Жұма, 7 Тамыз 2026
Әдебиет 918 0 пікір 3 Тамыз, 2026 сағат 15:19

Балқаш кеші

Сурет: kaz.inform.kz сайтынан алынды.

Әңгіме

Шілденің екінші он күндігі, қарғаның миы қайнады, Алатаудың баурайындағы алып шаһар Алматының өзі аптап ыстықтан мазасызданды, елдің көбі кимдерін шеше көлге қашты, «бізде елден қалмайық»,- деп Нұрман да Балқашқа баруға  алғаш рет ниет етті, «көл жағасында шайтандардың тұзағы құрулы тұрады»,- деген талай жылдың алдындағы ең алғаш естіген қоңыр дауысты жігіттің уағызы құлағына келе қалды. Ойы бір бұзылған адам демалыс кезінде үйге симайды, дала күйіп тұр, үйде кондиор бірақ бірдеңе жетспейді. Ішіндегі ақ иті мен қара иті тоқтаусыз күресіп жатты.

Балқашқа жақын маңда қыстау-жайлауында мыңғырған малы бар Лепсінің тумасы Жақпбек досы бір қойын рухтар көкке көтерілген дүйсенбіде «ел-жердің бүтіндігі, ұрпағымыздың өсіп өніп көз қуанышмыз болуы» ниетімен сойатынын айтқан уатсаптағы жазбасын оқыған Нұрман Балқашқа баратын уақыт жетті,- деп таң намаздан соң әйел-бала шағасын алып, қара тұлпардың үстіне жайғасып құйындай жүйткіді. Ә, дегеннен-ақ Қапшағайды артқа тастады, ойпаң жермен орғытты, дөмпең жермен сырғытты, тиген жері ошақтай ойып кетіп барады, басқан жерде «Балқаш» деп шауып кетіп барады, боз даланның сар желімен жарысты, гулеп кетіп барады, зулап кетіп барады, жол бойындағы бағаналар іркес-тіркес құлап жатты.  Шеңгелдіге барып сергекте есін жиып тізгін тартты. Талдықорғанның үлкен асуы Арқарлы жотасына жетті, артта қалған бел белске бір қарап қол бұлғады, гәзбен бара жатқан тұлпары кісінеп жіберді, сол саусағын тигізгені сол-ақ екен, бензинге аусты, бір сілкінген қара айғыр құйындай жүйткіді. Қара жолдың жон арқасын тілгілей шапты, үзік сызық бар жерде талай өзі теңдес тұлпарды артқа тастады. Нұрман атымен сөйлесе бастады...шу жануар шаба түс деп,- басын бос тастады, торғайлар пыр етіп ұшқанда қанатын сипаған арғымағы арқырап кетті, «Рахим би» кесенесі тұсында сол аймақта жатқан игі жақсыларға он бір «Ықлас сүресін» оқып «Һу» деді, тұлпарың жал-құйырығы таралып шу деді, «ар жердің өз иесі бар, біз білмейтін киесі бар» олар тірі сәлеміңді алады деді,- тұлпары, сені Алла жаратты, ал мені адамдар жасадыңдар, бір ғана тізбек бойындамыз деп,- бас шұлғыды қара тұлпар. Қызыл жолбарыс киесі бар Балпық би әулие тұсына келгенде тізгінді тарта бір Фатиха үш Ықылас  оқып «Һу» деді.  Талдықорғанның сыртымен Лепсі бұрылысына жетіп сары далаға жетті, сексеуіл, жыңғыл, жусан, мия, түйетікен, сасырлар бастарын иіп сәлем берді алыстан келген жолаушыға, Нұрман да сәлем алып аз кідірді, әйел бала-шағасы ұйқыда, жалын тараған тұлпары оқырына жан-жағына қарады, желмен жарысты, жануардың кекілінен аққан терін сүртті, қазақтың апай төс даласы, кең аспан, төбеде бұлттар қалқиды. Көз алдында сағым ойнады. Сағым арасынан Қазақ батырларының рухын көрді....

Күн шүлен шұғыласын шашып тұр. Сахара төсі, шөлейтті құмды дала, тал, тораңғы, жыңғылды тоғайлар. Ыстықта сарғайған желемік желмен баяу тербеледі. Бек әулие тауы «бұл маң біздікі» деп,- биіктен көз салады. Қабанбай, Матай Бөрібайұлы, Мықтыбек Тағайұлы, Әлтеке Жидебайұлы, Райымбек сынды батырлар болған еді аруақты, Жоңғарлар түсінен шоши сандырақтады, Балқаш-Іле атырабында бел шешпей аттан түспей шайқасты. Атақ-даңық, ақша дәметпей Құдай алдында жүзміз жарқын болсын деп,- келшек ұрпақ біздер үшін осынау кең-байтақ құт мекенді тастапты. Орыс отаршылдары келгенге дейін бұл маңда жолбарыстар жортып, жабайы шошқаларда қорсылдап, елік, киік, қарақұйрық, түлкі және борсық, қоян шұбырды.

Қара тұлпарын кісінете Нұрман Балқашқа жақындады, күн қиғаштай төбесіне жақындап келеді. Ыстық самал соғады. Көл маңында қамыс, құрақ және жөке желмен тербеледі. Балқаш әлемдегі он ірі үлкен тұйық көлдердің бірі, қызғылт және бұйра бірқазандар, бакландар көл бетіне сән бере жүзеді. Суда сазан, ақмарқа, алабұға, жайын, табан, амур және ақбалық көл жаралғаннан бері осында. Батысы мен шығысы 614 шақырым, ені 3,5 шақырымнан 44 шақырым арасында. Көлдің ең терең жері 26 метр. Көлдің батысы тұщы. Шығысы ащы. Балқашқа Іле, Қаратал, Лепсі өзендері жеткенше асығады.

Дәреттерін жаңалап азан шақырды, бесін намаздарын жамағатпен өтеді. Анадайда сар самауыр қайнап, үш бұтты ошақтың үстінде қара қазанда марқаның еті былқып,исі ат шаптырм аумаққа тарап тәбетіңді ашады. Алпыс адамды қанатына алған лапастағы столдың бетінде дастархан жайнап тұр. Бақытбек, Абылай, Мейрлан, Арман, Нұрман бәрі де отбастарымен іркес-тіркес келіп ақ дастарханның басына қонжиды. Көзі жанған, құлағы делдиген көкқасқа қойдың басын көтеріп қонақ иесі амин,-деп тұрыстық бере қалды, жастары қатарлас, түрлері шамалас құрдастар "ал бата бер" деп,- бір-біріне қарасты, барлығының жанары Нұрманға түйісті, Амин десең бізге, Құдай берсін саған, Ел деп,- соққан тілігің қабыл болсын әмәнда, отбасы мен отан бақтын Жартқан Алла баршамызға баянды қылсын, ұлдарымыз намысты, қыздарымыз арлы да ибалы болсын, қайырлы бақтты ғұмыр кешсін, елдің тұтқасы болсын, амин деп бет сипаған жігіттер таудай ет, көлдей сорпаның ішінде жүзді.

-Мен таңғы ас ішпейім, ал түскі асты қомағайлана соғамын, таңғы асты зорланып ішкенімен өзімді жайсыз сезінем, тек түсте тамаққа тәбетім ашылады деп,- Мейырлан шердиген қозы қарнына көз салды.

- Жапондар қарны шыққан адамды ауру деп, емханаға шақыртады екен. Арман асығыс сөйледі.

- Бізде қарны жоқ адам ауру саналады-ау деп,- Бақытбек сөзге араласты.

- Мен таңғы асты тастаған емеспін, түскі астыда жақсы жеймін, кеште түлкі құрсақ жатам деп Абылай мойнын соза үн қатты.

- Кешіріп-қойыңыздар, мен кеште тамақ ішпесем ұйқым келмейді деп,-Жақыпбек қонақтарына қарап менікі дұрыс па? дегендей сыңай танытты.

-Әр адам өз алдына бір бөлек, негізі  әр кім ағзасымен сөйлесіп қарны ашқанда тамақ жегені ең дұрыс па,- деп ойлаймын,- Нұрман өз сөзіне өзі риза болды.

Осы көлдің аты неге Балқаш деп Абылай әңгіменнің ауанын басқа жаққа бұрды. Баяғыда Жетісуда бір бай өмір сүріпті, байдың Балқия есімді сұлу қызы болыпты. Жақындары оны еркелетіп Балқаш деп атапты. Әкесі қызы бесікте жатқанда досымен құда болыпты, ол кезде қыз періштеге жаңа езу тарытқан екен. Айлар аунап, жылдар жылыстап құдалықтың алғашқы алым-берімін жасай бастайды, алайда қыз атастырылған жігітін еш ұнатпайды. Өз ауылдасы Ерден атты кедей жігітке ғашық болады, ұзатар уақыты таяп, қыздың мазасы кете бастайды, ебін тауып Ерденмен бірге қашып кетеді. Екі жас елден жырақтап үлкен көлдің жағасына келіп, қалың қамыстың арасында жасырынып өмір сүре бастайды. Бір күні жабайы қабан  абайсызда Ерденді ауыр жаралайды. Балқаш қанша күтім жасағанымен, жігіттің жарасы асқынып, көп ұзамай қайтыс болады. Сүйіктісінен айырылған қыз көз жасын топыраққа шылап жігітін жерлейді. Сол кезде Балқашты іздеп туыстары келеді, қыз көлдің бетінде қолын бұлғап тұрған жігітін көреді, көлге секіріп кетеді. Осыдан кейін осы көлдің аты Балқаш болыпты. Отырғандардың барлығы ойға шомып кетті....

Құдды аспан жерге құлап түскендей алып көлдің бас-аяғына қарауға жанарың талады. Көл беті шымырлап болымсыз толқын жағаны баяу ұрғылайды, тауықтың мүжілген сыирағы, мен пиуаның құмырасы жағаға соғылады. Бисмиллаһ деп суға түсті, су жылы да жұмсақ жағадан алыстаған сайын тереңдеп барады. Суда асыр сала доп алып қашу, бутолкаға құм салып су түбіне жіберіп оны табу, көкпар тарту сынды бірнеше ойындармен кешті батырып мәре-сәре күй кешіп, бір жылдық ішке жиналған ыстық энергияны шығарды, бойлары жеңілдеп жырғап қалды... бір күн бұрын келген базарда істейтін достары Алматыға қайтты.

Нұрман өз отбасымен қалды. Елден оңаша болысын деп,- ең шеткі қоналқыға тоқтаған еді, түсте шулап жүрген елдің қарасы азайып, берен-саран адам болмаса ел аяғы сиреген. Әйел бала-шағасы жолдан шаршаған, бөлмелеріне кірді. Жұрттан бөлек ой кешкенді қалайтын ол кішкене құмдауыт төбеден асып су жағасында қаздай тізілген тапшанның біріне жантая, көлге қарап тапжылмай жатты....суық та ыстық те емес қоңыр самал бетін өпті...

Күн көкжиекке баяу сіңіп, соңғы алтын шапағын Балқаш көлінің айдынына төкті. Аспанның қызыл бояуы күлгінге, одан қою көкке ауысқан сайын көл де өзгеше кейіпке енді. Күн артына қарап аз тұрып, көлге түсіп кетті. Күндіз қыз-қыз қайнаған көл жағасы үнсіздікке өтті, табиғат беймәлім бір құпияның шымылдығын түргендей болды. Көл жағасындағы тапшанда азан шақырып ақшам намазан асықпай оқыды.

Ай толықсып шығып, көл бетіне күміс сәулесін шашты, толқындар гауһар тастардай жарқырап қоя берді. Жағалаудағы қамыстар әлдекіммен сыбырласқандай баяу тербелді. Сол сыбырдың арасынан адам құлағына анық жетпейтін, бірақ жүрекке сезілетін жұмбақ үн естілді. Бұл желдің үні ме, әлде көлдің өз үні ме? оны ешкімде білмейді. Құрулы қалың қатар-қатар тұрған балқышлардың торы сияқты торларды көрді, көз ұшында бұлдыр бейнелер тоқтаусыз жүреді, құмды жағалауда аяқ дыбыстары естіледі. Айатул-курси, кафирун,ықылас, фалақ, нас сүрелерін үш қайтар оқыды. Бәрі тым-тыныш. Су беті тынши қалды. Толқын тоқтады. Жел де сап тыйылды. Сол мезетте көлдің ортасынан көгілдір сәуле баяу көтерілді. Әуелде ол ай сәулесінің шағылысы сияқты көрінгенімен, бірте-бірте жарығы күшейіп, су астынан алып бейне қозғала бастады.

Көп ұзамай көлдің тереңінен бұрын-соңды ешкім анық көрмеген су жануары көрінді. Оның денесі балыққа ұқсайтын, бірақ мойны ұзын, арқасын күміс қабыршақ жапқан. Әр қозғалған сайын денесінен көгілдір сәуле шашырап, айналасындағы суды оттай жарқыратып жібереді. Көздері қараңғылықта лағыл тастай жанып тұр. Ол ешкімге қауіп төндірмеді. Керісінше, көлдің иесі секілді сабырлы әрі айбарлы.

Сол сәтте көлден шыққан үн бұрынғыдан да анық естілді.

«Адамзат мені су деп қана көреді. Бірақ мен ғасырлардың жадымын. Менің түбімде ұмытылған қалалар, жоғалған тағдырлар, орындалмаған армандар жатыр...»

Бұл сөздерді Нұрман құлақпен емес, жүрекпен естіді. Азан шақырып құптан намазын өтеді. Екі сүнет, үтір уәжіп намазын баппен оқып таспиқ тартып дұға жасады. Қайта тапшанға жайғасып көлге қарады.

Көлдің бетінде бірінен соң бірі бейнелер пайда бола бастады. Ежелгі сақ жауынгерлері тұлпарларымен шауып бара жатты. Артынша Үйсін атты әскері, Көк түріктер, Түрік қағанаты, Түркештер, Қарлұқтар, Қарахан, Шыңғыс баһдүрлері, Қаза хандығы, Алаш әскерлері көлдің үстінде сап түзеп кетіп бара жатты. Кешегі қызыл үкімет тұсындағы балықшылардың мұңды әні, аналардың әлсіз әлдиі, егемендік туын көтерген жігттер ата-баба есімін ұран етіп толқындардың арасын қайта жаңғыртты. Құдды кино көргендей Нұрман үнсіз қарап отырды.

Су жануары көлді айнала жүзді. Оның қозғалысынан кейін айдын бетінде көгілдір шеңберлер пайда болып, аспандағы жұлдыздар суға құлап жатқандай болды. Табиғаттың тылсым күші сол түні жер мен көкті, өткен мен бүгінді, адам мен табиғатты бір арнаға тоғыстырғандай еді.

Алып мақұлық баяу ғана тереңге сүңгіп кетті. Көгілдір сәуле де біртіндеп өшті.

Түн тереңдеген сайын Балқаштың үстін көгілдір тұман баяу басып, көл мен аспанның арасы жалғасып кеткендей болды. Ай сәулесі енді тек су бетіне ғана емес, толқындардың астына да төгіліп тұрғандай. Әрбір толқын күміс қоңыраудай сыңғырлап, үнсіз әлемге беймәлім әуен таратады. Көлдің дем алғаны сезіледі. Ол жай ғана су емес, алып тіршілік иесі секілді баяу тыныстап жатты.

Кенет көлдің ортасында су беті екі айырылып, қара көк тереңнен мөлдір хрусталь сарайдың мұнаралары көрінді. Мұнаралардың қабырғасы ай сәулесін мың құбылтып, жұлдыздардың жарығын шашыратып тұрды. Бір сәтке ғана көрінген сол сарай қайтадан тұңғиыққа сіңіп жоқ болды. Тек оның орнына көгілдір сәуле ұзақ уақыт тербеліп тұрды.

Желдің бағыты өзгерді. Қамыс арасынан ақ қанатты тырналар ұшты. Бірақ олар аспанға ұшқан жоқ. Ай сәулесінің бойымен қалықтап, көлдің дәл ортасына қарай самғады. Қанаттарынан түскен аппақ қауырсындар суға тимей тұрып інжу-маржанға айналып, толқындардың қойнына сіңіп кетті.

Сол кезде алып су жануары тағы да көрінді. Бұл жолы оның арқасын көне түркі өрнектеріне ұқсас алтын таңбалар көмкеріп тұрды. Таңбалары оттай жанып, кейде көк, кейде жасыл, кейде алтын түске құбылды. Ол құйрығын баяу сермеген сайын көл бетінде шексіз шеңберлер пайда болып, әлгі шеңберлерден көне қобыздың қоңыр үні естіле бастады.

Әуен күшейген сайын Балқаштың жағалауындағы құм бетінде ежелгі жазуларға пайда болды. Әрбір жазу ғасырлар бойы айтылмаған сырды сақтап келгендей еді. Жел сол жазуларды оқып тұрғандай күбірлейді. Су да, құм да, аспан да бір ғана тылсым тілде сөйлесіп тұрғандай.

Осы кезде аспанның ең жарық жұлдызы кенет қозғалып, ақырын ғана көлге қарай төмендей бастады. Ол суға құлаған жоқ. Су бетіне қонып, аппақ лалагүлге айналды. Лалагүлдің ортасынан күміс сәуле көтеріліп, бүкіл көлді  бөлек бір нұрға бөленді. Сол нұрдың ішінде адамдардың көзінен жасырын өмір сүретін су перілері көрінді. Олардың шаштары балдырдай толқып, дауыстары бұлақтың сылдырына ұқсап, Балқаштың мәңгілік жырын айтып тұрды.

Су жануары солардың ортасына келіп басын иді. Бұл көлдің патшасы емес, ол мәңгілік күзетші. Мыңдаған жыл бойы Балқаштың жүрегін, су астындағы көне қалаларды, жоғалған қазыналарды емес, адамзаттың ұмыт болған арманын күзетіп келеді.

Барлық  ғажайып көрініс біртіндеп тұманға сіңіп жоғалып жатты. Сарай да, перілер де, жарқыраған жазулар да ғайып болды. Тек жағалауда отырған Нұрманнң алақанында інжудей жарқыраған жалғыз ғана тамшы қалды. Ол қарапайым су емес еді. Ол - Балқаштың түнгі сиқырының белгісі болатын. Кімде-кім сол тамшыны жүрегінде сақтай алса, өмір бойы табиғаттың үнін естіп, жұлдыздардың тілін түсінеді.

Тұман ыдырап кетті, көл үнсіз қалды. Қара көк толқындар сыбдырласып жатты. Нұрманның ұйқысы келіп қалғып мүлгіп отырды, түскі абылайдың әңгімесі есіне түсті... Балқаш қыз бен ғашығы Ернарды ойлады... Ұйқы мен мен ояудың арасы....Ай көлдің дәл төбесіне көтеріліп, су бетіне ақ жолақ төгіп тұр. Кенет әлгі жолақтың үстімен адам сұлбасы баяу қозғалды. Аяғы суға батпайды, көлеңкесі де жоқ.

- Ернар... Балқаш....Бұл Ернар мен Балқаштың үні. Тірі адамның үніне еш ұқсамайды рух тілінде сөйлеседі, ғасырлардың арасынан жеткен қоңыр сарынға ұқсайтын. Дауысы судың толқынымен, желдің ызыңымен араласып, табиғаттың өз үніндей, көлдің өз даусындай естілді.

Балқаш бір қадам алға басты.

Адам өлгенімен, махаббаттың рухы жоғалмайды. Қыз бен жігіт су бетінде жақындасты.

Сол сәтте көлдің тереңінен көгілдір сәуле қайта көтерілді. Су бетінде мыңдаған шырақ өздігінен жанып, жұлдыздар жерге түскендей болды.

Ернар қолын созды. Оның алақанынан көгілдір көбелек ұшып шығып, Балқаштың иығына қонды. Көбелектің қанатында ай сәулесімен жазылған беймәлім таңбалар жарқырап тұрды.

Менің жүрегімнің мөрі, -деді Ернар. Осы кезде көл бетінде иірім пайда болды. Иірімнің ішінен күмістей жарқыраған бәйтерек бой көтерді. Оның тамыры көлдің түбіне кетіп, бұтақтары жұлдыздарға дейін созылып тұрды. Жапырақтары сыңғырлап, қоңыраудай үн шығарды. Әр жапырақта бір адамның арманы, бір ананың тілегі, бір ғашықтың сыры жазылған. Жындар  сол сырды ұрлады, жұлдыздар оқ болып атылды....көл жағасындағы бір досының құлағына сыбырлап үлгірді...

Кенет көлдің арғы жағынан ақ киімді әже көрінді. Олда су бетімен үнсіз жүріп келеді. Қолында жанып тұрған көкшіл шырақ бар. Шырағы барған сайын күшейді, көлдің толқындары бір түрлі әуенге салып, қобыздың мұңлы үні түнді тербетіп жіберді.

Балқаш көзін жұмды. Сол сәтте Ернардың алақаны маңдайына тиді.

Қыз жігіттің құшағында тербелді.... теңіз теңселіп тұрды..... Нұрман азан шақырып ешкім жоқта тағы намаз оқыды....

Таңның алғашқы шапағы көрінді. Көл беті күміс түске боялды.... Балқаш пен Ернардың бейнесі бірте-бірте нұрға сіңіп кетті.... Көлдің астынан шыққан күн төбеде қалықтап тұрды....таңғы асын ішкен адамдар жалаңаштана көл жағасына келіп сырасын сімірді, суға секірді, бір жас қыз өзіне тоймай қарап тұрды, шешесі өз қызының жалаңаш тәнін фотоға түсірді, видоға алды....Көл бетінде тоқтаусыз толқын тұрды....адамдарды құшағына алып көкке лақтыра қайта жерге тасайды.... жағаға тауық сирағы мен баклашкаларды лақтырды...көл түнге қарай тазарды....

Нұрхалық Абдырақын

Abai.kz

 

0 пікір