Сейсенбі, 19 Мамыр 2026
Жаңалықтар 102 0 пікір 19 Мамыр, 2026 сағат 13:32

Авиация: Қазақстан алдынғы 20 елдің қатарында

Елдегі әуежай қауіпсіздігі 95,7% болды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлім етті. 

— Қазақстан ИКАО талаптарына жоғары деңгейде сәйкес келеді. Әуежай қауіпсіздігі 95,7%, әуе компанияларының қауіпсіздік деңгейі 82%. Осы нәтижелердің арқасында еліміз авиациялық қауіпсіздік бойынша әлемдегі ең үздік 20 мемлекеттің қатарына кірді. Қауіпсіздікті одан әрі арттыру мақсатында Әуе апаттарын тергеу орталығы құрылды, — деді Нұрлан Сауранбаев.

Оның сөзіне қарағанда, авиациялық әкімшілікке халықаралық деңгейдегі сарапшылар тартылды.

— ИКАО-мен бірлесіп 2050 жылға дейінгі тиісті жоспар әзірленіп жатыр, оны осы жылдың соңына дейін қабылдаймыз, — деді министр.

«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-ның Бас атқарушы директоры Майкл Дэниел азаматтық авиация субъектілерін тексеруге қатысты түсінік берді.

— Қазақстанда әуе кемелерін пайдаланатын 104 оператор жұмыс істеп тұр. Бүгінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік әуе көлігі тізілімінде 973 әуе кемесі тіркелген. Елде 25 әуежай, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөнінде 28 ұйым, 21 авиациялық оқу орталығы сертификатталған, — деді Майкл Дэниел Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ 2025 жылы мен 2026 жылдың бірінші тоқсанында азаматтық авиация саласы субъектілеріне 1202 тексеру жүргізіп, 1234 сертификат пен куәлік берді.

— Осы тексерістердің нәтижесінде жеті әуе компаниясына қатысты сертификаттарды уақытша тоқтату немесе қайтарып алу жөнінде шешім қабылданды. Ал төрт авиациялық оқу орталығының жұмысы тоқтатылды. Сонымен қатар 8 аэродромға қатысты 15 шектеу енгізілді, — деді ол.

2025 жылы қазақстандық әуе компаниялар 15 млн жолаушы тасымалдаған. Биылғы алғашқы 4 айда жолаушылар саны 4 млн-нан асты.

Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстаннан тікелей жүретін халықаралық рейстерді көбейтуді тапсырды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2898
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 1998