Депутаттардың айтысы: Мұғалімге кім бастық?
Елімізде қаншама жылдар бойы білім беру жүйесі әкімшілік басқару құзырында болып келді. Одан қазақстандық білім беру жүйесі «арыстандай секіріп, аспандағы айды ала алмады»... Керісінше, «мектеп директоры» лауазымы әкімшілік арқылы тағайындалып, оқу жүйесінде «директорлық диктатура» орнауға шақ қалған болатын...
Енді, міне, осы мәселе Мәжілісте тағы да қозғалды. «Баяғы бір әуен – сол әуен» демекші, бірқатар депутаттар М.Әбенов, Н.Сабильянов, Е.Саиров, Аралбайұлы 2026 жылдың сәуірінде Мәжілісте "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңға енгізілетін түзетулерді талқылау кезінде мектептерді (аудандық білім бөлімдерін) аудан әкімдіктерінің толық бағыныштылығына беруді қолдаған депутаттар тобының қатарында болды.
Ал, бұрын Оқу‑ағарту министрі болған Асхат Аймағанбетов бір өзі оларға қарсы болып, әкімшілікке мектептерді беруге болмайтынын дәлелдеп бақты... Енді осы екі тараптың уәждерін сіздерге ұсынамыз – саралап, снаға салып байқаңыздар.
М.Әбенов бастаған депутаттар тобының уәжі:
Қаржыландыруды оңтайландыру;
М.Әбенов бастаған депутаттар мектептерді қаржыландыруды жергілікті жерге — аудан әкімдіктеріне беру керек деп есептейді.
Басқаруды жеңілдету:
Мектепті басқару мен қаржылық жауапкершілікті жергілікті атқарушы органдарға (әкімдерге) толық беруді жақтайды.
Қарсы пікір айтушы А.Аймағамбетовтың уәжі:
Асхат Аймағамбетов мектептерді аудан әкімдеріне беруге қарсы шықты. Ол бұл бастаманың мектептерде оқып жатқан 4 миллион баланың болашағына қауіп төндіретінін, мектептерде білім сапасы төмендеп, мектептер әкімдерге тәуелді болып қалатынын ескертті. Мектепке маман мен мұғалім таңдауды әкімдерге беру – мектепті саясаттандыру екенін айтып, білім бөлімдерін әкімдіктен бөлуді талап етті.
Ол былай деді: Төрт миллион бала мектепте оқып жатыр. Олар бүгін мәжілісте өздеріне қатысты қандай заң қабылданып жатқанын білмейді. Сондықтан, балалар өз тағдырларына әсер ететін мәжіліс шешіміне қарсы шыға алмайды.
Мәселе ‑ мектептерді қайтадан аудан әкімдеріне бағындырғысы келіп отырғанымызда! Мектепті әкімшілік құзырына беруді қолдаушылардың негізгі уәжі мынау: олардың айтуынша, аудан әкімдерінің қолында ықпал ету тетігі аз екен, сондықтан оларға қосымша өкілет керек екен...
Ендеше, мақсат әкімдердің өкілетін кеңейту болса, онда оларға неге салық саласын, полицияны бермейді?
Бірақ, мемлекет тәртіп пен қаржы мәселесінде әкімдерге толық сенбейді, бірақ балалар тағдырына келгенде әлдеқайда жеңіл шешім қабылдауға әзір. Бұл қалай?
Осыған дейінгі ескі басқару жүйесінде мектеп әрдайым «өзекті» деп аталатын тізімінің ең соңында қалып келді. Тек, 2021 жылғы реформадан соң ғана облыстық білім жүйесін қайта қарап, сүзгіден өткізіп едік. Сол кезде 30 жыл бойы ашылмаған талай сұмдықтың беті ашылды ғой. Небір жемқорлық схемалар мәлім болды. Енді, білімді сол күйге қайта түсіргіміз келе ме?
Мұғалім беделі неге төмен?
Аймағамбетов мұғалім мәртебесіне қатысты былай деді:
«Реформаға дейін ұстаздар білім беруден гөрі түрлі науқан мен ұйымдастыру жұмысына тартылатын. Сондықтан, біз педагогті қорғадық. Реформадан кейін мұғалім сабақ бере бастады, директор мектеп басқаруға кірісті».
Осыны ескере келе, Аймағамбетов гибридті модель ұсынды:
1. Білім мазмұнына қатысты негізгі мәселелер облыстық білім беру деңгейде қалуға тиіс. Оған кадр, мектеп директорын тағайындау, аттестаттау, әдістеме, оқу бағдарламасы кіреді.
2. Ал шаруашылық бағыттағы міндеттерді әкімдікке беруге болады. Жылу, жарық, санитария, жөндеу, құрылыс секілді инфрақұрылымдық жүк аудан әкімдігінің мойнында қалсын дейді. Осы ұстаным арқылы ол мектеп директорын шаруашылық меңгерушісіне айналдырмай, ең алдымен білім сапасына жауапты тұлға ретінде сақтап қалуды көздейді.
Еліміз аудандық білім бөлімдерін жауып тастаған жоқ. Олар қазір де бар, жұмыс істеп тұр. Айырмасы біреу ғана: бұрын ол аудан әкіміне бағынышты болды, қазір облыс әкіміне не облыстық білім басқармасына қарайды. Бірақ, олар ауданмен байланысын үзіп кеткен жоқ – әрқашанда бір.
Сонымен, екі тараптың позициясы белгілі болды. Сіздер қай тарапты қолдар едіңіздер?
Біз болсақ, балаларға сапалы білім беру мен адами тәрбие ең басты орында тұруы керек деген пікірдеміз. Мектептер де тапжылмайтын директордың «жеке өрісіне» айналмауы тиіс!
Осыған «әкімнің бәрі Ыбырай Алтынсарин емес» деген пікірді қосып қоюға болады...
Әбдірашит Бәкірұлы, философ
Abai.kz