Сейсенбі, 19 Мамыр 2026
Бұ не мазақ? 415 0 пікір 19 Мамыр, 2026 сағат 14:06

Қабанбайлар кім үшін, не үшін соғысқан?

Суреттер: abai.kz, qandastar.kz сайттарынан алынды.

Елге белгілі Ғалымжан Құрманбек деген асаба бар. Сол үлкен дастарханда (арасында зиялы қауым отыр) былай депті: «Қазақтың Қабанбай, Бөгенбай, Махамбет және т.т. батырлары қазақтың жерін қорғап соғысқан жоқ. Олар қазақтың дінін қорғап соғысты»...

Міне, Ғалымжанның осы сөзі көптен бері интернет желілерін аралап жүр: бірде мүлдем жоқ боп кетеді, ұмытылғандай болады, сосын, кенеттен бір желіде пайда болып, қоғам қайтадан улап‑шулап қоя береді: бірі – «жаса Ғалымжан» деп мәз, бірі – оған қарсы. Таусылмайтын спектакль! Осы жолы да сол «жоғалған ине» желілерден табылып, қоғам дүр етті...

Не дейміз оған?

Ғалымжан өз сөзін тым әріден бастайды: «Арғы тегіміз Ғұндар мен Сақтардан басталады» дей келе, «сол арғы тектің батыр ұрпақтары кейінгі замандарда елі мен жерін қорғауды ысырып қойып, дінді қорғап соғысты» деп қорытындылайды...

Барлық пәле осы сөзден шығып жатыр: «Қазақ батырлары жерді қорғамаса, елді қорғамаса – қай дінді қорғаған?» деген сұрақ өзінен‑өзі сұранатыны анық.

Бірақ, Ғалымжан бұл сұрақтың «басын ашық» қалдырады да, өзі айтып отырған діннің атын атап, түсін түстемейді... Жалпылай «дінімізді» дей салады.

Осы жерде «Неге нақты сөйлемейді?» деген тағы бір сұрақ қылаң береді... Оның да бір себебі бар шығар, өйткені, елімізде Дін туралы Заңдарға енгізілген өзгерістерде «Дінді насихаттау арнайы діни орындарда жүргізіледі» деп көрсетілген – Ғалымжан оны біледі. Сол себепті, Батырларымыздың қай дінді қорғағаны туралы ашып айтпайды – «дін» деп желе‑жортып, әрі қарай кете барады...

Ал, егер, ол осы жерде нақты «ислам дініміз» деп айтса, оның «арғы тегіміз Ғұндар мен Сақтардан тараған» деген сөзімен қабыспай қалғанын біреулер байқап қоюы мүмкін – ол осыдан сақтанатын болса керек...

Ал, шындық қандай?

Шындыққа келсек, бұл жерде тарихи санамызды бұрмалау, оны жою әрекеті орын алғаны көрініп тұр.

Неге десеңіз, арғы тегіміз боп келетін Ғұн мен Сақтың исламға үш қайнаса сорпасы қосылмайды... Олар қазаққа басқа дүниетаным үлгісін, басқа діни наным‑сенім тастап кеткен болатын...

Мәселен, Ғұндар мен Сақтар кезінде сырғи көшіп, Дунайға жетті. Ол жерде олардың батыр оғланы Еділ (Аттила) өмірге келіп, тозығы жете бастаған Рим империясының тізесін қалтыратты. Аттила, Рим құрсауынан көптеген еуропалық халықтарды құтқарып, олардың болашақ мемлекеттілігінің негізін қалаған Ұлы тұлғаға айналды, ол ‑ Ғұн халқының оғланы еді!

Сол «үрдісті» оның «бауырлары» жалғастырды: Аспарух хан Булгар мемлекетінің негізін қалады. Қыпшақ‑мадьярлар қазіргі Венгрия мемлекетінің негізін қалады...

Айта берсек, бұл – ұзақ тарих...

Жалпы, тарихтағы белгілі кез‑келген соғысты «Дінды тарату, не болмаса, дінді қорғау үшін болған соғыс» деген тезис – түбірімен қате ұғым. Ол тезисті соғыстың өзі емес, соғыстан кейінгі замандарда орныққан дін ойлап тапқан.

Ал, барлық соғыс атаулы империялардың, мемлекеттердің, болмаса, халықтардың өз жерін ұлғайту, өзге елді жаулап алу, өз үстемдігін орнату мақсаттарынан туындайды: бұрын да солай болған, қазір де солай. Ол мақсаттардың түп негізінде алдымен экономикалық, геосаяси, демографиялық, географиялық себептер жатады. Ал, осы мақсаттармен кей кездері ілеспе ретінде дін де жүреді. Бірақ, ол соғыстың бастапқы себебі емес!

Мысалы, Араб Халифатының Орталық Азияны жаулап алуы – діннің ықпалымен болды деу – ғылыми тұрғыдан қателік. Халифаттың өзі пайда бола салысымен маңындағы экономкалық шешуші роль атқаратын сауда жолдарын жаулап алу мақсатымен соғыстар жүргізе бастады. Батысында теңіз жағалауымен Еуропаға жетті. Испанияның оңтүстігін жаулап алды. Шығысында – Орталық Азияға жетті.

Міне, Халифат сауданың күре тамырлары болған жерлерді жаулап алған соң ғана  бұл территория мен елдерді бағынышта ұстау үшін «бір идеологиялық өріс құру» саясатын жүзеге асыра бастады. Ал, ондағы «идеологиялық функцияны» ол замандарда ислам діні атқарғаны белгілі. Сөйтіп, Халифат басып алған жерлердегі халықтың  оған дейінгі мәдениетін, дүниетанымын, діни наным‑сенімін, оның символикалық белгілерін аяусыз қирата бастады (біздің территориядағы балбал тастарды қирату соның белгісі). Исламға өткендерге жеңілдік жасай отырып, өтпегендерін – аяусыз жазалады, өлтірді, қырды, жойды!

Сол сияқты, одан бұрынғы «крест жорығы» деп аталған соғыстар да алдымен империяның территориясын ұлғайтудан басталып, жаулап алған елдерді «крестке табындыру» сияқты діни идеологиялық әрекеттермен ұштасып отырған.

Міне, тарих бізге осындай шындықтарды көрсетіп тұр.

Тіптен, қазіргі жүріп жатқан Ресей‑Украина соғысынан да біз осы белгілерді байқаймыз:

Бұған дейін Ресей мен Украина халқы Москва діни метрополиясы қарауында бейбіт өмір сүріп жатты. Яғни, діни тұрғыда соғысуға еш негіз жоқ еді. Алайда, Украинаның Еуропамен интеграцияға, бірлесуге ұмтылысы экономикалық, әскери, саяси және территориялық тұрғыда Ресейге «ұнамады». Ресей жеделдете Қырымды аннекциялады, Донбасс, Луганскіны қаратып алды...

Міне, содан кейін, бір орталықтан басқарылған Мәскеу діни метрополиясы ыдырып, Украина «діни бірлік» ретінде өз алдына бөлініп шықты. Мұнда да біз діннің әлеуметтік және саяси‑экономикалық мақсаттарға «ілеспе күйде» болатынын анық көріп отырмыз.

Яғни, әлемде мызғымас, біртұтас, бәрін ортақ, бәрі бірге қорғайтын ешқандай дін жоқ екенін осыдан байқаймыз...

Енді Қабанбай батыр заманына қайта оралсақ нені аңғарамыз?

Қабанбайлар Қазақ Елінің тәуелсіздігі үшін шығыстан келген Жоңғарлармен соғысқаны бәрімізге белгілі. Ол туралы артық‑ауыс сөз жоқ. Қабанбай батыр 1691 жылы, ал Абылай хан 1711 жылы туылған. Ол Абылайдан 20‑жас үлкен.

О заманда кең‑байтақ қазақ даласында бір де бір мешіт болмаған, тіптен, салынбаған заман еді... Ендеше, Қабанбай мен өзге батырлар, олардың қалың қолы қандай дінді ұлықтап жүр еді деген ой келеді.

Ислам дейін десек, Әбілмансұр хан жауына «Абылайлап», яғни, атасының аруағын атап шауып, өзі «Абылай» атын иемденді емес пе?

Бұл жерде тек бір Алланы ұлықтайтын ислам дінінің нұсқасы бар ма? Жоқ.

Батырлар «Жалғыз ағаш орман болмас, жалғыз кірпіш қорған болмас» дегендей, жеке‑дара батыр болмайды. Батырлар – сарбаздарымен батыр! Олай болса, әр рудан жасақталған қазақ қолдары соғыста әр тараптан өз ұрандарын ұрандата шауып, жауын естен ажыратқан жоқ па еді?

Ұран – әр рудың өз рухын, өз аруағын шақыруы емес пе! Мысалы, дулаттар «Бақтиярлап» шапты, Керей – «Ошыбай» деді, Арғын – «Ақжол» деді, Найман – «Қаптағай» деді, Қыпшақ – «Ойбас», Адай – «Бекет», Беріш – «Ағатай»  және т.т. Яғни, қазақтың көп рулары өзінің ғана Аруақтарын атап соғысқа кірді – бұл жерде қандай дін бар екен?

Дін бар болса, ол неге бұл батырлар мен сарбаздарға «Аллаға серік қосуға» рұқсатын беріп қойыпты?..

Ендеше, ғұн мен сақ ұрпақтары саналатын «қабанбайлар» Қазақ халқының жүз жылдық Отан соғысында «дінім» деп соғысқан жоқ.

Батырларымыз (ал олар мың‑мың десе болады)  бағзы заманнан Ғұн-Сақ бабалары өздеріне «тарихи аманат» етіп қалдырған Ата-баба жерін қорғаған!

Өздеріне «тарихи аманат» етіп қалдырған Ғұн-Сақтан қалған дәстүрін қорғаған!

Өйткені, «қазақты қазақ етіп тұрған» -  тек оның салт‑дәстүрі. Содан бастау алатын мәдениеті!

(Ал, «дінді қорғау» - со кездері‑ақ дінге беріліп, оны толық мойындаған, қазаққа «дінсіздер» деп жиі шабуылдаған шайбанилердің міндеті болған шығар, мүмкін...).

Қазақтың діні қайда бара жатырсың?

Қазақстанда ислам діні еш тараптан қысым көріп жатқан жоқ. Әсіресе, тәуелсіздік алғаннан соң – дінге деген бұрын‑соңды болмаған құрмет артты. Осы 30‑35 жылдар шамасында елімізде үш мыңға жуық мешіттер бой түзеді. Діни әдебиетттер миллиондаған тираждармен басылымға шығуда. Әрбір аудан, әрбір ауыл өзінің имам молдаларын ұстап отыр. Кей жерлерде оларды халықтың өзі жалақы беріп қаржыландыруда.

Міне, кеше ғана еліміздің президентіне Өзбекстан президенті «Түркістан қаласына Өзбек халқының тартуы» деп жаңа әсем мешіттің кілтін тапсырды... Түркие президенті де Яссауи атындағы Халықаралық университетті өз көзімен көрді, боллашағы туралы толғанды...

Ендеше, еліміздегі ислам діні осыншама қомқорлықты көре отыра, халықтың ниетін біле тұра Қазақ еліне, Қазақ жеріне, оның мемлекетінің болашағына неге қызмет етуге құлықсыз?

Неге осындай құрметке бөленіп отырған дін осы ұлттың салт‑дәстүрін, оның елін‑жерін қорғаған батырлық тарихын тек дінге теліп, ұлтты өз ұлттығын сезінуден сақтанып,  оны мақтаныш етуден басын ала қашады?

Неге өзін құрметтеген халықтың салт‑дәстүрін өзіне «кірме» етіп, халқыныңмың‑мың жылдық трагедиялық тағдырын тарихи санадан жойғысы келеді?

Жауап бар ма осыған?

Сондықтан, асаба Ғалымжан өзін «діншілмін» дей отырып, білімі аздығын, ақылы таяздығын, шолақ ойлы екендігін көрсетіп алды дер едік.

Егер, бетін аулақ қылсын, осы елді, осы жерді қорғау қажет болса ‑ онда ол дін атымен жүзеге аспайды.

Бір діндегілер өзара соғысып жатқан заманда ұлттық патриотизмнің қайнар бастауы – ҰЛТТЫҚТА.

Ұлт өзін «ерекше» сезіне алмаса ‑  онда ол өзін‑өзі қорғамайды.

Дін қойнауына сіңіп, мәңгілікке кетеді...

Ендеше, біз діншіл асабалардың «дінім сол» деп қалай болса солай сыпыра сөйлеуіне тиым салуымыз керек!

«Мен Қазақпын» десе бір жөн...

Әбдірашит Бәкірұлы, философ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2898
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 1998