Сейсенбі, 23 Маусым 2026
Күбіртке 153 0 пікір 23 Маусым, 2026 сағат 13:36

Қайтсек Қазақстанды ұстап тұра аламыз?

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Соңғы жылдары қоғамда жиі көтерілетін сұрақтардың бірі – қазақ халқының демографиялық болашағы мен Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуы.

Қазіргі көптеген білімді азаматтарды, қазақтардың саны жыл сайын қатты кеміп бара жатқандығы, туу көрсеткішінің өте төмендеп кеткендігі, сондай-ақ, шетелдегі қандастардың елге келуіне әдейі қолдан жасалынған кедергілер бар екенін (Үкіметтің саяси сауатсыздығының арқасында, түкке қажеті жоқ пилоттық жобаның іске қосылуы, нақты айтарымыз, қадірменді билік иесі осыны қалайда жеңілдетуге көмектесіп жіберуі керек), әрі Қазақстанның көпшілік бөлігінің қаңырап бос қалғандығы қатты аландатуда. Сонымен қатар, тұрғындардың тұрмыс деңгейінің төмендеуі, дүкендерде азық-түлік бағасының қатты қымбаттауы, жалақы мен зейнетақының күнкөріске жеткіліксіздігі, шағын және орта кәсіпкерліктің тығырыққа тірелуі қазіргі күндері үлкен проблемаға айналды.

Әрине, бұл сұрақтарға эмоциямен емес, тарихи тәжірибе мен нақты мысалдарға сүйене отырып жауап бергеніміз дұрыс. Қазақстанның келешегі бар ма? Қазақтар мемлекетті ұстап тұра ала ма?

Ең алдымен демография проблемасына тоқталған жөн. Кез келген мемлекеттің болашағы халық санына тікелей байланысты. Халық көп болса, еңбек ресурсы да көбейеді, ішкі нарық та дамиды, қорғаныс қабілеті де күшейеді. Қазақ халқы тарихта талай ауыр сынақтарды бастан өткерді. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы ашаршылықта халқымыздың үлкен бөлігі қырылды немесе шетелге көшіп кетті. Қазір соны келтіре алмай әлекпіз.

Соңғы жылдары туу көрсеткішінің тым төмендеп кеткен. Бұған тұрғын үй бағасының өсуі, жастардың кеш отбасын құруы және бала тәрбиесіне кететін шығындардың артуы әсер етуде. Және бір айтарымыз, көрші елдердің идеалогиясының қатты қысымынан, қазақ қоғамының тым азғынданып кеткендігі. Сондықтан, ұлттық идеалогияны жоғары деңгейде тездетіп дамыту (тіл, дәстүр, әдеп-ғұрып, тағы басқалар), жас отбасыларды қолдау ерекше маңызды.

Мысал келтіретін болсақ, Венгрия мемлекеті бірнеше жыл бұрын демографиялық дағдарысқа тап болды. Үкімет көпбалалы отбасыларға тұрғын үйге жеңілдетілген несие беріп, салықтық жеңілдіктер ұсынды. Нәтижесінде туу көрсеткішін тұрақтандыруға қол жеткізді. Қазақстан да осындай тәжірибелерді өз жағдайына бейімдеп пайдалана алады.

Тағы бір маңызды сұрақ – шетелдегі қазақтардың тарихи Отанына оралуын тездету қажет. Әлемнің әр түкпірінде талай миллиондаған этникалық қазақ өмір сүріп жатыр. Егер оларды елге келтіре алсақ, қазіргі әлсіреп бара жатқан Қазақстанның демографиялық және экономикалық әлеуетін арттыра алатын үлкен күш болып табылар еді.

Тәуелсіздік жылдарында көптеген қандастарымыз Моңғолиядан, Қытайдан, Өзбекстаннан, Түркіменстаннан және басқа мемлекеттерден көшіп келді. Олар ауыл шаруашылығында, білім саласында, кәсіпкерлікте және мәдениетте өз орнын тауып, елдің дамуына үлес қосты.

Сондықтан, көші-қон рәсімдерін жеңілдету – демографиялық саясаттың маңызды бөлігі ретінде қаралуы керек. Құжаттарды рәсімдеу неғұрлым жеңіл болса, соғұрлым тарихи Отанына оралғысы келетін азаматтардың саны артады.

Сондай-ақ – бос жатқан аумақтарды игеру. Қазақстан әлемдегі жер көлемі ең үлкен мемлекеттердің бірі, халық тығыздығы төмен елдердің қатарына жатады. Көптеген ауылдарда, аудандарда, моноқалаларда тіпті, облыс орталықтарында, халық саны жыл өткен сайын қатты кеміп келеді.

Бірақ, әлемде мұндай жағдайды сәтті шешкен елдер бар. Мысалы, Канада солтүстік өңірлерін дамыту үшін арнайы бағдарламалар қабылдап, кәсіпкерлер мен мамандарға шынайы түрде жеңілдіктер берді. Соның нәтижесінде шалғай аймақтарда жаңа өндірістер ашылып, халық саны өсе бастады.

Мысал келтірсек, Түркістан облысындағы көптеген ауылдарда жылыжай шаруашылығы жақсы дамып келеді. Соның арқасында жергілікті тұрғындар жыл бойы табыс тауып отыр.

Ендігі айтарымыз – халықтың тұрмыс деңгейі. Қарапайым азамат үшін елдің болашағы туралы сөзден бұрын өзінің күнделікті тұрмысы маңызды. Егер жалақы азық-түлік бағасына жетпесе, адамдар ертеңгі күнге алаңдайды.

Мұндай жағдайда экономиканы әртараптандыру ерекше маңызды. Қазақстан ұзақ уақыт бойы мұнай мен металдарға тәуелді болды. Алайда шикізатқа ғана сүйену жеткіліксіз.

Мысалы, Оңтүстік Корея өткен ғасырдың ортасында кедей аграрлық мемлекет болатын. Бүгінде ол электроника, кеме жасау және автомобиль өндірісі бойынша әлем көшбасшыларының бірі. Мұндай нәтижеге білімге, ғылымға және өндірісті дамытуға көңіл бөлу арқылы жетті.

Қазақстан да тек шикізат сатумен шектелмей, дайын өнім өндіруге ұмтылуы керек. Айтарымыз, еліміз бидай өндіруден әлемдегі жетекші мемлекеттердің бірі. Егер астықты шикізат ретінде ғана экспорттамай, одан макарон, кондитерлік өнімдер және басқа да тауарлар өндірсек, табыс бірнеше есе артады.

Сонымен қатар – кәсіпкерліктің дамуы. Кәсіпкерлік жаңа жұмыс орындарын құрып, халықтың табысын арттырады.

Мысалы, АҚШ экономикасының негізгі тірегі – шағын және орта бизнес. Елдегі жұмыс орындарының көп бөлігі дәл осы секторда құрылған. Қазақстанда да кәсіпкерлерге қолжетімді несие беру, әкімшілік кедергілерді кеміту және отандық өндірушілерді қолдау маңызды.

Мысалы, табиғи ресурстары өте кем Сингапур бүгінде әлемдегі ең дамыған мемлекеттердің бірі. Оның негізгі байлығы – сол елдегі білімді және білікті азаматтар. Сондықтан, Қазақстан үшін де мектеп пен университет сапасын арттыру стратегиялық міндет болуы тиіс.

Біздің елде, аса қатты тағы бір көңіл аударатын бағыт, қазіргі азып-тозып бара жатқан қазақ қоғамын, азғындықтан қорғаудың тағы бір жолы – ұлттық мәдениетті нығайту. Батырлар жыры, тарихи романдар, ұлттық музыка, дәстүрлі өнер және қазақ әдебиеті жастар тәрбиесінің маңызды құралы болуы керек. Қазақстан теле арналарын толықтай қазақшаға аудару керек.

Әрі, отбасы институтын нығайту да аса маңызды. Бала тәрбиесі ең алдымен отбасынан басталады. Сондықтан ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға негізделген бағдарламалар мен қоғамдық бастамалар көбейгені дұрыс. Отбасында сыйластық пен тәрбие болған жерде қоғам да тұрақты болады.

Тарих бір шындықты үйретеді: азғындыққа ұшырамай, болашағына сенетін, еңбек ететін және білімге ұмтылатын халық ешқашан жоғалмайды. Қазақ халқы ғасырлар бойы талай сыннан өтті. Сондықтан бүгінгі қиындықтарды да еңсеруге толық мүмкіндігі бар. Егер демографияны қолдап, қандастар көшін жеңілдетіп, кәсіпкерлікті дамытып, халықтың тұрмысын жақсарта алсақ, Қазақстанның келешегі жарқын болмақ.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

0 пікір