Жұма, 3 Шілде 2026
Жаңалықтар 150 0 пікір 3 Шілде, 2026 сағат 14:59

Қазақ тіліндегі 53,4 млн басылым оқырман қолына тиді

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.

Қазақстанда кітап оқуға қызығушылық артып келеді

Қазақстанда мемлекеттік тілдегі әдебиетке қызығушылық артып келеді. Кейінгі бір жылда көпшілік кітапханаларынан оқырмандарға 88,9 млн басылым берілсе, оның 53,4 миллионы немесе 60,1 пайызы қазақ тіліндегі әдебиеттер болды.

Бұл үрдіс кітапхана қорларының толығуынан да көрінеді. Бір жыл ішінде көпшілік кітапханаларына 906,5 мың жаңа басылым түсіп, соның 662,3 мыңын қазақ тіліндегі кітаптар құрады.

Бүгінде еліміздің көпшілік кітапханаларындағы қазақ тіліндегі әдебиеттер қоры 30,3 млн данаға жетті. Бұл – жалпы кітапхана қорының 41,7 пайызы.

Оқырмандар арасында көркем әдебиетке деген сұраныс дәстүрлі түрде жоғары. Көркем шығармаларға, тіл білімі мен әдебиеттану саласындағы еңбектерге жалпы берілген кітаптардың 57,6 пайызы немесе 51,3 млн данасы тиесілі. Бұл бағыттағы басылымдар жаңа түсімдер арасында да басымдыққа ие. Бір жылда кітапхана қорлары осындай мазмұндағы 577,7 мың басылыммен толықты. Бұл барлық жаңа түсімнің 63,7 пайызын құрайды.

Көпшілік кітапханалары оқырмандарының елеулі бөлігін балалар мен жастар құрайды. Олардың арасында 15 жасқа дейінгі 1,75 млн бала мен 1,38 млн жас бар. Ересек оқырмандардың саны 2,4 млн адамды құрайды.

Өңірлер бойынша кітап оқитын тұрғындардың ең жоғары үлесі Павлодар облысында тіркелген – 47 пайыз. Одан кейінгі орындарда Солтүстік Қазақстан облысы – 45 пайыз және Батыс Қазақстан облысы – 42 пайыз көрсеткішпен тұр.

Бұл деректер көпшілік кітапханаларының елдің мәдени-ағартушылық кеңістігіндегі орны нығайып келе жатқанын аңғартады. Қазақ тіліндегі кітаптарға сұраныстың артуы, көркем әдебиеттің кеңінен оқылуы және балалар мен жастардың белсенділігі елімізде кітап оқу мәдениетін одан әрі дамытуға берік негіз қалыптастырады.

Abai.kz

0 пікір