Сенбі, 1 Тамыз 2026
46 - сөз 629 0 пікір 30 Шілде, 2026 сағат 14:34

«Үш патшалық хикаясы»

Сурет: meditationportal.ru сайтынан алынды.

ЧЖУГЭ ЛЯННЫҢ 36 ӘСКЕРИ АЙЛАСЫ 

Қытай әдебиетінің үш шыңының бірі саналатын «Үш патшалық хикаясы» романындағы айлакер қолбасшы Чжугэ Лянның есімімен тығыз байланысты 36 әскери айла:

1. Түпкі мақсатыңды жалған мақсатпен тасала (Көкті алдап, теңізден өту). Шын мақсатыңды бүркеншік пердемен жасырып ұста. Дұшпанның сақтығын жою үшін жиі жалған дабыл қағып, оның етін үйретіп ал. Сезімталдығынан айырылған жау: «Бұл маған қатыссыз, басқа біреуге қатысты» деп ойлайтын болады.

2. Чжао мемлекетін құтқару үшін Вэй мемлекетін қоршау (Чжаоны құтқару үшін Вэйді қоршау). Қуатты жаумен бетпе-бет соғысудың қажеті жоқ. Оның орнына оның әлсіз одақтастарына соққы берсең, қуатты жаудың да күшін біртіндеп сарқып, әлсіретесің.

3. Өзге біреудің пышағымен адам өлімін жасау (Өзге қолмен кісі өлтіру). Өзге біреудің қолымен от көсеуді білдіреді. Жаудың ішіндегі адамдарды өз жағыңа шығарып, солардың қолымен жаудың ішкі бірлігін ыдыратып, азаматтық соғысқа ұластыру.

4. Шаршаған дұшпанды демалып отырып қарсы алу. Жау әскерін үнемі мазалап, қажытып, шабуылға шығуға итермеле. Ал өз әскеріңді тынықтырып ұста. Жау шайқасқа жеткенде бүгіліп, болдырып тұрады, ал сенің әскеріңнің қарымы қайтпаған, сақадай сай болады.

5. Өртеніп жатқан үйді тонау. Жаудың ішкі алауыздығы межесіне жетіп, асты-үстіне түсіп жатқанда соққы беру ең тиімді сәт. Бұл «бөрі азығы боранда» дегенге саяды.

6. Шығыста шу шығарып, батыстан соққы беру. Жаудың назарын бұрыс бағытқа аударып, есін шығар да, ең әлсіз, қорғансыз тұсынан тұтқиылдан тиіс.

7. Жоқты бар, барды жоқ ету. Мүлдем болмаған жағдайды болғандай етіп көрсетіп, бос қауесет тарату. Осылайша жау шынайы өмірді жалған қиял мен сандырақтан ажырата алмай қалады.

8. Жол салып қойып, Чэньцан өткелімен кіру (Дундоу арқылы өту). Ұзақ уақыт бойы еш зиянсыз, әдеттегі әрекеттер жасап, жаудың көзін үйрет. Содан кейін кенеттен жасырын есікпен басып кіріп, жауды жусатып сал.

9. Жағада тұрып өртке қарау, тауда отырып жолбарыстардың айқасын бақылау. Көптеген жауларыңның бір-бірімен соғысқанын сырттай бақылап күт. Олар бір-бірін әбден қырып, әлсірегенде араласып, оңай олжаға кенел.

10. Күлкісіне пышақ жасыру. Жаудың көңілін тауып, жағымпазданып, сеніміне кір. Ал толық сенімге ие болған соң, арқасынан пышақ ұр.

11. Шабдалы ағашын құтқару үшін өрік ағашын құрбан ету. Ұзақ мерзімді, үлкен мақсатқа жету үшін таяудағы кішігірім мақсаттарды құрбан етуді білдіреді.

12. Мүмкіндік туса, ешкіні де ұрлап кет (Икемді болу). Негізгі жоспарды жүзеге асыру барысында кішігірім де болса пайда түсетін мүмкіндік шықса, үлкен-кіші демей, оны да қалт жібермей пайдаланып қалу.

13. Шөпті таяқпен ұрып, жыланды үркіту. Ешқандай мақсаты жоқ сияқты тосын әрекеттер жасау арқылы жауды таңғалдырып, күдік туғыз. Осылайша оның басын қатырып, бағдарынан жаңылдыр.

14. Сүйекті пайдаланып, рухты қайта тірілту. Бұрын ұмытылған, ескірген әдіс-айлаларды жаңа жағдайда, өзіңе тиімді түрде қайта қолдану.

15. Жолбарысты таудан аңғарға азғырып түсіру. Жауды өзіне тиімді, берік позициясынан азғырып, алыстатып, негізгі күш жинақтаған орталығынан бөліп алу.

16. Бұғауламас бұрын босатып қоя бер. Бұрышқа қамалып, тығырыққа тірелген жау жанұшыра қарсыласып, өте қауіпті болады. Сол себепті оған «құтылуға мүмкіндік бар» сияқты жалған үміт беріп, кейін оңай құрт.

17. Асыл тасын алу үшін кірпіш лақтыру. Адамды арзан олжамен алдап, оның қолындағы өзіңдікінен бірнеше есе қымбат дүниені айламен тартып алу.

18. Қарақшыларды құрықтау үшін алдымен басшысын ұста. Егер қарақшылар тобы өте қуатты болып, ал басшысы оларды тек ақшамен немесе қоқан-лоқымен ұстап тұрса, басшысының көзін жойсаң, топ тарқап кетеді немесе саған бағынады. Ал егер топ басшысына адал болса, оны өлтiргенде өш алу үшін күресті одан әрі күшейтуі мүмкін (соны ескеру керек).

19. Қазанның астынан отты ұрлау. Жаудың ең өмірлік маңызды ресурстарын (азық-түлік, қару-жарақ) қолға түсірсең, олар әлсіреп, соғысу мүмкіндігінен айырылады.

20. Балық аулау үшін суды лайлау. Жаудың арасында хаос пен шатасу тудырып, өз мақсатыңа жететін жолды дайындау.

21. Цикаданың (шырылдауықтың) қабығын сыпырып тастау. Өзіңнің бар екеніңді білдіретін жалған бейне қалдырып, жаудың назарын басқа жаққа аудару әдісі.

22. Ұрыны ұстау үшін алдымен есікті жап. Жауды толықтай тізе бүктіріп, қолға түсіру мүмкіндігі болса, оны дер кезінде пайдалану керек. Соған толық көз жеткізсең, соғыс созбалаңға салынбай тез аяқталады.

23. Көршіңе шабуыл жасау үшін алыстағы одақтас тап. Егер бір тарап белгілі бір салада үстемдік етіп тұрса, сол салада дәл астыңда тұрған көршің ең қауіпті жауың. Соған байланысты уақытша болса да алыстағы ең қуатты күшпен одақтасқан абзал.

24. Гоу мемлекетін басып алу үшін қауіпсіз жолды таңдау (Жолды қарызға алып, Гоуды басып алу). Ортақ жауды жеңу үшін одақтасыңның ресурсын пайдалан, ал жеңіске жеткеннен кейін сол ресурсты одақтасыңның өзіне қарсы қолдан.

25. Үйдің арқалығын шірік ағашпен ауыстыру. Жаудың ішкі құрылымын, тәртібі мен ережелерін бұзып, өзгешеле. Оларды өздері мүлдем үйренбеген, білмейтін стратегиямен соққыға жық.

26. Тура айта алмасаң, жанамалап айт (Тұт ағашын нұсқап, түйені қарғау). Көпшіліктің ішінен кімді меңзеп тұрғаныңды ашық айтпай сөйлесең, ол адамдар бір-бірін әшкерелей алмай, жауап та қайтара алмай сасады.

27. Есі ауысқандай кейіп таныт, бірақ тепе-теңдікті жоғалтпа. Жау сенің түпкі ойыңды, сылтауың мен мақсатыңды түсіне алмайтындай етіп, өзіңді әдейі ақымақ, мас немесе жынды қылып көрсет.

28. Шатырға азғырып шығарып, артынан сатыны құлатып таста. Жауды торға түсіріп, оның байланысы мен кері шегінер жолын кесіп таста. Мұндай сәтте жау тек саған қарсы соғысып қана қоймай, табиғи әрі сыртқы ауыр жағдайлармен де күресіп, күшін тауысады.

29. Ағашқа жалған бүршіктер ілу. Ешқандай құны жоқ қоқысты қымбат дүниедей жарқыратып, қауіпсіз нәрсені қауіпті етіп, керексіз затты қажетті тауардай етіп көрсету айласы.

30. Қонақ пен қожайынның орнын ауыстыру. Төменгі лауазымдағы адам жоғарыдағы адамның сеніміне кіріп, қонақ кейпін танытып жүріп, соңында оның орнын тартып алу идеясы.

31. Сұлулық арқылы арбау (Сұлулық айласы). Көздеген нысанаңа сұлу әйелдерді жіберіп, ел басқарған еркектердің басын айналдыру. Арудың ажарына арбалған билеуші өз міндетін ұмытады, ал сұлу тыңшы шенеуніктер арасына іріткі салып, моральдық азғындыққа ұшыратады. Осылайша мемлекеттің іргесін шайқалтуға болады.

32. Бос қамал айласы. Егер жаудың саны өте көп болса, ешқандай әскери әрекет жасамай, асықпай, мамыражай отырып ал. Жау мұны «күшін жасырып, орға түсіргелі жатыр» деп қауіптеніп, кейін шегінеді.

33. Жаудың тыңшысын өзіне қарсы пайдалану. Жаудың тыңшысын өз жағыңа шығарып, өзіне қарсы жұмыс істету. Сондай-ақ өз тыңшыңды жау тыңшыларының арасына енгізу жаудың тыңшылық операцияларын күйретудің ең оңтайлы жолы.

34. Сенімге кіру үшін өзіңді жарақаттау. Өзін жарақаттанғандай етіп көрсетудің екі жолы бар: Біріншісі жау сені «жараланды» деп арқаны кеңге салып, сақтығын жоғалтады. Екіншісі ортақ жаумен соғыста жараланғандай кейіп танытып, немесе жауды ортақ дұшпаннан қорғап қалып ауыр жараланғансып, оның шексіз сеніміне кіру.

35. Шынжырлы айла (Айлаларды сабақтастыру). Бірнеше айланы бір уақытта қатар немесе бірінен соң бірін тізбектеп қолдану. Бірақ бұл өте күрделі: егер шынжырдың бір буыны үзілсе, бүкіл айла тас-талқан болып ұшып кету қаупі жоғары.

36. Барлық айла іске аспаса шегін. Егер жасаған бүкіл айлаң сәтсіздікке ұшырап, тығырыққа тірелсең, аман-эсен кері шегініп, күшті қайта жинақтап, бәрін басынан бастаған абзал.

Амантай Тойшыбайұлы

Abai.kz

0 пікір