Жұма, 24 Сәуір 2026
Жаңалықтар 103 0 пікір 24 Сәуір, 2026 сағат 14:25

Адал еңбек – ел болашағының кепілі!

Сурет: z-taraz.kz сайтынан алынды.

Алматы қаласы Жетісу ауданы М.Жұмабаев атындағы №137 жалпы білім беретін мектепте «Адал еңбек» тақырыбында патриоттық акция өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойына еңбекқорлық, адалдық, отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу.

Акция аясында 7-сынып оқушылары патриоттық рухтағы би челленджін ұйымдастырып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Оқушылардың орындауындағы:

«Жолдас болмай, жол болмас,
Көп жиылмай, қол болмас.
Иесі кең даламның –
Мен, балаңмын!» — деген жыр жолдары олардың елге деген сүйіспеншілігін, бірлік пен ынтымаққа деген құрметін айқын көрсетті.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты бағдарламалық мақаласының мәні кеңінен түсіндірілді. Әділетті қоғам құру үшін әр азаматтың өзінен бастау керектігі, сондай-ақ ел бірлігі мен ұлттық бірегейліктің маңызы ерекше екені атап өтілді.

Сонымен қатар, тәуелсіздік жылдары түрлі салада жетістікке жетіп, ел дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдарының өмір жолы оқушыларға үлгі ретінде ұсынылды. Бұл жастардың болашақ мамандық таңдауда дұрыс бағыт алуына ықпал етеді.

Айта кетейік, «Адал азамат» бағдарламасы – білім беру ұйымдарында жүзеге асырылып жатқан біртұтас тәрбие жүйесі. Бағдарлама аясында оқушылардың азаматтық жауапкершілігін арттыру, рухани-адамгершілік және мәдени құндылықтарды қалыптастыру негізгі басымдықтардың бірі болып табылады.

Осындай мазмұнды іс-шаралар жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқарып, ел болашағының берік негізін қалайды.

Арайлым Балабаева,

М.Жұмабаев атындағы 137 жалпы білім беретін мектептің директордың тәрбие ісі жөніндегі  орынбасары. Алматы қаласы

Abai.kz

0 пікір