Жұма, 24 Сәуір 2026
218 0 пікір 23 Сәуір, 2026 сағат 21:37

Елордада «Astana Eurasian Book Fair-2026» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр

Сурет: gov.kz сайтынан алынды

Елордада «Astana Eurasian Book Fair-2026» IX халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр. Бұл – Орталық Азиядағы ең ауқымды мәдени-ағартушылық іс-шаралардың бірі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астанадағы көрме-жәрмеңке «Фолиант» баспасының ұйымдастыруымен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен елорда әкімдігінің қолдауымен өтіп жатыр.

Биыл «Astana Eurasian Book Fair-2026» алаңында 80-ге жуық қатысушы жиналды – ғылыми-білім беру және полиграфиялық ұйымдар, баспалар. Қатысушылар қатарында тек қазақстандық емес, сондай-ақ Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия, Испания, Қытай, Иран, Беларусь, Португалия, Венесуэла және Ұлыбритания елдерінен келген компаниялар бар.

Іс-шараның мазмұнды бағдарламасы кездесулерді, кітап таныстырылымдарын, автограф-сессияларды, пікірталастарды, шеберлік сабақтарын және тағы басқа іс-шараларды қамтиды.

«Алматыкітап баспасы» баспасының президенті Гауһар Саймасаева көрмеге қатысуды тұрақты жұмыстың бір бөлігі деп санайды.

«Біз дәстүрлі түрде Eurasia Book Fest-ке қатысамыз және халықаралық алаңдарға – Франкфурт, Бейжің, Лондон, Италияға барамыз. Мұнда өз өнімдеріміз бен жаңа жобаларымызды ұсынамыз. Негізгі бағыт – «Менің Қазақстаным» сериясы. Ол 25 жылдан бері қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көріп келеді. Негізін қалаушы – Элеонора Баталова Нығметқызы. Биыл осы іс-шарада жаңа кітабымызды таныстырдық», – деді баспа басшысы.

Атқарушы продюсер Әлия Әшім де кітап жәрмеңкесіне қатысуды осы жұмыстың қажетті кезеңі ретінде қарастырады.
«Мұндай алаңдар оқырманмен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Біз осында отырып, неліктен заманауи авторларды оқудың маңызды екенін, оның ішінде әлі кеңінен танылмаған авторлар жайлы сөз қозғаймыз. Бұл – іс жүзіндегі ақпараттандыру. Онсыз ары қарай ештеңе жүзеге аспайды», – деді ол.

Беларусь баспасының өкілі Сергей Циунельдің айтуынша, командасымен бірге Қазақстандағы алаңға алғаш келіп отыр, дегенмен компания бұған дейін елден тыс жерлерде жұмыс істеп, түрлі өңірлерде серіктестер іздеп келеді.

«Біз Минскіден келген баспамыз. Екі бағытымыз бар – «Новое знание» және «Открытая книга». Әртүрлі өңірлерде серіктестерді белсенді іздей бастадық. Қазақстан мен Өзбекстаннан басқа барлық жерде болдық. Бізді «Фолиант» шақырды, сондықтан келіп көрмек болдық. Бұл біз үшін жаңа алаң», – деді Минскіден келген қонақ.

«Мұнда әртүрлі жастағы адамдар келіп жатыр. Бірақ негізгі қызығушылық тек көркем әдебиетке ғана емес, балаларды оқыту мен дамытуға бағытталған. Ата-аналар нақты нәтиже беретін кітаптарды іздейді. Бұл анық байқалады. Бұл – біз үшін ең маңызды тұжырымдардың бірі», – деп қосты ол.

Оның сөзінше, кітаптарға деген жалпы реакция оң, ал аудиторияның бір бөлігі баспа өнімдерімен бұрыннан таныс.
Еске салайық, халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі Астанада 26 сәуірге дейін жалғасады.

Abai.kz

0 пікір