Бейсенбі, 21 Мамыр 2026
Абай мұрасы 188 0 пікір 21 Мамыр, 2026 сағат 13:39

Абай ілімі: Бұрынғы қазақ жабайы болмаған!

Суреттер: abai.kz, abaialemi.kz сайттарынан алынды.,

Түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының бұрынғы өркениеті қандай дәрежеде болды? Бұл сұрақтың жауабы, әсіресе ата-бабамыз көшпенді болған бізге, қазақтар үшін өте маңызды. Себебі, бүгінгі күндері еуроцентристік көзқарастың ықпалымен батыс елдерінде, тіпті өз еліміздің ішінде де, бұрынғы қазақ көшпенді болғандықтан, мәдениеті дамымаған, артта қалған жабайы ел деген ой-пікір бар. Мұндай пікір бұл мәселеге тереңдемеген қарапайым қазақтар ғана емес, тіпті, батыстық ой жүйені қабылдаған кейбір ғалымдардың арасында да көрініп қалады. Олар тіпті «көшпенді» дегенге арланғандай, бұрынғы қазақ халқының мәдениетін көрсетпек болып Қазақстанның оңтүстігінде көптеген қалалар болғанын алға тартып, қазақты көшпенді ғана емес, отырықшы елдің қатарына қосуға ұмтылады.

«Бұрынғы қазақ жабайы болған» деген мұндай керітартпа тұжырым халқымыздың ой жүйесіне тұсау болып, рухани қалыптасуымызға зор зиянын тигізетіні дау тудырмаса керек. Сондықтан, ұлттығымызды дұрыс қалыптастырып, оны нығайта түсу үшін өзіміздің алғашқы табиғи болмысымызды анықтап алудың маңызы өте зор.

Көшпенді өмір бүкіл Болмыс көрінісі, қоршаған табиғатпен толық үйлесімді болғандықтан, Онымен біртұтас, кемшілігі жоқ. Көшпенді өмірдің кемшілігі болмайды, сондықтан бұрынғы қазақ халқы жабайы емес, керісінше, адамзат өркениетінің алдыңғы қатарында болған. Бұған көз жеткізу үшін оны Абай ілімі аясында қарастырып көрелік.

Абай бабамыз отыз сегізінші сөзінде былай деп жазады:

Бiз Алла тағала «бiр» деймiз, «бар» деймiз. Ол «бiр» дегеннiң өзi ақылымызға ұғымның бiр тиянағы үшiн айтылған сөз. Болмаса ол «бiр» дегеннiң өзi Алла тағалаға лайықты келмейдi.

Осылай бүкіл әлем Алла тағаланың бір көрінісі екенін білеміз. Бұл тұжырымды хакім әрі қарай Алланың болмысын «Ол «бір» деген сөз Алла ғаламның ішінде, ғалам Алла тағаланың ішінде» деп түсіндіреді. Алла бір болса, онда ғаламның ішіндегі және ғаламның сыртындағы көріністері біртұтас. Оларды бөлуге болмайды. Біртұтас Болмыс көріністері. Болмыстың әрбір бөлігі тұтас Алланың көрінісі. Бұл тұжырымды Абай Алла тағаланың болмысын «Ғұмыр өзі – Хақиқат» деп толықтыра түседі. Ғұмыр, яғни, қазақша өмір дегеніміз бүкіл Болмыс көрінісі, ал Хақиқат дегеніміз Алланың Өзі деп түсінетін болсақ (шынында да солай), сонда «Болмыстың өз  Алла» болып шығады.  Осылай, Болмыс Алланың көрінісі екеніне көзіміз жете түседі.

Көшпелі өмір Болмыстың бір бөлігі болса, онда оның кемшілігі болуы мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Сондықтан, көшпелі қазақ халқының болмысы өте жоғары деңгейде болды. Оның жақсы дәлелі табиғат аясында қалыптасқан қазақ халқының жоғары рухани деңгейін білдіретін: қонақжайлығы, ақкөңілдігі, мейірімділігі, достыққа тұрақтылығы, ержүрек-қайраттылығы, адал-шыншылдығы, жәуәнмәрттігі, сабырлылығы, дүниеге байланбаушылығы тәрізді ежелден келе жатқан мінез-құлықтары болып табылады.

Әрине қазақтың бұл ұлттық қасиеттері уақыт өте келе өзгеріске түсіп, бүгінгі қазақ өзінің ұлы қасиеттерінен айырыла бастағанына дау жоқ. Өкінішке орай, ғасырлар бойы қалыптасып ежелгі қазақ болмысы, уақыт пен өмір сүру жағдайларына байланысты өзгеріп, жаңа сипат алып, көптеген өзгеріске түсті.

Бұл өзгерістің жақсы-жамандығын анықтау үшін белгілі бір белгі (критерий) керек. Қандай белгі бойынша біз өзіміздің жағдайымызды анықтай аламыз? Көшпенділер мен отырықшы елдің арасындағы таластың шешімі осы күрделі сұрақтың жауабына байланысты.

Бұл сұрақтың жауабын Абай мұрасынан іздеп көрелік.

Абай қырық үшінші сөзінде «Адам ұғылы екі нәрседен: бірі – тән, бірі – жан» дейді. Яғни, адам баласы рухани және заттық болмыстардан, яғни жан және тәннен құралған. Осыған байланысты данышпан бабамыз жетінші сөзінде жан құмары және тән құмары болатынын жазады. Екеуі екі бөлек, тіпті, қарама-қарсы, және бір-бірімен үнемі күресте. Өмірдің жақсы-жамандығы осы жан құмары мен тән құмарының күресіне байланысты. Жан құмары жеңгенде адамзат өркениеті жоғарылап, ал тән құмары жеңгенде құлдырау жолына түсіп, ақыры жойылып кетеді. Бұған тарихтағы ұлы империялардың тағдыры жақсы мысал болып табылады.  Осылай, өмір жағдайын анықтайтын белгі жан құмары мен тән құмарының байланысы екенін көруге болады.

Тән құмары адамның тәнін қанағаттандырудан шығады. Тән құмары төртеу – ұйқы, тамақ, қорғану және ұрпақ қалдыру. Бұлар жан тәнде сақталып, адамның Абай көрсеткен өмірдің түпкі мақсатына жетуі үшін керек. Түп Иеге қайту жан -- құмары. Бірақ көпшілік бұл ақиқатты білмейді, немесе білгісі келмейді. Осылай қазіргі заманда тән құмары нәпсіге айналып, жан құмарын жеңіп, заттық өркениет дәуірі туып отыр. Сондықтан халықтың көпшілігінің түсінігі бойынша, өркениет дегеніміз – отырықшы өмір қалыптастырған ғылыми-техникалық жетістіктерге негізделген, яғни тән құмарын қанағаттандыруға бағытталған өмір салты. Тән құмары ойын-тойды молайтып, өмір мақсатына айналып отыр. Жан құмары екінші мақсатта. Тән құмарына арналған әрекеттің барлығы жетістік ретінде қабылданады.

Абай ілімі бойынша адамға тек қана тән құмары жеткіліксіз – оған жан құмары да керек. Жан тәннен жоғары, сондықтан жан құмары тән құмарынан артық. Адам өмірін анықтайтын нәрсе – жан құмары. Адам ғана емес, бүкіл қоғам өмірін анықтайтын осы белгі. Бүкіл әлемнің қайнар көзі – рухани болмыс. Өмір неғұрлым рухани, жанға жайлы болса, ол – солғұрлым жоғары. Яғни, Болмыспен үйлесімді көшпелі өмір беретін жан құмары ықпалындағы қоғам отырықшы өмір қалыптастыратын тән құмары ықпалындағы қоғамнан жоғары болуы керек. Отырықшы өмірдегі адам табиғаттан алыстап, Болмыспен үйлесімділігі бұзылады.

Енді көшпенді және отырықшы өмірді осы тұрғыдан қарастырып, бір-бірінен айырып, олардың қайсысы жанға жайлы екеніне көз жіберіп көрелік.

Көшпенділер «жабайылар» деген қазіргі замандағы түсінік – адамды оның рухани болмысын ескермей, тек қана тән ретінде қабылдаудан шыққан материалистік көзқарас. Табиғатпен үйлесімді өмір сүретін адамдар жабайы болмайды. Егер ондай адамдар жабайы болса, бүкіл табиғат жабайы болуға тиісті еді. Бірақ бұлай емес. Керісінше. Ендеше, бұрынғы көшпелі халықтар, оның ішінде қазақ халқы да, жабайы емес, керісінше, адамзат өркениетінің қозғаушы күші болған. Бірақ, Еділ батыр (Аттила) бастаған көне ғұндардың, селжүк түріктерінің, Осман империясының тізесі батқан еуропалықтар, қыпшақтардан теперіш көріп, түркі-монғолдардың езгісінде болған ресейліктер, өздерін көне мәдениеттің ошағы деп санайтын ирандықтар (фарсылар) түркі әлемінің өркениетте алатын орнын мойындағысы келмейді. Олардың әсерінің күштілігі соншалықты, бүгінгі күндері көпшілік қауымның ой өрісі солардың ықпалында.

Осыдан маңызды тұжырым шығады. Рухани, не болмаса заттық көзқарасқа байланысты қоғам өмірі екі түрлі қабылданады. Олардың төмен, не жоғары болуы осы екі көзқарасқа байланысты. Тән құмары тұрғысынан алғанда бүгінгі технократтық өркениет жетілген және күннен күнге алға басып келе жатыр.  Ал жан құмары тұрғысынан алып қарасақ – бүгінгі өркениет жетілу емес, рухани құлдырау дәуірі. Бұл даудың шешімі жоқ тәрізді. Себебі, жан құмары мен тән құмарын айырып, олардың жақсы-жаман жақтарын түсіну қарапайым адамға оңай емес. Олардың қайсысы жоғары, ал қайсысы төмен екенін  әркім біле бермейді. Осылай бүкіл адамзат өркениет мәселесі туралы ой-пікірде екіге жарылып отыр.

Біздің еліміз үшін бүгінгі негізгі мәселе – ежелден қалыптасқан бұрынғы ұлы қадыр-қасиеттерімізді қайтадан қалпына келтіру. Ол үшін көшпенді дәуірде қалыптасып, бүгінгі заманға жеткен салт-дәстүрімізді өмірмен үйлестіріп, оның ішкі мәнін тереңінен түсініп, дұрыс пайдалана білуіміз керек.

Досым Омаров, абайтанушы-ғалым

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2999
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2101