Отандық, әлде шетелдік инвестор: Бізге кім пайдалы?
Қазақстан өзін шетелдік инвестор деп атаған адам көрсе есінен танып, артынан жүгіретін «балалық шақтан» өтті.
Енді ұзақ мерзімге келетін, технологиялық модернизацияға ақша салатын конструктивті, сапалы инвестор керек. Және соңғы практика көрсеткендей, оның барлығы шетелдік емес. Көбіне өзіміздің ұлттық буржуазиядан шыққан, осы жерді білетін және болашағын осы жермен байланыстыратын отандық инвесторлар қазір экономикамызға жан бітіре бастады. Біз үшін ескі кеңестік, шіріп жатқан құрылғыларды соңғы демі қалғанша пайдаланып, ештеңені жаңартпай, бар ақшаны сорып алып кеткен Митталдар үлкен сабақ болды деп ойлаймын.
Осы ретте, түрік инвесторының жұмысты дұрыс істей алмағандығынан көп жылдар бойы тұралап тұрған Көктасжал кен орны көңілге кірбің ұялатып келген еді. Жер астында жатқан 50 миллион тоннадан астам руданы түрік инвесторы игере алмады. Олардың «Алтай полиметаллы» компаниясы тығырыққа тіреліп, 18,2 миллиард теңге шығынға батқан. Ал қарызы 305 миллиард теңгеден асып кеткен. Ақырында өндіріс тоқтады, құрал-жабдық тозды, экология нашарлады. Жергілікті халыққа еш пайда келмеді. Жұмыс орны ашылмады.
Енді Көктасжалдан жақсы жаңалықтар келіп отыр. Кен орны өзіміздің Altyndara компаниясына өтті. Кәсіпкер отандастарымыз бірден 500 миллион доллар инвестиция салмақ. Олар өз қаражатын тәуекелге тігіп, өндірісті қайта іске қосқалы отыр. Жаңа кен алаңдары ашылады, Қызылшоқыда байыту комбинаты салынады. Байыту комбинаты дегеніміз жерден шыққан шикі тасты өңдеп, одан таза металл бөліп алатын орын. Қарапайым тілмен айтқанда, топырақтың ішінен нақты пайда әкелетін өнім шығаратын өндіріс.
Соның нәтижесінде 800 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл Қарқаралы ауданындағы 800 отбасының табысы деген сөз. Оның үстіне жаңа жабдықтар экологиялық талаптарға сай болады. Яғни бұрынғыдай ауаға зиянды заттар тарамайды, қалдықтар реттеледі. Халықтың денсаулығы жақсарады.
Соңғы уақытта байқалып жүр, өзіміздің отандық инвесторлардың стратегиясы өте жағымды. Біздің кәсіпкерлер тек шикізатты қазып сатуды емес, толық тізбек құруды ойлайды. Мысалы, мысты жай ғана шетелге сатып жібермей, оны Қазақстанның ішінде өңдеп, көлік жасайтын зауыттарға бермек. Бұл тағы да қосымша өндіріс ашуға мүмкіндік береді. Жаңа жұмыс орындары пайда болады, экономика ішінде ақша айналады. Мұны экономистер «құндылық тізбегі» дейді. Қарапайым тілмен айтсақ, шикізатты дайын өнімге айналдырып, одан көбірек пайда табу.
Көктасжалдағы жағдай бізге бір нәрсені анық көрсетті. Сырттан келген спекулянт инвестор әрқашан тиімді емес. Көбіне олар ақшасын ештеңе жасамай тез шығарып алғысы келеді. Ал өзіміздің инвесторлар, керісінше бүгінгі пайдадан бұрын ертеңгі тұрақтылықты таңдайды. Оларға ұзақ уақыт жұмыс істеген маңызды.
Сондықтан мәселе тек бір кен орнында емес сияқты. Бұл бүкіл ел үшін сабақ болды. Бізге енді жай ғана ақша салатын инвестордың орнына елмен бірге жұмыс істейтін, өндірісті дамытатын, экологияны сақтайтын инвестор керек. Және ондай кәсіпкерлер бізде бар. Олар - өзіміздің қазақ инвесторлары.
Айбар Олжаев
Abai.kz