Жұма, 24 Шілде 2026
Жаңалықтар 201 0 пікір 24 Шілде, 2026 сағат 15:39

Ұлттық банк инфляцияны 5%-ға дейін түсірмек

Сурет: kaz.inform.kz сайтынан алынды.

Ұлттық банк инфляцияны 5%-ға дейін түсіруді жоспарлап отыр. Ол үшін ақша-кредит саясаты жалғасып, қажет болса қосымша шаралар қабылданады.

Бұл туралы Ұлттық банкте өткен брифингте банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.

Оның айтуынша, банктің басты мақсаты — елдегі баға өсімін тұрақтандырып, инфляцияны 5%-ға дейін жеткізу.

— Біздің негізгі міндет — баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және инфляцияны 5%-ға жеткізу. Инфляцияның тұрақты әрі болжамды деңгейде болуы экономиканың дамуы мен халықтың әл-ауқатының артуына ықпал етеді, — деді ол.

Оның сөзінше, соңғы айларда инфляция баяулағанымен, бағаның өсуіне әсер ететін тәуекелдер әлі де сақталып отыр.

— Бұған халықтың белсенді тұтынуы мен инфляциялық күтулердің жоғары болуы себеп болып отыр, — деді спикер.

Сүлейменов базалық мөлшерлемеге қатысты келесі шешімдер алдын ала белгіленбейтінін айтты.

— Олар инфляцияның қалай өзгеретініне, ішкі сұранысқа, жанар-жағармай бағасына, бюджет шығыстарына және басқа да экономикалық көрсеткіштерге қарай қабылданады, — деді ол.

Сондай-ақ ол Үкіметпен бірге инфляцияны бір таңбалы деңгейге түсіруге бағытталған бірлескен бағдарлама жүзеге асып жатқанын айтты. Қажет болған жағдайда бұл шаралар қайта қаралып, толықтырылатын болады.

Abai.kz

0 пікір