Қазақстандықтардың қарызы тексерусіз кешіріле ме?
Егер несие бойынша берешек 5 жыл және одан да көп уақыт өтелмеген болса, бұл жеңілдіктер берілмейді
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, кейбір азаматтардың мерзімі өткен несиесі табысы мен мүлкін тексермей-ақ есептен шығарылуы мүмкін, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қазіргі талап бойынша қарызды есептен шығару үшін екі шарт сақталуы тиіс:
- табыс екі ең төменгі жалақы мөлшерінен (шамамен 170 мың теңге) аспауы керек;
- азаматтың атына тіркелген мүлкі болмауы қажет.
Алайда кейбір санаттағы адамдар үшін бұл талаптар қолданылмайды.
Кімдердің қарызы тексерусіз кешіріледі?
Мәдина Әбілқасымованың сөзінше, егер несие бойынша берешек 5 жыл және одан да көп уақыт өтелмей тұрса, жоғарыдағы екі талап күшін жояды.
«Егер берешек 5 жылдан асса, бұл екі шарт қолданылмайды. Азамат еш кедергісіз өтініш беріп, табысы мен мүлкі тексерілмей-ақ қарызын есептен шығара алады», – деді ол.
Сонымен қатар «проактивті банкроттық» тетігі енгізілмек. Бұл жағдайда мемлекеттік органдар қарызын өтей алмай жүрген азаматтарды өздері анықтайды.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, мұндай азаматтарға банкроттық рәсімін қолдану туралы ұсыныс SMS-хабарлама арқылы жіберіледі.
«Оларға SMS жолданып, банкроттық рәсімін қолдану ұсынылады. Қазір бұл мүмкіндікті пайдалануға өтініш беретіндер көп емес», – деді Әбілқасымова.
Бұдан бөлек, 1 шілдеден бастап Қазақстанда несие беру талаптары күшейтіледі. Банктер қарыз алушының төлем қабілетін мұқият тексеріп, жаңа көрсеткіштерге сүйенеді:
- борыштық жүктеме коэффициенті;
- қарыз бен табыс ара салмағы.
Бұл көрсеткіштер азамат табысының қанша бөлігі қарыз өтеуге кетіп жатқанын анықтауға мүмкіндік береді. Көрсеткіш жоғары болған сайын, жаңа несие алу ықтималдығы төмендейді.
Дереккөзі: qaz365.kz
Abai.kz