Қазақстандықтардың 71,6%-і ауқымды реформаны күтеді
Сауалнама қоғамда ел президентіне деген сенім деңгейі ең жоғары екенін көрсетті – 61,3%. Ал азаматтардың 17%-і президентке сенбейтінін білдірді. 2023 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда, мемлекет басшысына оң көзбен қарайтындардың үлесі төмендеген – ол кездегі көрсеткіш 69,4% еді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Азаматтар билікке сенеді, бірақ ашық сынаудан қорқады
DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониториң жүргізу бюросы 2026 жылғы 24 ақпаннан 6 наурызға дейін «Билік институттарына қоғамның сенімі» тақырыбында азаматтар арасында сауалнама жүргізгендерін мәліімжеді. Жобаны MediaNet Халықаралық журналистика орталығы PAPERLAB зерттеу орталығымен ынтымақтаса отырып, Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен жүзеге асырды.
DEMOSCOPE зерттеуі қоғамда қарама-қайшы болғанымен, орнықты тренд қалыптасқанын көрсетті – мемлекеттік институттарға сенім деңгейі салыстырмалы түрде тұрақты бола тұра, терең әрі жүйелі өзгеріске деген сұраныс та бар.

Сауалнама дерегіне сүйенсек, азаматтардың басым көпшілігі – 85,4%-і елімізге өзгеріс керек деп есептейді. Бұл сұраққа жауап бергендер арасында ауқымды және шешуші реформа күтіп жүргендердің үлесі басым – 71,6%, тағы 13,8%-і аздаған өзгеріс жеткілікті деп санайды. Респонденттердің 10,7%-і елімізге ешқандай өзгерістің керегі жоқ, бәрі қазіргі қалпында қала берсін дейді.
DEMOSCOPE бюросы осыған ұқсас сауалнаманы 2023 жылдың желтоқсан айында да жүргізген болатын, ол кезде өзгерісті қалайтындардың жалпы үлесі 89,9% болған.
Зерттеу нәтижесі кейінгі 12 айда салыстырмалы түрде билік органдарына сенім бар екенін көрсетіп отыр. Сауалнамаға жауап бергендердің жартысының (50,3%) сенім деңгейі өзгермеген. Респонденттердің 23,4%-і сенім деңгейі артқанын айтса, 19,7%-і сенімі төмендегенін хабарлады.

Сауалнама қоғамда ел президентіне деген сенім деңгейі ең жоғары екенін көрсетті – 61,3%. Ал азаматтардың 17%-і президентке сенбейтінін білдірді. 2023 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда, мемлекет басшысына оң көзбен қарайтындардың үлесі төмендеген – ол кездегі көрсеткіш 69,4% еді.
Халықтың сенімі жөнінен рейтиңде екінші орында әкімдіктер тұр – сауалнамаға қатысқандардың жартысы (50,2%) әкімдіктерге сенім артса, шамамен үштен бірі (29,8%) сенбейтінін айтты.
ҚР үкіметіне респонденттердің 47,4%-і сенуге болады десе, 27,7%-і сенуге болмайды дейді. Рейтиңде бұдан кейін құқық қорғау органдары тұр: азаматтардың 46,8%-і күш құрылымдарына сенетінін айтса, 32,5%-і сенбейтінін білдірген. Сот жүйесіне келгенде сенімсіздік деңгейі бәрінен төмен, респонденттердің 43,7%-і соттарға сенетінін айтса, 30,6%-і сенбейміз дейді.
Респонденттердің жасына орай талдау айтарлықтай айырма бар екенін көрсетіп отыр. Қолдау білдіретін негізінен 18-29 жас аралығындағылар болса, 50-59 жастағылар арасында сенім деңгейі мейлінше төмен. 18-29 жастағы респонденттердің президент пен үкіметке сенім деңгейі сәйкесінше 72,5% және 59,4%. 50-59 жастағылар арасында бұл көрсеткіш сәйкесінше 51,2% және 35,4%.
Респонденттердің айтарлықтай бөлігі, атап айтқанда 20%-тен 28%-ке дейінгі бөлігі билік органдарына сенім туралы сұраққа жауап беруден қиналуы назар аудартады. Мұндай белгісіздік тақырыптың шетін екенімен және өзіндік цензурамен байланысты болуы мүмкін.

Саяси жағдайды көрсететін тағы бір маңызды көрсеткіш азаматтардың билікті ашық сынау мүмкіндігі деуге болады. DEMOSCOPE дерегі қоғамда пікірін ашық білдіруден қорқатындар көп екенін көрсетті – қазақстандықтардың жартысынан астамы (56,1%) интернетте биліктің әрекетін ашық сынаудан қаймығады, мұны қауіпті деп санайды. Оның ішінде 28,5%-і үзілді-кесілді ашық сынау қауіпті деп санаса, 27,6%-і сын айту қысымға немесе сотқа тартуға әкеп соғады деп қауіптенеді.
14,4% респондент сынауға болса да, нақты аты-жөнін атаудың қажеті жоқ деп санайды. Тек 9,8%-і ғана мемлекеттік органдардың атына сын айту ешқандай да қорқынышты емес деп сенеді. Респонденттердің 19,7%-і бұл сауалға жауап беруге қиналған.
Ашық сыннан қорқу мен билік институттарына сенім деңгейі арасындағы өзара байланыс зерттеудің негізгі нәтижесі болды. Талдау билікті сынаудан қорқу деңгейі неғұрлым жоғары болған сайын билікке деген қоғамның сенімі соғұрлым төмен екенін көрсетті. Билікті сынауда тұрған ештеңе жоқ деп санайтын респонденттер арасында президентке сенім деңгейі 83,2%, ал орташа көрсеткіш 61,6%. Билікті ашық сынауды үзілді-кесілді қауіпті деп санайтындар арасында президентке сенім деңгейі айтарлықтай төмен – 56,1%.
Қазақстан үкіметіне қатысты жағдай да осыған ұқсас. Үкіметті ашық сынаудан ешқандай қауіп жоқ деп есептейтіндердің үлесі 70,8%, ал бұл сауал бойынша орташа көрсеткіш – 47,4%. Үкіметті сынау мейлінше қауіпті деп санайтын респонденттер арасында бұл көрсеткіш 41,9%-ке дейін төмендейді.
Сауалнама азаматтардың мемлекеттік шешім қабылдауға ықпал ету мүмкіндігін де зерттеді. Бұл сұрақтың нәтижесі қоғамдық пікірдің қарама-қайшылығын көрсетті – қазақстандықтардың 47%-і қарапайым азаматтардың биліктің шешіміне шынайы ықпал ету мүмкіндігі жоқ деп есептейді. Ал 46,3%-і азаматтар шешім қабылдауға ықпал ете алады деп санайды.
Бұл сұрақта да жас тобына қарай айырма байқалды. Айтарлықтай энтузиазм 18-29 жастағыларға тән, олардың 56,1%-і мемлекет шешім қабылдау процесінде үнімізге құлақ асады деп сенеді, ал ересек топта (50-59 жас) бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен – 39,4%.
Сауалнамаға қатысушылардың әлеуметтік оптимизмін бағалау үшін Қазақстан дұрыс бағытпен дамып жатыр ма, әлде бұрыс кетті ме деп сұрадық. Қазақстандықтардың 44,6%-і еліміз дұрыс жолмен жүріп бара жатыр деп санаса, тағы 27,8%-і дұрыс бағытпен кетіп бара жатқан шығар деген ойда. Жалпы респонденттердің 18,7%-і еліміздің даму бағыты қиыс кетіп барады деп санайды.
2022 жылы Қазақстан президенті «Әділетті Қазақстан» құру жолына түстік деп хабарлады. Сауалнамаға қатысқандардың 55,6%-і бұл тұжырымдама биліктің шынайы әрекетіне сәйкес келеді деп ойлайды. Ал 33,8%-і қарама-қайшы пікірде, олар қазіргі жағдайды әділетті деуге болмайды деп санайды.

DEMOSCOPE зерттеуінің нәтижесі қалыптасқан парадоксты тағы да паш етті – билік институттарына сенім деңгейі тұрақты бола тұра, Қазақстанда нақты реформалардың қажеттігіне сұраныс жоғары және көбінесе қоғамның сұранысы елеусіз қалып келеді. Бұл сенімнің шартты сипатта екенін және айтарлықтай өзгерістің қажеттігін жоққа шығаруға болмайтынын көрсетеді.
Сөйте тұра, билікті ашық сынаудан қаймығатын қазақстандықтардың едәуір бөлігі ұзақ мерзім тұрғысынан бұл сенім орныға түсе ме деп қауіптенеді. Қазіргі экономикалық жағдай, бағаның өсуі мен халықтың табысының азаюы үкіметтің алдына азаматтарды қорғау және олардың тұрмыс жағдайын жақсарту бойынша нақты шараларды қолға алып, қоғамның үміті мен азаматтардың сенімін нақты өзгеріске айналдыру міндетін қойып отыр.
Abai.kz