Сәрсенбі, 17 Маусым 2026
Билік 571 0 пікір 17 Маусым, 2026 сағат 13:06

Қазақстанның социалистік партиясынан Әділетке дейін...

Сурет: qazaqtimes.com сайтынан алынды.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін саяси жүйе түбегейлі өзгеріске ұшырады. Кеңестік бірпартиялық жүйеден көппартиялық жүйеге көшу процесі басталды.

Саяси, экономикалық реформалардың күн тәртібіне қойылып, адамзатқа ортақ делінген құндылықтар мемлекетті құру мен дамытудың басты идеологиясына айналды. Шетелдік Ли Куанью қатарлы кісілер кеңесшілікке шақырылып, С. Терещонкы, С. Әбділдин, Ә. Қажыкелдин, Е.Асанбаев, З. Нұрқаділов, М. Оспанов, Н. Шәйкенов қатарлы тұлғаларға басымдық берілді. Идеология саласында Ә. Кекілбаев, М. Жолдасбеков, Төлен Әбдік қатарлы қазақ мәдениетінің элитасына биліктен сұраныс болса, А. Сәрсенбайұлы, М. Тәжин қатарлы жастар да суырылып көзге түсті. Алайда бұл үдеріс әртүрлі кезеңдерде әрқалай дамып, көптеген партиялар құрылып, кейбіреулері өзін-өзі таратып, кейбіреулері бірікті. Нәтижесінде қазіргі Қазақстанның партиялық жүйесі бірнеше ірі саяси күштердің төңірегіне шоғырланды.

I кезең: Көппартиялықтың қалыптасуы (1991–1999)

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қоғамдық-саяси белсенділік артты. Кеңестік кезеңде тыйым салынған көптеген қозғалыстар мен ұйымдар саяси партияларға айнала бастады.

Алғашқы саяси партиялар:

  • Қазақстанның социалистік партиясы (1991)
  • Қазақстанның республикалық партиясы
  • Алаш партиясы
  • Қазақстанның халық конгресі партиясы
  • Азат азаматтық қозғалысы
  • Азамат қозғалысы

Бұл кезеңдегі партиялардың басты ерекшелігі – олардың идеологиялық ұстанымдарының айқын болмауы және көбінесе белгілі тұлғалардың төңірегінде құрылуы болды. Немесе биліктен (астаудан шеттетілген) кеткен тұлғалар бір-бір партияның немесе қозғалыстың лидері болып шыға келді.

Бұл партиялардың ортақ кемшілігі:

  • Партиялық мәдениеттің әлсіздігі;
  • Қаржылық ресурстардың тапшылығы;
  • Халықтың саяси белсенділігінің төмендігі;
  • Мемлекеттік институттардың қалыптасу кезеңінде болуы.

II кезең: Билік партиясының қалыптасуы және оппозициялық партиялардың құрылуы (1999–2006)

1999 жылы Қазақстан партиялық жүйесінің жаңа кезеңі басталуы «Отан» партиясының құрылуы болды.

Партия бірнеше саяси ұйымдардың бірігуі арқылы пайда болды:

  • Қазақстан халық бірлігі партиясы;
  • Қазақстан демократиялық партиясы;
  • Қазақстанның либералдық қозғалысы;
  • басқа да қоғамдық-саяси ұйымдар.

«Отан» партиясы мемлекеттік саясатты қолдайтын, маңызды бастамаларға қозғаушы болатын негізгі саяси күшке айналды.

Оппозициялық партиялардың пайда болуы

Азат қозғалысы – 1990 жылдардың басында ұлттық тәуелсіздік, демократия және қазақ тілінің мәртебесін көтеру мәселелерін көтерді.

Қазақстанның Республикалық партиясы – нарықтық реформаларды және саяси өзгерістерді қолдады. Осы партияны құрушы Әкежан Қажыгелдин кейін билікке қарсы оппозициялық күштердің негізгі тұлғаларының біріне айналды.

Ұйымдасқан оппозицияның қалыптасуы (1998–2006)

Бұл кезеңде оппозициялық қозғалыстар күшейе түсті.

2001 жылы Мұхтар Әблязов, Ғалымжан Жақиянов және басқа саясаткерлер құрған Қазақстанның демократиялық таңдауы елдегі ең ықпалды оппозициялық қозғалыстардың біріне айналды.

ҚДТ мына талаптарды ашық ортаға қойды:

  1. Президент өкілеттіктерін шектеуді;
  2. Парламенттің рөлін күшейтуді;
  3. Әділ сайлау өткізуді талап етті.

Кейін қозғалысқа қатысқан көптеген қайраткерлер қылмыстық істерге тартылып, қозғалыс әлсіреді. Нәтижесінде, ҚДТ-дан «Ақ жол» партиясы бөлініп шықты.

2002 жылы құрылған Ақ жол демократиялық партиясы бастапқыда өзін жүйелі оппозиция ретінде көрсетті. Оның көшбасшылары арасында Әлихан Байменов, Ораз Жандосов, Болат Әбілов және басқа қайраткерлер болды.

2005 жылы партия ішінде бөліну орын алып, бірқатар мүшелер жаңа саяси күш құрды. «Нағыз Ақ жол» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (2006–2019) бірігіп «Әділетті Қазақстан» қозғалысын құрып Президенттікке үміткерге ортақ кандидат ретінде Жармақан Тұяқбайды ұсынды. Бірақ, бұл кісі шешуші кезеңде халықты артынан ерте алмады.

2006 жылы Алтынбек Сәрсенбайұлының қаза болуы Қазақстандағы саяси өмірдегі маңызды оқиғалардың бірі болды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия 2006 жылы құрылып, ұзақ уақыт бойы ресми тіркелген негізгі оппозициялық партия ретінде танылды.

Партия жетекшілері әр кезеңде:

  • Жармахан Тұяқбай;
  • Әсет Наурызбаев;
  • Асхат Рахымжанов және басқалар.

ЖСДП бірнеше парламенттік сайлауға қатысқанымен, Мәжіліске өте алмады. Кейін Партияны сатып алушы Ермұрат Бапи мен басқалар арасында қаржылық дау туындап, Партия тағы да бөлінді.

2019 жылдан кейін саяси реформалар аясында партияларды тіркеу талаптары жеңілдетілді.

Оппозициялық кеңістікте:

  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия қызметін жалғастыруда;
  • Қазақстанның демократиялық таңдауы шетелде жұмыс істейтін қозғалыс ретінде белгілі;
  • Бірқатар тәуелсіз қоғамдық қозғалыстар мен азаматтық бастамалар пайда болды.

Қазақстандағы оппозициялық партиялардың даму кезеңдері:

  1. 1991–1998 жж. – алғашқы демократиялық және ұлттық қозғалыстардың қалыптасуы.
  2. 1998–2006 жж. – ұйымдасқан саяси оппозицияның күшеюі.
  3. 2006–2019 жж. – ЖСДП-ның негізгі оппозициялық партия ретінде қалыптасуы.
  4. 2019 жылдан кейін – саяси либерализация және жаңа қоғамдық-саяси бастамалардың пайда болуы.

III кезең: Партиялардың іріленуі және бірігуі (2006–2013)

Бұл кезең Қазақстандағы партиялық жүйенің шоғырлану кезеңі болды. 2006 жылдары оппозициялық Партия көсемдері арт-артынан қастандыққа ұшырап қайтыс болды. Биліктің ұшар басындағы үлкен отбасы мүшелерінің арасында да кикілжің пайда болды. Билік элитасы арасындағы саяси ымыра мен түсінісу тұйыққа тіреліп, қоғамдық топтар арасында жіктеліс асқына бастады.

Сонымен отбасы мүшелері Д. Назарбаева «Асар» деген партия құрса, Қ. Сатыпалды «Гүлден, Қазақстан» деген қозғалыс құрып оны Партияға айналдыруға әрекеттенді. Қазақстанның қазба байлығына ие болған қалталы шетелдіктер де қарап жатпады. Александр Машкейевч бір емес екі партияны қаржыландырып, саясат майданына қосып үлгірді. Кеденнен шыққан генерал Ғ. Қасымов стакан сындырып, журналистің бетіне су шашып, партия құрып аламанға ат қосты.

Сайлауға дейін бәріне мүмкіндік берген билік, сайланып алған соң қатаң да, өткір шешім қабылдап бас-басына би болған тентектерді тезге салып партияларды бір-біріне қосып топқа, жікке емес мемлекетке қызмет етуге міндеттеді.

2003 жылы құрылған Асар партиясы 2006 жылы «Отан» партиясына қосылды. Келесі кезек Азаматтық партия мен Аграрлық партияға келді.

Нәтижесінде билік партиясы парламенттегі басым күшке айналды.

«Нұр Отан» кезеңі

2006 жылы партия атауы Нұр Отан партиясы болып өзгертілді де осы бірігуден кейін: партия мүшелерінің саны миллионнан асты; мәслихаттар мен Парламентте басымдыққа ие болды; мемлекеттік басқару элитасының негізгі саяси алаңына айналды.

IV кезең: Шектеулі плюрализм дәуірі (2013–2022)

Қазақстанда көппартиялық жүйе сақталғанымен, саяси бәсекелестік шектеулі болды.

Осы кезеңде Мәжілістке өткен партиялар:

  • Нұр Отан партиясы;
  • Ақ жол демократиялық партиясы;
  • Қазақстан халық партиясы.

2015 жылы Қазақстанның патриоттар партиясы мен Ауыл халықтық-демократиялық патриоттық партиясы бірігіп, қазіргі Ауыл партиясы құрылды. Бұл билік тарапынан партиялық алаңды ықшамдау саясатының жалғасы болды.

V кезең: Саяси реформалар және жаңа партиялар (2022 жылдан бүгінге дейін)

2022 жылғы саяси реформалар партиялық жүйені жаңғыртуға бағытталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев партияларды тіркеу талаптарын жеңілдету жөнінде бастама көтерді.

2022 жылы «Нұр Отан» партиясы атауын Amanat партиясы деп өзгертті. Бұл өзгерістен кейін Партия жаңа саяси реформаларға дайын болды, қоғаммен байланысты күшейтті, партияның құрамы жетпіс пайыз жаңарды. Осы өзгерістерде мемлекеттегі бесінші адам сол кездегі мемлекеттік хатшы қазіргі кеңесші Ерлан Қариннің қолтаңбасы айқын танылды.

Әлеуметтік желінің жұлдызы болған бір топ кәсіпкерлер мен белсенділер Respublica, Байтақ деген партиялар құрып саяси алаңға шықты. Бірақ, сайлаудан кейін бұлардың бар-жоғы білінбей кетті. Оның есесіне мемлекеттік орден-медал мен атақ таратудың науқаны қызып кетті.

Жаңа Қазақстан тарихында кезекті рет партиялардың бірігіп, ірілену процесі басталды. Бұған таңданудың, қынжылудың, астарынан саяси себеп іздеп трагедияға телудің себебі жоқ. Өмір бір орында тоқтап тұрмайды, уақыт өз талабын қояды. Қоғам тірі орғанизм. Қан тамырлары бітеліп, санасы мызғап кетпеуі керек.

Сондықтан да жаңа құрылған «Әділеттің» отыз жылдық тарихы, қаржылық, кадрлық базасы қалыптасқан «Аманатты» қосып алуы әлемдік және өз тарихымызда бар тәжірибе. Өйткені оның базасы Отандық кәсіпкерлердің демеушілігімен және сіз бен біз төлеген салықтан қордаланған. Жаңа идея, жаңа күш қашанда өміршең келеді. Ендігі кезекте 20 миллионнан асқан халықтың нұрлы болашағы үшін сапалы заңдар мен жұрт жүрегіне жол табатын икемді бағдарламалар жасаса болғаны. Реформатор Дэн ақсақалдың қисынына сүйенсек, мысықтың құны ақ не қара түсінде емес, алған тышқанының санымен есептеледі.

Көп тіл игеріп, көп жортқан әлемдік масштабта ойлай білетін Президентіміз бұрын ел санасына, адамдар арасында сыпайы мінез, жайдары жүзімен танылып, жұмсақ, жетекке ергіш тұлға ретінде қабылданып келсе, Ел басына күн туып, мемлекет мүддесі, азаматтар тағдыры талқыға түскенде кесек, кескін, өткір мінезі мен жігерін көрсеткен еді. Содан бері стратегиялық бағыт белгілеуде, тактикалық жүріс жасауда ел іші-сыртындағы қарсыластарын қапы да қалдырып келеді.

«Төртінші қаңтардың» түтіні тарамай тұрып референдум өткізіп, конституциялық сотты қалпына келтірді. Президенттік сайлау өткізіп, мерзімін 7 жылға шегендеп, бір мерзімге тоқтатты. Ауылдан басталған сайлауды Аудандық деңгейге жеткізді. Болашақ ел дамуы мен көркеюінің кепілі болатын Жаңа Конституцияны халықтың талқысына салып барып, өмірге әкелді. Мұның бәрі келешек ұрпақтың қамы, бабалар арманының жалғасы үшін атқарылып жатыр.

Әттеген-айы осы бағдарламаларды шын жүрегі, жоғары өресімен насихаттап, түсіндіретін идеолог пен барлық шаруаны шып-шырғасын шығармай орындайтын прагматик технократ бізде жетісе бермейді.

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

0 пікір