Шыңғыс тұқымының соңғы мықтысы...
Шәріпхан Көгедаев 1896 жылы Алтайдың Жеменей ауданында туған. 1927 жылы Алтай аймағы Бурылтоғай ауданының әкімі болады.
Ганьсу өлкесінен бет алып Алтайға басып кірген дүңген жаулаушыларын аймақтан қуып шығуда үлкен еңбек сіңіргендіктен, 1933 жылы Алтай аймағының әкімі болады. 1934 жылдан бастап білім ошақтарын дамытып, 1935 жылы бір жылдың өзінде Алтайда 15 мектеп аштырады. Сол жылы Алтайда баспахана құрып, «Алтай» газетін шығарып, оған қытай, моңғол, ұйғыр тілдерін меңгерген Меркіт руынан Мұқаш Жәкеұлын бас редактор қылады.
Қарақас руының тәйжісі Қалел Нұртазаұлын сауда елшісі қылып Семей, Зайсан қалаларына жіберіп, Совет одағымен сауда келісіміне отырып, бұл жерлерге жүн, тері, балық өнімдерін көптеп жіберіп, шай, мата, астыққа айырбастап, Молқы руынан Зәтелбай Мамышұлын бас көпес қылады.
1937 жылдан бастап Шығыс Түркістанның империялизмге қарсы тұру қоғамының Алтай бөлімінің бастығы міндетін қосымша атқарады.
Аймақ орталығы болған Сарысүмбе қаласының қала құрылысын қайтадан жобалап, көшелер мен үйлерді түрлендірді. Панасыз қарттар мен жетімдерді жер-жерден жиып қарттар үйі мен балалар үйін ашты. Сарысүмбеден ерлер училищесі мен қыздар училищесін ашты. Аз санды моңғолар мен ұйғырларды да ескеріп, моңғол мектебі мен ұйғыр мектебінің де негізін қалады. Сарысүмбеден «мәдениет үйін» ашып, театр өнерінің дамуына күш қосты.
«Қазақ мұғалімдерін жетілдіру курсын» ашып, жер-жерде ашылып жатқан мектептерге мұғалімдер дайындап қана қоймай, үздік мұғалімдерді Үрімжідегі Шинжияң педагогикалық институты мен Өзбекстандағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық институтына жіберіп білімін асырып, азғана жыл ішінде Алтай аймағының мектептерінің санын 80-ге жеткізіп, сауаттанған оқушы саны 10 мыңнан асып кетті.
Денесі де алып, ой-көзқарасы да алып кісі еді. 1939 жылы өлкелік үкіметтің губернаторы Шэн Шицай жүргізген репрессияның кезінде тұтқындалып, 1940 жылы Үрімжі түрмесінде қаза тапты. Әсілі, бір рет түрмеден құтқарылған болатын. «Маған көзі үйренген Шэн Шицай енді ештеңе істей алмайды» деп кеңташтыққа салынып, қайта барғанында тағы ұсталып өлтірілген.
Оның ұлы Мақатан Шәріпханұлы — 1932 жылы Үрімжі қаласының оңтүстігіндегі Қаратау (Нансан) өңірінде туған. 1954 жылы Үрімжідегі қазақтың бас журналы — «Шұғыла» журналының редакторы болады. «Өліара» романын, «Сәлиха-Сәмен» пьесасын, «Ертіс жұлдыздары» сценарийын, «Жыр жолында» жыр жинағын жазды. Шинжияң жазушылар одағының кәсіптік жазушысы болған. 1983 жылы өмірден озды.
Шәріпханның ағасы Әлен Жеңісханұлы 1884 жылы дүниеге келген. 1914 жылы әке орнына Керей елінің уаңы (ханы) болып отырады. Алтайдың шекара қарулы қозыны ұйымдастырылғанда, 1925~1934 жылдары үкімет Әлен уаңды қолбасшы ретінде таниды.
1939 жылы өлкелік үкіметтің шақыртуымен Үрімжіге келіп, 1940 жылы жылғы репрессияның қарқынымен тұтқындалып, 1944 жылы Шэн Шицай биліктен кетіп, орнына У Чжунсинь келгенде босатылып, Алтай аймағы әкімінің орынбасары болады. 1945 жылы ордасын Үрімжінің Саяпыл көліне көшіріп, өлкелік құрылыс министрлігінің министрі болды. 1949 жылы өлкелік үкіметтің кеңесшісі лауазымына қойылады. 1961 жылы дүние салған.
Бұлардың әкесі Жеңісхан Қасымхұлы 1863 жылы Жеменей ауданында туған. 1890 жылдан бастап әке орнына Керей елінің гүңі (хан) болып отырған. 1912 жылы дүниеден озған.
Жеңісханның әкесі Қасымхан Ажыұлы — 1843 жылы Жеменей ауданында туған. 1868 жылдан бастап әке орнына Керей елінің гүңі (ханы) болған. 1890 жылы дүние салған.
Қасымханның әкесі Ажы — 1807 жылы Көкпекті ауданының жерінде туған. 1823 жылы Зайсан ауданының жерінде әке орнына Керей елінің гүңі (хан) болып отырып, 1868 жылы дүниеден озған. Озбырлығымен, ашкөздігімен, қатыгездігімен аты қалған. Осы қылығы үшін Шақабай руынан Ізқұтты батыр Жанбалаұлы оның сақалын күзесе, Қарақас руынан Арқалық батыр оның келін алу тойында ордасын бұзып кіріп, ұлы Сейілханның қуық бауын үзіп жіберіп, «таңбалы төре» атандырған. Сондықтан, Сейілханнан ұрпақ болмай, күйіктен өлген.
Оның әкесі Көгедай Әбілпейізұлы — 1773 жылы Шыңғыстаудағы Әбілпейіз өзенінің бойында туған. 1785 жылы Абақ Керей елінің бала төресі болып, 1790 жылы Пекинге барып, Цин императоры Цяньлун патшаның қолынан гүң (хан) атағын алған. 1823 жылы көршілес рулардың қастандығынан қаза табады. Сүйегі Зайсан ауданының Көгедай ауылына қойылған.
Қайрат Айдарханұлы
Abai.kz