Дүйсенбі, 27 Шілде 2026
Жаңалықтар 852 0 пікір 24 Шілде, 2026 сағат 22:41

Фермерлерді қолдаудан спортты дамытуға дейін: «Әділет» партиясы Түркістан облысында бірқатар кездесу өткізді

Сурет: «Әділет» партиясынан.

«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы Түркістан облысындағы үгіт-насихат жұмысын өңір жұртшылығымен кездесуден бастады. Облыс орталығындағы Конгресс-холлда өткен жиынға зиялы қауым өкілдері, шаруалар, кәсіпкерлер мен жастар қатысып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді ортаға салды.

Сурет: «Әділет» партиясынан.

Кездесу барысында партия төрағасының орынбасары, Құрылтай депутаттығына кандидат Рауан Кенжеханұлы «Әділетті болашақ үшін» атты сайлауалды бағдарламаны таныстырды. Оның айтуынша, құжат жеті стратегиялық мақсат пен он негізгі басымдықты қамтиды. Бағдарламаның түпкі мақсаты – азаматтың құқығы мен қадір-қасиетін басты орынға қоятын, әркімнің еңбегі мен біліміне сүйенген әділетті экономикалық жүйе қалыптастыру.

«Біздің бағдарламаның өзегінде қарапайым қағида жатыр: басты орында адам, оның қадір-қасиеті, әл-ауқаты және өз әлеуетін жүзеге асыру мүмкіндігі тұруы тиіс. Біз әр азамат өз еңбегі, білімі мен жауапкершілігінің арқасында табысқа жете алатын мүмкіндіктер экономикасын қалыптастырғымыз келеді», - деді Рауан Кенжеханұлы.

Жиында сөз алған тұрғындар ауылдық елді мекендердің тыныс-тіршілігіне қатысты мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, инфрақұрылымды дамыту, жайылым тапшылығы, ауыл шаруашылығын қолдау, сондай-ақ тарихи-рухани мұраны сақтау мәселелері сөз болды.

Сурет: «Әділет» партиясынан.

Партия өкілдері киелі орындарды қорғауды жүйелі жолға қою қажеттігін айтып, қолөнершілердің құқықтық мәртебесін айқындайтын арнайы заң қабылдауды ұсынды.

Сайлауалды бағдарламада экономиканы жаңғыртуға бағытталған бірқатар бастама көрініс тапқан. Атап айтқанда, бір миллион сапалы жұмыс орнын ашу, жасанды интеллект саласында 100 мың маман даярлау, инженерлік мектептер мен TUMO инновациялық орталықтарын іске қосу жоспарланған.

Сонымен қатар ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамту, жас кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру, ал су, газ, жол және жайылым мәселелерін Цифрлық теңге арқылы ашық бақылауға алу ұсынылған.

Партия төрағасы әрі республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі Айбек Дәдебай Түркістан облысының рухани ғана емес, экономикалық әлеуеті де жоғары екенін атап өтті.

«Біз алдағы сайлауға тек дауыс сұрау үшін келген жоқпыз, сіздерді тыңдап, шынайы жұмыс істеу үшін келдік. Кентау, Арыс, Сауран және Түркістан тұрғындары көтерген әрбір өзекті мәселе партияның тұрақты бақылауында болады», – деді Айбек Дәдебай.

Үгіт-насихат сапары мұнымен шектелмейді. Алдағы күндері партия өкілдері спортшылармен, аграрлық сала мамандарымен және туризм саласының өкілдерімен жеке кездесулер өткізбек. Бағдарламада ауылдық жерлердегі спорт инфрақұрылымын дамыту және шәкірттері жоғары нәтиже көрсеткен жаттықтырушыларға ынталандыру үстемақысын енгізу мәселесі де қамтылған.

Сурет: «Әділет» партиясынан.

Айта кетейік, «Әділет» партиясының сайлауалды үгіт-насихат науқаны 23 шілдеде Астанада ресми түрде басталды. Қазір республика бойынша партияның 20 өңірлік және 226 аумақтық штабы жұмыс істеп, науқанға 30 мыңға жуық сенімді өкіл тартылған.

Дайындаған:

«Әділет» партиясының баспасөз қызметі. «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.

Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.

Abai.kz

0 пікір