Жұма, 17 Шілде 2026
Жаңалықтар 132 0 пікір 17 Шілде, 2026 сағат 12:19

"Ұмай" әйелдер ипотекасы тамыз айында қайта күшіне енеді

Сурет: Vlast.kz сайтынан алынды

Әйелдерге арналған "Ұмай" ипотекалық бағдарламасы қайта іске қосылады. Өтінім қабылдау тамыз айында басталады. Бұл туралы "Отбасы банкінің" басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова әлеуметтік желідегі тікелей эфир барысында мәлімдеді.

– "Ұмай" ипотекалық бағдарламасына қатысты жақсы жаңалығымыз бар. Бағдарламаны тамыз айында іске қосамыз. Алғашқы қаржы бөлінді, – деді Ләззат Ибрагимова.

Биыл бұл жобаға жалпы көлемі 45 миллиард теңге бөлінген.

Бағдарлама талаптарына сәйкес, қатысушылар бастапқы жарнаны "Отбасы банкіндегі" депозитте жинауы тиіс.

Бағдарламаға кімдер қатыса алады?

Бұл ипотека ресми табысы бар және соңғы 6 ай бойы зейнетақы жарналарын үздіксіз төлеп келген, жұмыс істейтін әйелдерге арналған.

Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар:

Бастапқы жарна: Ірі қалалар үшін тұрғын үй құнының 20%-ын, ал аймақтар (облыстар) үшін 15%-ын құрайды.

Несиенің ең жоғары сомасы: 50 миллион теңгеге дейін.

Несие мерзімі: 6 айдан 25 жылға дейін.

Сыйақы мөлшерлемесі: Банк нақты мөлшерлемені әлі жарияламады, бірақ алғашқы жылдары ол шамамен 15% айналасында болмақ.Кейіннен 3.5%-дан 5%-ға дейін төмендейді.

Қосымша жеңілдіктер: Несие алу үшін екі адамға дейін қосалқы қарыз алушыны тартуға және бастапқы жарна ретінде зейнетақы жинағын пайдалануға рұқсат етіледі.

Қандай үйлерді сатып алуға болады?

Бағдарлама аясында жаңа салынған үйлерді де (соның ішінде Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігі бар құрылысы бітпеген нысандарды), сондай-ақ 2016 жылдан ерте салынбаған ескі  нарықтағы пәтерлерді де алуға болады.

Айта кетерлігі, бұл бағдарламамен тек алғашқы баспананы ғана емес, тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында екінші немесе үшінші үйді де сатып алу мүмкіндігі бар.

Қатысушыларды іріктеу қалай жүреді?

Үміткерлерді іріктеу баллдық жүйемен жүргізіледі. Мұнда "Отбасы банкінде" бұрыннан депозиті бар, ақша жинау мерзімі ұзағырақ және жинақталған сыйақы мөлшері көп әйелдерге басымдық беріледі.

Еске салайық, "Ұмай" бағдарламасы 2021 жылы іске қосылып, 2023 жылға дейін жұмыс істеді. Кейін оны қаржыландыру уақытша тоқтатылды. Бағдарлама Азия даму банкінің (АДБ) қолдауымен жүзеге асырылады.

Бастапқыда жобаны 2025 жылдың басында жаңартылған талаптармен қайта іске қосу жоспарланған еді. Алайда бағдарламаның іске қосылу мерзімі кейінге шегерілді.

Abai.kz

 

0 пікір