Мурка
(Әңгіме)
Құрбыларыммен бірге табан тоздырып пәтер іздеп жүрміз. Жалға берілетін үй көп болғанымен, бірінің бағасы қымбат, бірі біз үшін алыста, бірінің пәтері суық дегендей... Бірнеше күннен кейін іздегенімізді әрең тауып, көңіліміз орнықты. Үй ескілеу, дегенмен де таза әрі жылы. Пәтеріміз де кең, жайлы. Бірақ алғашында «көршімен тату болу» қиынға түсті.
Оң жақ қапталымызда Қарлығаш есімді әже ұлының қолында, немерелерімен тұрады. Бұлармен тіл табысу бізге қиынға түскен жоқ. Апта сайын әжеміздің шелпегін жеп, «ауылы аралас, қойы қоралас» көршіге айналдық. Ал сол жақ бетте тұратын Галина (Галя) әжеміздің бізді атарға оғы болмады. Оның бауырсақтай домаланған сары мысығы бар. Онысы мияулап, бізге түнімен ұйқы бермейді. Жанымдағы Айнұр есімді ерке құрбым мысықты иттің етінен жек көрмесі бар ма? Бір күні ол дәлізде мияулап тұрған Галя әжейдің Муркасын ұрып, далаға шығарып жібереді. Оны көрген жүгірмектердің бірі әжейге айтып қойыпты. Мұның арты үлкен дау болып, араға көрші Қарлығаш әжей түсіп, соңы Айнұрдың кешірім сұрауымен аяқталды.
– Қайдағы бір мысық үшін сонша айқайлағаны несі? – Бұл уақытқа дейін мысық үшін ешкімге басын иіп көрмеген Айнұр жыларман күйге түсті. – Біз де ауылда мысық асырадық, ит асырадық. Бірақ оларды тым өбектемейтінбіз. Мына орыс кемпірдің мысықты адамнан артық жақсы көргені несі?!
– Қарағым, қызым, сол сары мысық әжеңнің алданышы ғой. Ашуыңды бас!
– Апа, мысығы дәлізді бүлдіріп қойған екен, соны көрдім де шыдай алмай, ұстап алып, далаға шығарып жібердім. Бар болғаны осы!
– Иә, Галя сол мысықты баласындай көреді. Сонымен адамша сөйлеседі, жуындырады, бірге тамақтанып, бірге ұйықтайды.
– Апа, осы орыс әйелдің балалары бар ма?
– Галя негізі жаман адам емес. Сендер онымен тіл табысып, татуласыңдар. Сол кезде ол сендерге ашылып, сырымен бөліседі. Ашумен айтқан сөздерін ұмытып кетіңдер!
Қарлығаш апай көршісінің жеке өмірі туралы жақ ашпады. Арада айдан астам уақыт өтті. Айнұр демалыста ауылына кетіп, есік алдында жалғыз отырғанмын. Маған қарама-қарсы тұрған орындыққа Галя әжеміз келіп жайғасты. Өткендегі оқиғадан кейін сәлемімізді алмай, бізді көрсе, жылан көргендей жиырылып жүрген әжем бүгін көңілді.
– Қызым, бүгін күн жақсы екен! – деді маған күлімсірей қарап.
Менің де күткенім осы еді.
– Нағыз қыдыратын күн екен! – дедім іле жауап беріп.
– Ендеше, бүгін біздің үйге кел, туған күн тойлаймыз!
– О-о, бүгін туған күніңіз бе еді? Құтты болсын! Зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін!
Әжемнің көңілін аулайын деп тілекті қарша жаудырып жатырмын. Ол мені күлімсіреп тыңдап отырды да:
– Рахмет, қызым! Бүгін менің туған күнім емес, Мурканың туған күні, – деді мысығын сипалап. Өмірімде мысыққа тілек айтып көріппін бе? Әншейінде аузым бір елі жабылмайтын, мұндайда не айтарымды білмей сасқалақтағаным-ай.
– Қызым, Қарлығаш әжең сияқты мысықта туған күн бола ма деп отырсың ба? Әлде мына кемпір алжыған деп таң қалдың ба?
– Иә... Ой, жоқ, олай ойламадым. Дегенмен не айтарымды білмей тұрмын. Үндемей қалсам, сізді тағы ренжітіп аламын ба деп уайымдап отырғаным.
– Уайымдама! Сендер де мені кешіріңдер! Бір білместік болды. Сол күнгі оқиғаны Мурка маған айтты.
Мына сөзден кейін Галя әжейде ауытқушылық бар ма деп алаңдай бастадым. «Мысықта тіл болушы ма еді? Ол не деп айтады?..». Үшеуміз тағы үнсіз қалдық... Сәлден соң әжей мысығын қолтықтап, үйіне қарай беттеді.
– Қызым, кешке ұмытып кетпе. Ұялып, келмей қалып жүрме. Қарлығаш әжеңді де шақырдым.
Туған күнге барарымды не бармасымды білмей ыңғайсыздана бастадым. Ақылдасу үшін Қарлығаш әжейдің пәтеріне келдім.
– Тыныштық па? Өңің қашып кетіпті ғой, – деді аптыққан түрімді көрген көрші әжей.
– Галя әже мен мысығын көргем...
– Тағы не деді?
– Мысығының туған күніне шақырды.
Қарлығаш әже мырс етті.
– Апа, бармасам көршім ренжиді, барайын десем, қандай сыйлық апаратынымды, қандай тілек айтатынымды білмеймін. Бұрын-соңды мысықтың туған күні дегенді естімеппін...
– Е, қызым-ай, «Жүре берсең, көре бересің» деген. «Шақырған жерден қалма» дейді ғой қазақ. Галя әжең кешіккенді ұнатпайды. Туған күнге өте жақсы дайындалады. Сондықтан әдемі киініп бар.
– Апа, сіз де барасыз ғой.
Қарлығаш апай бір жымиып алды.
– Құдайы көршім ғой, жылда барамын. Сыйлыққа көбіне тәттілер аламын, «не керегіңді аларсың» деп ақшалай беремін.
...Сағат тілі жетіге таяғанда Қарлығаш әжемен ілесіп, бір торт пен гүлімді алып, Мурканы жаңа жасымен «құттықтауға» келдім. Галя әжем үстел үстін жайнатып қойыпты. Құс сүтінен басқасының бәрі табылатын мол дастарқан басына жиналдық. Мурканы да киіндіріп, мойнына қызыл галстук тағып, басына қағаздан жасалған телпек кигізіпті (Мұндай құрметті кейбір адамдар да көрмейтін шығар). Қарлығаш әжей екеуміз кезектесіп, ақжарма тілегімізді айттық. Галя әжей бір жылады, бір күлді, әйтеуір көңілі көбірек босап, жанындағы ақ адал серігіне риясыз тілегін жаудырды.
– Мурка, – деді ол даусы дірілдеп: – Менің жанымда болғаның үшін рахмет! Сергей сияқты жалғыз тастап кетсең, қайтер едім?! Ұзақ жаса!
Галя әжейдің жылағанын сезді ме екен, әлгінде жанында пырылдап жатқан сары мысық «мияу!» деп еркелей орнынан тұрды. Маған бұл көрініс қатты әсер етті. Қанша дегенмен Алланың үйіне кіруге рұқсат алған мақұлқаттан жалғыз осы мысық емес пе, демек айтар тілі болмаса да, жаны мейірімді болып тұр ғой деп менің де көзіме жас іркілді.
***
Кешқұрым жұмыстан келе жатсам, үй алдында Қарлығаш әжей отыр екен.
– Кел, қызым, отыр!
Қашанда күлімсіреп жүретін көршіміз бұл жолы да ақжарқын көңілімен әңгімесін жалғады.
– Галя әжең Муркасымен бақшасына кетті. Шие пісіп жатыр екен.
– Апай, сіз неге мысық асырамайсыз? Немерелер қызықпайды ма?
– Көкем-ау, осы үйге бір мысық аздық етіп жүр ме?
Екеуміз қосыла күлдік.
– Өз басым мысықты жақсы да көрмеймін , жек көрмеймін де. Мысық та Құдайдың жаратқан тіршілік иесі ғой. Жер үй болса бір жөн, онсыз да қуықтай тар үйде мысық асырап, обалына қалып қайтеміз, дұрыс па?
– Мысықты жақсы көргендер енесімен тату болады дегенді естіп едім.
– Ай, айналайын-ай, осындай ақылға сыймайтын сөзді қайдан тауып аласыңдар, а? – Қарлығаш әжей күле отырып, сөзін қайта жалғады. – Әйтеуір мысық Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүйікті жануары болған дегенді естідім. Ал енді ене мен келіннің татулығына мысықтың қатысы жоқ-ау. Отбасының татулығы үлкеннің бауырмалдығына, кішінің ізеттілігіне байланысты ғой.
– Апа, Сергей деген кім?
– Сергей Галяның жалғыз ұлы. Жоғары оқу орнын Мәскеуде оқыды да, сол жақта тұрақтап қалып қойды. Алғашында шешесін іздеп, қоңырау шалатын. Үйленген соң қара шаңырақты мүлдем ұмытты. Өлі-тірісі белгісіз. Галя байғұс он жыл өтсе де жалғызым іздеп келер деп үміттенеді.
– Мәскеуге неге іздеп бармаған?
– Барды. Көп ұзамай қайтып келді. Бірақ ұлы туралы ашылып ештеңе айтпады. Қазір бар алданышы – мысығы. Қайсыбірде сендерге айтқаным осы еді. Үлкен кісі ғой, айтқанын екі етпей, көңілін қалдырмаңдар, батасын аласыңдар.
...Есік алдына такси көлігі келіп тоқтады. Ішінен екі шелек шиесі бар Галя әже түсіп келе жатыр. Муркасын сөмкесіне салып алыпты.
– Жас келген сайын, адам шаршайды екен, Қарлығаш. Бақшаны сатамын деп шештім. Жақсы адам болса, арзан бағаға беремін.
– Шаршайсың ғой, уақыт бәрібір өзінікін алады. Бұл шешіміңді қолдаймын.
– Бақшамды сатқан соң Мурка екеуміз тынығамыз. Солай ма, балам?
Галя әжейді аяп кеттім. Мысықты да баладай баптап, одан мейірім күтеді екен-ау... Қартайған шақта жалғыздық деген қандай қиын...
***
Бүгін жексенбі. Біз бұл күнді «қалың ұйқыға» арнаймыз... Есікті біреудің дамылсыз қаққылауынан шошып ояндық.
– Жас кездеріңде ұйқыдан артық бақыт болмайды. Қартайған соң ұйқының жау екенін ұғасыңдар! – Галя әжей үйге самбырлай сөйлеп кірді. Қолында мысығы.
Айнұр әжейді көрген бойда шала-шарпы амандық сұрасып, ұйқысын қимай бөлмесіне қайта кіріп кетті.
– Маған ренжімеңдер, сендермен сөйлесіп, шай ішкім келді. Қарлығаш әжелерің отбасымен бірге жақын жердегі туыстарына кетіпті. Олар болмаған соң, сендерге келдім. Үйге сыймадым.
– Жоқ, ешқандай реніш жоқ, қайта ерте оятқаныңыз жақсы болды. «Ерте тұрған әйелдің ырысы артық» дейтін әжем, қазір шай қоямын.
Лезде шәйнекті қайнатып, жұмыртқа қуырып, әжей екеуміз шүйіркелесіп, таңғы асымызды іштік.
– Үйде неше баласыңдар?
– Үш ағайындымыз. Негізі анам төрт құрсақ көтерген екен.
– Мен қазір қазақ әйелдеріне қызығатын болдым. Бұрын өздерін аямайды, сыған сияқты шұбырып жүреді, жылда бала туады деп сөгуші едім, қартайғанда баладан асқан қызық жоқ екенін көріп жатырмын. Баланың көптігі үйді толтырады екен ғой.
– Иә, «Балалы үй – базар» дейді.
– Қазақтың бауырмалдығына, мейірімділігіне, қонақжайлығына, кеңдігіне қызығамын. Қартайған соң туыстың, баланың көп болуы керек екенін түсіндім. Менің інім мен сіңлім бар. Қазір олардың қайда екенін, өлі-тірісін білмеймін. Олар тұрмақ, жалғыз ұлымның қайда жүргенінен хабарсызбын. Солардан маған адал болғаны осы – Мурка. Жанымнан артық жақсы көремін. Жарайды, енді мен қайтайын, – деді Галя әжем мысығын сипап.
Біз сол күні де, ертеңіне де, одан кейін де көрші әжелерді көрмедік. Жұмысқа ерте кетеміз, кеш келеміз, кейде саябақта серуендеп жүреміз... Бірде жұмыстан келе жатып, есік алдынан жедел жәрдем мен полиция көлігін көрдім. Қарлығаш әжейдің өңі қашып кетіпті. Жылағанын байқадым.
– Айналайын, қызым, Галя әжеңді соңғы рет қашан көрдің?
– Апа, тыныштық па? Соңғы рет өткен жексенбі күні таңертең көрдім. Одан кейін жұмыстан кеш келіп жүрген соң, әжейдің үйіне бармап едім.
– «Жан бар жерде қаза бар» деген, айналайын, әжең ана дүниеге жүріп кетіпті.
Күнде көріп, сөйлесіп жүрген адамды жоғалту оңай емес екен... Сол күні біртүрлі үрейдің құшағында болдық. Өлім бәріне қорқынышты көрінеді емес пе?.. Сол түні Мурка түнімен мияулап шықты...
***
Әр ұлттың салты бөлек. Қарлығаш әжемен бірге Галя әженің соңғы садақасына бардық. Мәскеуден жалғыз ұлы Сергей келіпті. Мәйіттің жанында Мурка жатыр екен. Біртүрлі ұйықтап жатқан адам сияқты. Галя әженің екі көзін тиынмен бастырып қойыпты...
Түс ауа үйге сыймай, Қарлығаш әжейдің есігін қақтым. Ол да көңілсіз отыр екен.
– Галя жақсы адам еді. Көп сөйлегені болмаса, кісі баласына зияны жоқ еді ғой. Қулық-сұмдықтан ада болды. Ақтық сапарға кеткенше, ұлын күтумен жүрді. Адам осынша мейірімсіз болар ма еді? Тірі кезінде анасының қадірін білмей, жағдайын сұрамай, өлген соң пәтерін алуға келіпті...
– Әжей, Сергей Мурканы не істейді екен? Өзімен бірге Мәскеуге алып кететін шығар, ә?
– Айналайын-ай, шешесіне тасбауыр адам мысыққа мейірленеді дейсің бе?
– Әжей, айтпақшы, Галя әжейдің көзін неге тиынмен бастырып жауып қойған?
– Қызым, Галяның ақтық сапарға аттанғанын білмей қалыппыз. Біз ауылда болдық, сендер жұмыстасыңдар. Ауылдан келген күні есігін қақтым. Ашпады. Танитындардан сұрап едім, бәрі хабарсыз. Базаршылап кеткен шығар дедім. Содан кешкілік мысығы тынымсыз мияулады. Бір сұмдықтың болғанын сезіп, дереу жедел жәрдем мен полицияға хабарластым. Одан кейінгісі өзіңе мәлім. Көзін неге тиынмен жапқанын білмеймін. Біреулер марқұм жан тапсырғанда жанары ашық қалыпты дейді, біреулері мысығы көзін жеп қойыпты дейді... Негізі өлген адамның қасына мысықты кіргізбейді ғой. Бұрын қаза тапқан жанның қасына күзет қоюшы еді. Мұндай боларын кім білген?! Байғұс мысықтың да қарны ашқан болар...
Сол күні ұйықтай алмадым... Көз алдыма адам жеп отырған сары мысық елестеп, түнімен шошынып, сандырақтап шығыппын. Ертесіне де осындай күйге түстім. Содан біраз уақытқа дейін өз-өзіме келе алмай жүрдім. Көп ұзамай Галя әжейдің үйіне жаңа көршілер көшіп келді. Галя әжейді жерлеген соң Сергейді де, Мурканы де көрмедік. Сергей Мәскеуге кеткен шығар, ал Мурканы кім білсін? Қазақ: «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» деуші еді ғой, иесі өлген «жақсы мысықтардың» қайда жүретінін кім білген?!
Айгүл Жұбаныш
Abai.kz