстарға атсалыса кіріскен еді. Оның нақты мысалы – Қожанияз бастаған диқан-шаруалар көтерілісіне көмектесуі. Одан кейін Құмыл аймағының уәлиі болып қызмет атқарады. Бұл жұмыстары туралы Шыңжаң өлке басшылары Бұрхан Шахиди, Сайпиден Азез сияқты кісілердің шығармаларында айтылады.Абай Қасымов 1938 жылы 24 шілдеде ұсталып, 1939 жылы 10 наурызда Мәскеуде атылды. Сүйегі (сүйек күлі) Мәскеудегі саяси қуғын-сүргін құрбандары көмілген Дон зиратындағы ортақ қорымда жатыр. Атылғаннан кейін араға 20 жыл салып, 1959 жылы қайтадан ақталған. Ақтау қағазын Жаркенттегі ұлы Әмит сақтап, кейін Рашида Қасымоваға берген. Қазір Рашида Қасымованың жолдасы Қалиолла Нұртазаұлының жеке мұрағаттық қорында сақтаулы.
Сейтқазы Нұртаев Қазақстанның Ақмола облысы, Көкшетау уезінде 1880 жылдардың ішінде туған. Сүйегі – арғын ішіндегі атығай. Алтайға ұсыныс бойынша 1900 жылы келген. Бір материалдарда оның Уфадағы «Ғалия» медресесін бітіргені, Орынборда гимназияда оқығаны айтылады. Алаш азаматтары тұтқындала бастағанда Шәкәрім қажының ауылында болған, Шыңғыстаудағы Құнанбай ауылдарына барып, бірнеше жыл мұғалімдік істеген. «Сейтқазы мұғалім» аталуы сол тұстан басталған. Одан Зайсан арқылы Қытайға өтіп, Үрімжідегі өлкелік үкіметтің ағарту ісінің бастығы болған. Сейтқазы – Стамбұлда оқыған ғұлама адам, түрік, араб, парсы тілдерін жетік білген.Сейтқазы «Абақия» медресесіне меңгеруші және мұғалім болып істеген. Алтайда тұңғыш рет жаңа оқу жүйесін жолға қойған ағартушы. «Абақия» медресесінде 1927–1928 жылдардан бастап төте оқу, атап айтқанда Ахмет Байтұрсынұлы емлесімен оқыту жолға қойылған. Осы істі жүргізуші Сейтқазы мұғалім болған. Оқулықтарды Қазандағы ағайынды Каримовтар баспасынан алдырған. «Сейтқазы мұғалім» Үрімжіге келіп, өлкелік қазақ-қырғыз ұйымының бастығы болғаннан кейін бір мезгіл қамауда жатады. Түрмеден шыққан соң Алтайға барып, Үш аймақ төңкерісіне қатысады. 1945 жылы аурудан қайтыс болады («Қазақ оқу-ағарту тарихынан қысқаша деректер», Қабимолла Манжибаев, 330-бет).Абай Құнанбайдың немере інісі Шәкәрімнің ұлы Зият 1932 жылы Үрімжіге осы Сейтқазы Нұртайұлының үйіне келеді әрі сол жылы Сейтқазының қызы Мүниярамен үйленіп, қызметке тұрады.
Қасым Әпенді (Қашырбай Тілеубердіұлы Қасым) 1899 жылы Баркөлде дүниеге келген. Әкесінен жастай қалған Қасымды анасы алғашында діни мектепке береді. Кейін Алтайда ашылған ауылдық мектепте, одан Кеңес Одағында жоғары мектептерде оқыған. Қасым Әпенді Құмыл диқандар төңкерісі қарсаңында Кеңес Одағындағы оқуын бітіріп, Сыртқы Моңғолияда қызмет істеген. 1932 жылдың басында Шыңжаңға келіп, «Қайнар» деген атпен халық арасында үгіт қызметін жүргізіп, жұртшылықты күреске үндейді. Айтуларға қарағанда, бір мезгіл Қожанияз қажының жанында кеңесші болған. Сол тұста Қасым Әпенді Қожанияз қажының Кеңес Одағы және Сыртқы Моңғолиямен болған келісімдеріне кеңесші болады. 1932 жылы күзде Қасым Әпенді оңтүстік Шыңжаңға соғыс ашқан Құмыл және Тұрпан бөлімдерімен бірге Ұсақтал деген жерге келгенде, Ма Жуңйың әскерлерінің тұтқиыл шабуылына ұшырап, өкпесіне оқ тиіп жараланады. Қасым Әпенді Қашқарда да қызметте болады. 1939 жылы Шың Шысай оны Үрімжіге шақырып, бақылауға алады. 1942 жылы бақылаудан босатып, өлкелік қазақ-қырғыз ұйымының ұйымдастыру бөліміне жауапты етіп белгілейді.Алайда 1943 жылы көктемде Шың Шысай Қасым Әпендіні қайта қолға алады. Түрмеде әртүрлі ауыр жағдайлар мен қысымдардың әсерінен бұрынғы оқ тиген өкпе дерті қайта қозып, асқынады. Бір жылға жетпеген түрме азабынан кейін босайды. Содан бастап үйінде ем алып, демалады. 1947 жылы 25 шілдеде Ілеге кетеді. Ілеге барған соң Үш аймақ басшыларының қолдауымен үкімет қызметіне араласады. Алайда жасының ұлғаюы мен ауруының асқынуы оның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бермейді. 1948 жылы 5 қыркүйекте таңғы сағат бесте қайтыс болады. Қасым Әпенді Іледе, жүйеден Қорғаста Ашамайлы керкй Шажарй заңгының үйінде қайтыс болған. Руы – уақ. Ол Абаймен өте жақсы араласқан, Моңғолияда да, кейін Қожанияз қажының жанында да бірге қызметте болған. Екеуі туыстай жақын болғандықтан, Қорғастағы керей-уақ арасында соңғы өмірін өткізген. «Қасым Әпенді Қашқарда қызметте жүрген кезінде Қашқардың бас уәлиі қызын әйелдікке берген. Одан бір қыз туған. Сол қыз кейінгі кездерде Үрімжі қалалық Шимогу аудандық халық құрылтайының бас жорасы болған», – дейді Қалиолла Нұртазаұлы.
Әсейін Жақсылықұлы 1903 жылы қыркүйек айында Күнес ауданы Телқара қыстағында дүниеге келген. 1915 жылы мектепте оқып, ауылда оқытушылықпен шұғылданған. 1935 жылы тамыз айында Шыңжаң өлкелік оқу-ағарту меңгермесі жағынан Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттік университетіне оқуға барып, 1938 жылы елге оралып, Үрімжі педагогикалық мектебінде оқытушылық істеген. Сонымен бірге өлкелік қазақ-қырғыз мәдениетін ілгерілету ұйымының тексеру бөлімінде қосымша жұмыс атқарған. 1940–1943 жылдары Құлжа қаласындағы «Ұлттар гимназиясында» оқытушы, Іле қазақ-қырғыз мәдениетін ілгерілету ұйымының тексеру бөлімінің жауаптысы болып жұмыс істеген. 1943–1945 жылдары Күнес ауданында мектептер құру жұмысымен шұғылданған. 1945 жылы қыркүйектен қарашаға дейін Күнес «Талдыторан мектебінің» 5-кезекті меңгерушісі болған. 1945 жылдың соңынан 1946 жылға дейін Күнес аудандық сақшы мекемесінде бөлім дәрежелі кадр болып істеген. Осыдан кейін «Іле білім жұртына» ауысып келіп, оқытушы болған. 1957–1958 жылдары Іле педагогикалық мектебінің меңгерушісі қызметін атқарған.1958 жылы Бейкүнә «ұлтшыл», «оңшыл» деген айып тағылып, қызметінен тоқтатылып, кейін зорлықпен демалысқа шығарылған. 1979 жылы ақталып, абырой-атағы қалпына келтіріліп, Іле қазақ автономиялы облыстық саяси-мәслихат кеңесінің тұрақты жорасы болып міндет өтеген. Шыңжаң оқу-ағарту ісінің өркендеуіне жүрек қанын сарқа жұмсаған тарлан педагог 1994 жылы 10 қарашада науқастан қайтыс болды («Іленің тарихи шежіресі», Жақып Жүнісұлы, 185-бет). 9 жасында әке-шешесінен бірдей айырылып жетім қалған, тағдыр тауқыметін ерте тартқан Әсейін қазақ халқының ағарту ісіне зор үлес қосқан ұлағатты ұстаз, еңбегін ел таныған қоғам қайраткеріне айналды. Ол облыстың алғашқы халық құрылтайының уәкілі, халық үкіметінің мүшесі, облыстық тіл-жазу комитетінің мүшесі сияқты қоғамдық қызметтер атқарған. Қарт ұстаздың қаламынан туған бірнеше очерк пен «Өмір елестері» атты кітабы оқырмандардың жақсы бағасын алған. Қадірменді қарт 92 жасында Құлжа қаласында өмірден өтеды.
Сәліс Әміреұлы Бұл кісі туралы Қабимолла Манжибаев былай дейді: «1930 жылдары Қазақстаннан өтіп келген адам, руы – найман ішіндегі қыржы. Үрімжідегі моңғол-қазақ мектебінде оқуын тауысқан, сол мектептің өзінде мұғалім болған. Одан мен де сабақ алғанмын. Сәліс қытай тілін жақсы білетін, бір беткей, ісік-желігі жоқ, байсалды, қазақшыл, қарапайым жан еді. Ол кейін өлкелік қазақ-қырғыз ұйымына бастық болған, Үш аймақ жақтағылардың көрсетуімен өлкелік бірлескен үкіметте бас хатшының орынбасары болып міндет өтеген. Оның Шың Шысай тұсында не істегені маған беймәлім. Кейін Гоминдаңға мүше болған. 1949 жылы қараша айында Қарашар арқылы Чиңхайға өткен. 1950 жылы қаңтар айында Құмылдан қашып барған Қожанияз жағынан атылып өлтіріліп, бала-шағасы қырғыншылыққа, мал-мүлкі талауға түскен. Аман қалған жалғыз ұлы – Әбдісаттарды Шизаңдағы Қытай Халық азаттық армиясының Мушиңжұң деген генералы бағып-өсіріп, оқытып, өз фамилиясы мен баланың бұрынғы атын ықшамдап құрау негізінде “Мусатар” деп ат қойған» («Іле тарихи материалдары», 14-кітап, Қабимолла Манжибаев, «Менің кешірмелерім»).Шындығында, Сәлісті Қожанияз емес, 1950 жылы өзімен бірге қашқан Жолбарыс атып өлтірген. Бұл туралы Әпетай Мұқарапұлының «Киелі көш» кітабында егжей-тегжейлі айтылады.Осы қанды қырғын жөнінде Хасен Оралтай «Жас Түркістан» журналының 1998 жылғы үшінші санындағы «Тақламакан шөлінде» атты естелігінде де жазады. Ал Мусатар Сәлісұлының бастан кешкен қилы тағдыры туралы жазушы Оразбек Әбділұлы «Боздаған бота» повесін жазған.
Мәжит Әбузарұлы Шала қазақ, байырғы Үрімжі тұрғыны. Қазақ, өзбек, татар тілдерін қанық білетін, арабша, түрікше мағлұматі бар, Шыңжаңдағы қазақ біліктілерімен қою араласқан адам.
Ол Шың Шысай дәуірінде Үрімжідегі қазақ-қырғыз мәдениет-ағарту ұйымында қызмет істеп жүрген кезінде қолға алынып, түрмеден 1943 жылы шыққан. Түрмеде отырған кезінде әйгілі ақын Ақыт қажымен бір камерада бес ай шамасында бірге болған. 1946 жылдан азаттыққа дейінгі аралықта өлкелік қазына меңгермесінде бөлім бастығы, баспа зауытының бастығы қызметтерін атқарған. «Іле» газетінің редакторы, Құлжа гимназиясының мұғалімі болған. Ол кісі шағатай жазуын жақсы білген. 1980 жылдары «Шалғын» (қазіргі «Мұра») журналының кезекті сандарында шағатай тілінде жазылған Құрбанғали Халидтің «Тауарих хамса» («Бес тарих») атты кітабының қазақ тарихына қатысты тараулары Мәжит Әбузарұлының аудармасымен жарияланған. Азаттықтан кейін тағы да қолға алынып, жаза мерзімін өлкелік қазына-сауда мектебінде қызмет істей жүріп өткерген. 1994 жылы қайтыс болды.
Байбазар Үстемірұлы 1916 жылы Қазақстанның Талдықорған облысы, Көктал жерінде дүниеге келген. 1923–1932 жылдары Көктал қалашығында он жылдық орыс-қазақ мектебін бітірген. 1932 жылы Іле аймағы Қорғас ауданының Кеген ауылына қоныстанған. 1932–1936 жылдары Қорғас Шипаңзыда оқытушы болған. 1937–1940 жылдары Құлжадағы қазақ-қырғыз ұйымының мәдени-көркемөнер жұмыстарына қатысып, Таңжарық Жолдыұлына жәрдемші болған. Байбазар мырза асқақ әнші, домбырашы, гармоншы болған. 1940–1942 жылдары Іле Ұлттар гимназиясында екі жыл білім алған. Үш аймақ төңкерісі кезінде екі жыл Ұлттық армиясында қызмет істеген. 1944–1952 жылдары Іле Ұлттар гимназиясында, яғни аты өзгертілген Ахметжан Қасими атындағы білім жұртында оқытушы болып, мыңдаған оқушы тәрбиелеген ұлағатты, абыройлы ұстаз болған. 1952–1963 жылдары өлкелік Ұлттар институтында (қазіргі Шыңжаң университеті) оқытушылық қызмет атқарған. 1963 жылы қате түрде «оңшыл», «ұлтшыл», «шетке байланған» деген айыптармен төменге түсіріліп, Нылқы ауданында және Құлжа қалалық Баяндай ауылында еңбекке жегілген. Осындай шетке қағылу, ауыр еңбек, үздіксіз күрес жағдайында денсаулығы нашарлап, 1973 жылы дүниеден өткен. 1978 жылы Шыңжаң университеті №55 құжат шығарып, аса білімді, майталман оқытушы Байбазар мырзаның атақ-абыройын қалпына келтірген («Ана мектеп – алтын ұя», Іле халық баспасы, 2005 ж., 98-б.).Байбазар Үстемірұлы Іле аймағындағы алғашқы Құлжа театрының опера, драма сахнасын қалыптастырушылардың бірі болған. Ал белгілі жазушы Жанат Ахмадиевтің «Дүрбелең» романында Байбазардың төңкеріс кезінде газет шығарғаны туралы сөз болады.
Бұқара Тышқанбай 1920 жылы дүниеге келген. Ол Шыңжаң өлкелік үкіметінде мәдениет және әдебиет салаларында жауапты қызметтер атқарған, өлкелік мәдениет меңгермесі бастығының орынбасары болған. Шыңжаң Жазушылар одағын құру ісіне атсалысып, оның хатшыларының бірі болып сайланған. Еңбектері ұйғыр, қытай тілдеріне аударылып, Үрімжі мен Бейжіңде жарық көрген жинақтар мен оқулықтарға енгізілген.«Құлжада» және «Халық күші» пьесалары өлкелік сахнада қойылған. 1959 жылы Қазақстанға қоныс аударған. 1964 жылы «Азамат» атты повесі жарық көрді. «Келін» пьесасын және «Лау» повесін, сондай-ақ жазушы Ж.Жұмахановпен бірлесіп жазған «Махаббат пен мансап» пьесасын дүниеге әкелді. Бұл шығарма Семейдегі Абай атындағы облыстық драма театрында қойылған. Ұйғыр жазушылары З. Самади мен М.Зұлпыхаровтың еңбектерін қазақ тіліне аударған. Таңжарық Жолдыұлының шығармаларын «Арман-тау» деген атпен жинақ етіп бастырды. Өзінің «Жыр-бесік» атты өлеңдер жинағын шығарған. Ол – ақын Таңжарықтың күйеу баласы, Таңжарықтың Сара атты қызын алған. «Қасен–Жамила» киносының сценарий авторы әрі орынбасар режиссері болған. Бұл кино 1955 жылы халыққа кең көлемде таратылған. Фильмде орындалатын «Қойшы әнінің» мәтінін Бұқара Тышқанбай, музыкасын Мәлік Шипанұлы жазып, Дәнеш Рақышұлы орындаған (Мұрат Қасенұлының «Қасен–Жамила» киносы 60 жаста» атты мақаласынан).Бұқара Тышқанбайұлы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан қоғам қайраткері саналады. Мысалы, 1948 жылдан бастап шыға бастаған алғашқы қазақ журналы «Одақтың» редакциялық алқасының мүшесі болып, журналдың жарық көруіне атсалысқан. Бұл журнал саяси, экономикалық, қоғамдық және әдеби журнал болған, алғашқы саны 1948 жылы қазанда шыққан. 1954 жылы қараша айында құрылған Іле Қазақ автономиялы облысының үкімет жорасы (кеңес мүшесі) болып сайланған.
Нығмет Мыңжани Тарихшы ғалым, 1922 жылы Шыңжаңның Толы ауданындағы Майлытауда дүниеге келген. Шәуешек қаласында бастауыш және орта мектепті бітірген. 1939 жылы Шыңжаң өлкелік сақшы мектебіне түсіп оқыған. 1941 жылы өлкелік сақшы меңгермесінде аудармашы болған. Бес жыл қызмет еткен соң қызмет қажеттілігімен өлкелік қазына меңгермесіне ауысып, меңгеруші хатшысының орынбасары қызметін атқарған. 1949 жылы Шыңжаң өлкелік үкіметі бас хатшысының орынбасары болып тағайындалған. 1942–1949 жылдары Шыңжаң қазақ-қырғыз мәдени қоғамының атқарушы мүшесі әрі бөлім бастығы болған. Осы ұйымның атынан қазақ мектептеріне арналған әдебиет оқулығын құрастырған, сондай-ақ қазақ тіліндегі «Сәуле» журналының бас редакторы қызметін атқарған.1949 жылы Шыңжаңды бейбіт жолмен азат ету қозғалысына қатысқан. Жаңа үкімет құрылған соң мемлекеттік қызметтің түрлі салаларына белсене араласып, ұлт істеріне жауапты болып, жаңа қоғамның тұрақтылығы мен қайта құру жұмыстарына елеулі үлес қосқан. 1951 жылы қызмет бабымен Си-ань қаласына барып, Батыс–Солтүстік ұлт істері комитетінің мүшесі әрі Шыңжаң қызметі басқармасының бастығы болған. 1953 жылы Бейжіңге ауысып, Орталық Ұлттар баспасын ұйымдастыруға қатысып, Ұлттар баспасының қазақ редакция-аударма бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. Қытайдағы қазақ баспасөзінің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан. 1975–1978 жылдары Іле халық баспасында, 1978–1981 жылдары ШУАР Тіл-жазу комитетінде қызмет еткен. 1981 жылы Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясына ауысып, Тіл зерттеу институты директорының орынбасары болған. Осы кезеңде тіл білімі мен қазақ мәдениетін зерттеу ісінің дамуына айрықша еңбек сіңірген. 1951–1952 жылдары Қытай қазақтары арасында тұңғыш рет «Қарлығаш» атты өлең романын жазған. 1993 жылы 22 маусым күні Қазақстан Республикасының Алматы қаласында ғылыми сапарда жүрген кезінде науқастан 71 жасында қайтыс болған (Қытайшадан аударған: Текесбай Қыдырханұлы).
Қапар Шаңия (Қапар Мақсұтұлы) 1903 жылы Қорғас ауданы Ластай ауылында дүниеге келіп, 1974 жылы қайтыс болған. Жастайынан ескіше оқыған, 1924 жылы, 21 жасында, Сүйдің ауданы Ластайдағы керей-уаққа шаңия (мансап аты) болып сайланған. Қапар Шаңия 1937 жылы ІІІ Интернационалдың өкілі, Совет Коммунистік партиясының мүшесі, Коминтерн өкілі Абай Қасымовтың әйелі Ташанкені Үрімжіден алып кетіп, жасырын түрде «Жұлдыз» жерімен асырып, Үсейінбайдың басқарушысы болып істейтін інісі Әуелқанның үйінде бір мезет тынықтырып, одан Қорғас шекарасы арқылы Қазақстанға өткізіп жіберген екен.
Қалқабек Сүмбеұлы 1904 жылы Қорғас Ластайда дүниеге келген. Ел аузындағы үлкендерден жеткен әңгіме желісіне қарағанда, Қалқабек кезінде Құмыл уәлиі Абай Қасымовтың қорғаушысы болған. Абаймен немерелес туыс болып келеді. Қалқабек Сүмбеұлы 1968 жылы 64 жасында Шихуда науқастан қайтыс болып, сол жерде жерленген.
Ермек Шаяхмет
Abai.kz