Сейсенбі, 23 Маусым 2026
Жаңалықтар 156 0 пікір 23 Маусым, 2026 сағат 17:29

Ыстықкөл форумы: Рухани мұра мәселелері талқыланды

Сурет: Сенаттың баспасөз қызметінен алынды.

Қырғыз Республикасы Мемлекеттік хатшысының шақыруымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі 18–21 маусым аралығында Бішкек қаласы мен Ыстықкөл жағалауында өткен мерейтойлық Ыстықкөл халықаралық форумына қатысты.

Форум барысында сенатор Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысушыларға арналған құттықтау хатын жеткізді. Жолдауда қазіргі жағдайда мемлекеттер арасындағы мәдениетаралық диалогты нығайтудың, жалпыадамзаттық құндылықтарды ілгерілетудің және халықаралық ынтымақтастықты дамытудың маңызы ерекше екені атап өтілді.

Форумда сөз сөйлеген Дархан Қыдырәлі Шыңғыс Айтматов шығармашылығының халықтар арасындағы рухани және мәдени байланыстарды нығайтудағы ерекше рөліне тоқталды.

«Ыстықкөл форумының алғашқы отырысынан бері әлемде ауқымды өзгерістер орын алды. Алайда Шыңғыс Айтматов жазған басты мәселе – адамгершілікті сақтау – өзгеріссіз өзекті болып қала береді. Оның идеялары бізге шынайы рухани құндылықтар мен гуманистік мұраттардың уақыт пен жағдайға қарамастан өз маңызын жоғалтпайтынын еске салады», – деді сенатор.

«Өркениеттер тоғысындағы әлем: болашаққа бірге» тақырыбындағы халықаралық форум мемлекет және қоғам қайраткерлерін, ғалымдарды, жазушыларды және халықаралық ұйым өкілдерін біріктірді. Қатысушылар өркениетаралық диалог, мәдени дипломатия, халықаралық ынтымақтастық және рухани мұраны сақтау мәселелерін талқылады.

Форум аясында Чолпон-Ата қаласында Мұхтар Әуезовтің үй-мұражайында белгілі қоғам қайраткері әрі мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтің бюстін ашу рәсімі өтті. Аталған естелік шараға Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Арслан Койчиев, Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янь, Зифа-Алуа Әуезова және ғылыми-шығармашылық интеллигенция өкілдері қатысты.

Салтанатқа қатысушылар Ыстықкөл жағасындағы Мұхтар Әуезовтің үй-мұражайының Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы рухани бірліктің символдарының бірі ретіндегі ерекше маңызын атап өтті. Мұрат Әуезовтің бюстінің ашылуы ұрпақтар сабақтастығының және екі бауырлас халықтың ортақ мәдени мұрасына деген құрметтің көрінісі екені баса айтылды.

Abai.kz

0 пікір