Еуразия ұлттық университетінің тағы бір тарихи белесі
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында іргесі қаланған қара шаңырақтың 30 жылдық мерейтойы — ел ғылымы мен ұлт руханиятының мерекесі.
Үш онжылдық ішінде университет тек білім ордасы ғана емес, мемлекетіміздің интеллектуалдық қуатын қалыптастырған іргелі ғылыми орталыққа айналды. Мыңдаған білікті мамандар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері осы қасиетті шаңырақтан қанат қағып, бүгінде ел дамуына, әлем өркениетіне қызмет етіп жүр.
Соңғы жылдары университет халықаралық білім беру кеңістігінде өз орнын айқын нығайтып келеді. Германия, Франция, Польша, Чехия, Италия, Оңтүстік Корея, Қытай, Түркия және Америка Құрама Штаттарының жетекші университеттерімен орнаған стратегиялық байланыстар — соның жарқын дәлелі. Бұл — ЕҰУ-дың абыройы мен әлеуетінің әлемдік деңгейде мойындалуы.
Бүгінгі заман талабына сай жаңарған университетте инновациялық білім беру бағдарламалары батыл енгізіліп, ғылым мен өндірістің арасындағы алтын көпір беки түсті. Ғалымдардың іргелі зерттеулері нақты секторға еніп, ел игілігіне қызмет ете бастады.
Ал университеттің ең басты байлығы — оның адамдары, оның ұжымы. Ұстаздардың парасаты, ғалымдардың ізденісі, студенттердің талпынысы — ЕҰУ мерейін асқақтатып тұрған құндылықтар.
Америка Құрама Штаттарына мерейтоймен тұспа-тұс келген арнайы сапарымда, Miami қаласында, Флорида- Атланта Университетінің студенттерімен ЕҰУ-дың 30 жылдығына орай университет жалауын тіктік.
Бұл — тек мерейтойлық сәт емес, бұл — қазақ білімінің абыройы әлем төрінде желбіреген ерекше күн.
Осындай биік белестерге жетуде университет ректоры, академик Ерлан Сыдықовтың еңбегі айрықша. Көреген басшы ретінде ол университет ұжымын жаңа белестерге бастап, ЕҰУ-дың халықаралық беделін нығайту жолында аянбай еңбек етіп келеді. Оның білім мен ғылымға деген адалдығы, ұлт болашағына деген жанашырлығы университеттің бүгінгі табыстарынан анық көрінеді.
ЕҰУ-дың 30 жылдығы құтты болсын! Ұлттық рух пен ғылымның шамшырағы биіктей берсін!
Abai.kz