Қоғам дамуын айқындайтын тетіктер
Қытайда туып-өскен, қазіргі уақытта Америка азаматы болған Чэнь Даньцин есімді бір азамат бар. Ол Қытайдың қазіргі замандағы ең ықпалды суретшілерінің бірі. Оның майлы бояумен салған «Шопандар» (Shepherds) атты туындысы 2021 жылғы өнер аукционында 161 миллион юаньға сатылып, бүгінгі күннің ең қымбат шығармаларының біріне айналды.
Адамның тағдыры қызық қой. 1978 жылы ол жоғары оқу орнына түсу емтиханында ағылшын тілінен 0 ұпай алыпты. Емтихан парағына:
«Мен ешқашан мектепте оқымағандықтан, ағылшынша сөйлей де, жаза да алмаймын» деп тайға таңба басқандай анық жазып қалдырған екен.
Біздіңше айтқанда, «жалқаулықтың шыңын» көрсеткендей әсер қалдырады, солай емес пе?
Мұғалімдердің аяушылық сезімі оянды ма, әлде сурет салуға деген ерекше таланты бірден көзге түсті ме, әйтеуір ол Қытайдың Орталық бейнелеу өнері академиясының майлы бояу кескіндемесі бөліміне оқуға қабылданады. Онымен де қоймай, оқуын бітірген соң сол алтын ұясында мұғалім болып қалып қалған тарихы да бар.
Ағылшыннан «А»-ны да білмейтін сол жігіт, бүгінде мұхиттың арғы бетінде Америка азаматы атанып, еркін ғұмыр кешіп жүр.
Чэнь Даньцин тек мықты суретші ғана емес, сонымен бірге тамаша шешен, әдебиеттанушы әрі өнертанушы ретінде де танымал. Оның қанатты сөздерін қазір әр жерден жолықтыруға болады. Бұл жолы оның бейнелеу өнерінен гөрі, қоғамға қатысты айтқан бір терең цитатасын мысалға келтіргім келді. Әрине, әлгі аты аңызға айналған қымбат суретін де бірге қоса кеттім.
«Кез келген қоғамның дамуын айқындайтын ең негізгі 3 үлкен сала бар. Олар: Білім беру, Денсаулық сақтау және Заң жүйесі.
Қоғам қаншалықты шіріп, азғындаса да, егер білім беру жүйесі әділ әрі іргетасы берік болса, онда ол қоғамның өсіп-өркендеуге деген үміті мен болашағы бар. Егер денсаулық сақтау саласы жемқорлыққа батпай, құлдырамаса, адам өмірі ең төменгі деңгейде болсын өз құрметін сақтай алады. Ал сот жүйесі әділ болса, қоғамдағы жағымсыз құбылыстар ең төменгі шегіне дейін азаяды.
Егер осы аталған үш тіректің үшеуі де тесіліп, іріп-шіритін болса, онда ол қоғамды жай ғана «Адамзат дүниесінің түрмесі» деп атауға болады».
Амантай Тойшыбайұлы
Abai.kz