Қазақстан мен Пәкістан дәрігерлерді бірлесіп даярлайды
Қазіргі таңда Астана медицина университеті Пәкістанның жетекші медициналық университеттерімен және клиникаларымен ынтымақтастық орнатқан.
Қазақстан мен Пәкістан медициналық білім беру саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруде. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Астана медицина университеті мен Пәкістанның Білім беруді мақсатты қаржыландыру қоры (PAK-EEF) өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат болашақ дәрігерлер мен мейіргерлерді халықаралық стандарттарға сай даярлауға, бірлескен ғылыми жобаларды дамытуға және академиялық алмасуды кеңейтуге мүмкіндік береді.
Ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері туралы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Пәкістан Ислам Республикасы Федералдық білім беру және кәсіптік даярлау жөніндегі мемлекеттік министрі Ваджиха Камармен кездесу барысында мәлімдеді.
— Біз халықаралық ынтымақтастықты жаңа буын мамандарын даярлаудың маңызды тетіктерінің бірі ретінде қарастырамыз. Бүгінде қазақстандық медицина университеттері әлемдік білім беру кеңістігіне белсенді кірігіп, ғылыми ынтымақтастықты дамытып, жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен жобаларды жүзеге асыруда, — деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.
Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынасты дамытудағы маңызды кезеңдердің бірі ретінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістанның Білім беруді мақсатты қаржыландыру қорына гуманитарлық грант бөлу туралы шешімі аталды. Бұл бастама екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің нығаюының айқын көрінісі болып, білім беру, ғылым және денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашты.
Қазіргі таңда Астана медицина университеті Пәкістанның жетекші медициналық университеттерімен және клиникаларымен ынтымақтастық орнатқан. PAK-EEF қорымен меморандумға қол қою осы әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Құжат дәрігерлер мен мейіргерлерді даярлау бағдарламаларын дамытуға, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын кеңейтуге, сарапшылардың арасында тәжірибе алмасуға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған.
— Астана медицина университетінің заманауи білім беру және клиникалық базасы, білікті профессор-оқытушылар құрамы және халықаралық жобаларды іске асырудағы мол тәжірибесі бар. Бұл мамандарды әлемдік үздік стандарттарға сәйкес даярлауға мүмкіндік береді, — деп түйіндеді Ақмарал Әлназарова.
Abai.kz