Маралтай да дәл солай...
Ақын емеспін, алайда өзімді өлеңқұмар талғампаз оқырманмын деп ойлаймын. Қазақ поэзиясының өткені мен бүгінінің жалпы понорамасы жадымызды болғандықтан жылт еткен әрбір жаңалықты қалт жібермеуге тырысамын.
Қалам тербеп күн көретіндердің қатарында болғандықтан әлемжелі тасқынын сүзіп отырып рухани сұранысыма сай дүниелерді таңдап оқуды меңгеріп те алдым. Оның ішінде мен үшін поэзияның орны «бір төбе».

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.
Сонау 70-90 жылдар аралығында кеңестік тәртіптің рамкасына салынған «тақпақтардан» әбден мезі болып, құдіретті поэзиядан көңіліміз суи бастаған мезетте Маралтайдың «жыр сарайының қақпасын теуіп ашып кіріп» келген алғашқы жырларына жолығып қалып «Бәсе, осындай бір ақын болуға тиіс еді ғой» деп сусап келіп суатқа ұмтылғандай құныға бас қойған едім...
Сонымен бүгін «Ұлттық кітап мерекесі» күні қарсаңында Маралтай інімнің кезекті кітаптарыныңы бірі «Ақ батпырауық» жыр жинағының тұсауы кесілді.
Оның «Ақ батпырауығы» балалық шақтың, пәктіктің және биікке ұмтылған арманның символы екен.
Жалпы Маралтай жырларында асқақ рух пен нәзік лиризмді ұштастыра білген, сөз киесін терең ұғынатын қаламгер. Ол бұл жинағында да өзін лирик ақын ретінде де, ойшыл ретінде де тереңінен көрсете білген.
Батпырауық жерге жіппен байланса да, көкте еркін қалқығысы келетін зат. Ақынның поэзиясында бұл бейне жердегі тіршілікке қарамастан, жанның аспанға, идеалдарға ұмтылуы мен өткен күнге, балалыққа немесе аңсарлы арманға деген сағынышы.
Жинақта Маралтайдың жырларына тән ортақ сипат болған өмір мен уақыттың өтпелілігі, адам болмысының жұмбағы туралы толғаныстар көбірек орын алған. Сонымен қатар қарапайым затты (мысалы, батпырауықты) үлкен философиялық ұғымға айналдырып, дала рухы мен заманауи адамның ішкі жалғыздығын қатар өріп көрсете біліпті. Ақ батпырауық ақынның кіршіксіз көңілі мен биік мұратының көрінісі іспетті.
Ақын қанша есейсе де, тағдырдың қандай жолдарынан өтсе де, өзінің ішіндегі сол «мұңды баланы» және оның «ақ батпырауықтай» кіршіксіз арманын жоғалтпауға тырысады. Бұл ақын адамға тән ішкі арпалысы.
Жинақ ақынның өз ішкі әлеміне, өткеніне және болмысына жасаған терең саяхаты. Бұл туындыны Маралтайдың «рухани автопортреті» деп атауға болады.
Ақынның тілі бай, бейнелі, символдарға толы. Ол көне сөздерді де, жаңа тіркестерді де шебер қолданады. Өлеңдеріндегі ұйқастар мен ырғақтар өте қуатты, экспрессивті. Классикалық форманы сақтай отырып, оған жаңа метафоралар мен тың образдар қоса білген.
Оның поэзиясы жай ғана сезім емес, онда өмір, уақыт, тағдыр туралы терең ой бар.
Сенім, иман, адамгершілік те оның шығармаларындағы маңызды бағыттардың бірі. Бұл жағынан оның поэзиясы сопылық сарынға жақын.
Маралтайдың өлеңдерінде адам жаны, руханият, уақыт пен тағдыр мәселелері кеңінен көрініс табады.
Сонымен қатар, Маралтайдың поэзиясы «нәзік лирикадан» көрі, «түркілік асқақ жыраулық мектептің» жалғасындай қабылданады.
Қысқаша айтқанда, «Ақ батырауық» жай ғана өлеңдер жиынтығы емес, бұл қазіргі қазақ поэзиясындағы модернизм мен дәстүрдің синтезі.
Ұлы Мұқағали армандаған: «Туады, туады әлі нағыз ақын
Нағыз ақын бал мен у тамызытын» - сол ақын бүгінгі Маралтай Райымбекұлы. Жасырары жоқ, ауыспалы кезеңде қазақ болып туылып ана тілін толық меңгеріп үлгермеген бәзбір жас буын өкілдерін 21-ғасыр басында қазақ жырының көгінде жарқыраған Маралтайдай ақынның жырларын өз тілінде оқып сусындай алмаса... түйсініп... сезініп... рухани ләззат алуды білмесе бақытсыз жастар санатына қосар едім...
Түйін: Кеңес заманында Момышұлына ресми батыр атағы берілмесе де оны күллі халық «батырлардың батыры» ретінде танитын. Қазақ ұлты тіптен Момышұлынан басқаны батыр деп мойындай бермейтін... Оған соғысқа қатысқан аталарымыздың оңашада айтатын естеліктері куә...
Маралтай да дәл солай...
Амантай Тойшыбайұлы
Abai.kz