Дүйсенбі, 13 Шілде 2026
1012 0 пікір 8 Шілде, 2026 сағат 16:21

Қазақстанның спорттық әлеуеті мойындалды: елімізде 2026-2027 жылдары жеті әлемдік дода ұйымдастырылады

Сурет: ҚР Туризм және спорт министрлігінен алынды.

Әлемдік спорттың орталығына айналып келе жатқан Қазақстан 2026-2027 жылдар аралығында жеті бірдей әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болып, тарихи жетістікке қол жеткізді. Биылғы қазан айында күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтетін болса, 2027 жылы еліміз бокс, дзюдо, үстел теннисі, таеквондо, шорт-трек және киберспорт сынды спорт түрлерінен жаһандық додаларды қабылдайды.

Елімізде мұндай ірі халықаралық жарыстардың ұйымдастырылуы – Мемлекет басшысының спорт саласын дамыту, мемлекетіміздің халықаралық беделін арттыру және Қазақстанды аймақтағы маңызды спорт орталығына айналдыру жөніндегі тапсырмаларының жүйелі түрде орындалып жатқанының нәтижесі.

2027 жылы өтетін әлем чемпионаттарының барлығы Астана қаласында ұйымдастырылады. Нақтырақ айтсақ, қаңтардың 28-і мен 31-і аралығында шорт-тректен жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтсе, сәуірдің 10-26 күндері бокстан, мамырдың 22-30 аралығында үстел теннисінен, маусымның 7-14 күндері дзюдодан, ал шілденің 7-13 күндері таеквондодан әлем чемпионаттары өтеді. Киберспорт бойынша дүбірлі доданың уақыты кейінірек белгілі болады.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында екі жыл ішінде жеті әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болу – еліміздің спорттық инфрақұрылымы мен ұйымдастырушылық әлеуетінің жоғары екенін көрсететін айрықша көрсеткіш. Бұл өз кезегінде әлемдік спорт қауымдастығы алдындағы зор жауапкершілікті де арқалайды.

Әлемдік деңгейдегі үздік спортшылардың қатысуымен өтетін мұндай ірі жарыстар отандық спорттың дамуына серпін беріп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және жастардың спортқа деген ынтасын арттыруға мол мүмкіндік туғызады. Сонымен бірге, халықаралық жарыстар оқиғалық туризм мен қонақүй бизнесінің өркендеуіне, қызмет көрсету саласы мен инфрақұрылымның жақсаруына оң әсер етіп, еліміздің халықаралық имиджін одан әрі нығайтады.

Қазақстанның бүгінде халықаралық стандарттарға сай ең ірі спорттық іс-шараларды өз деңгейінде ұйымдастыра алатын мемлекеттер қатарына сенімді түрде қосылғанын айта кеткен жөн. Бұл жетістіктің барлығы – спорт инфрақұрылымын жүйелі дамыту, ұйымдастыру сапасын көтеру және халықаралық федерациялармен тығыз ынтымақтастық орнату жолындағы кешенді жұмыстардың жемісі.

Abai.kz

0 пікір