Сенбі, 1 Тамыз 2026
Әдебиет 482 0 пікір 31 Шілде, 2026 сағат 13:26

Қанағат Әбілқайыр. Соңғы жәдігер

Сурет: aikyn.kz сайтынан алынды.

Әңгіме

Біз қаладан тым ерте шықтық, ондағы ойымыз, діттеген жерге көз байланбай жетіп жығылу. Рөлде отыздардағы қарасұр жігіт, сөзге көп әуес емес пе, межелі жерден мені алғанда әлдене деп күңк ете қалды. Оны өзім амандасқаны болар деп топшыладым. Жанында жетпістің о жақ, бұ жағындағы қария. Орындыққа еркін жайғаспай, алдына қарай емініп алған. Әне-міне басын терезеге соғып алардай тым ыңғайсыз отыр. Шопырдың «Атай, айнаны жауып қалдыңыз» деген ескертуіне, «Аа, иә, иә» деп, кейін шегінеді де, көп ұзамай бағанағы отырысына қайта оралады. Қаладан шыққалы сұрағы мен әңгімесі кезегімен алмасып, серігінің шытына жауап бергенін де елең қылар емес. «Жарықтық, Елеке сазы, малынып тұрған шығар ә?..» Жауап жоқ. «Біздің кезімізде мыңғырған мал жатушы еді, қазір қалай?» «Болады». «Сенің істеп жүргеніңе қанша болды?» «Көп емес, ата». «О-о, көрер қызығың әлі алда онда. Біздің кезімізде арғы-бергі шетелдерден де келіп, жұмыс деген қыз-қыз қайнап жататын. Қайран уақыт қас пен көздің арасында өте шықты. Қанша адамсыңдар?» «Жиырмадай бар». «Аз ғой. Біздің кезімізде...» «Қалғанын қайтарып, негізгі топты ғана алып қалған». «А-а, дегенмен сонда да аз. Үш нысанға жиырма адамың түк емес қой. Жұмыс та өнбейді, уақыт та созылып кетеді». Көлік жанармай бекетіне келіп тоқтады да шопыр үн-түнсіз түсіп кетті. Жан-жағына бажайлап бір қарап алған қария менің бар екенім енді есіне түскендей артына мойын бұрды. «Сен де Елеке сазына бара жатсың ба, балам?» Бұл уақытта мен жолға сусын алып алайын деп, көлік есігін ашып жатыр едім, «Иә, ақсақал. Сізге ішетін бірдеңе алайын ба?» «Жо-жоқ, менікі өзімде. Біз мұндай ұзақ жолға онсыз шықпаймыз, дағды болып кеткен» деп, қойнынан темір құтысын алып көрсетті. Таныс дүние ғой, мырс еттім де жолай кездескен шопырға да сол сұрағымды қойдым. «Мә, енергиялық сусын алсаңыз жақсы болар еді, түнімен ұйықтамап ем...» Бұл сөз мені еріксіз селт еткізді, оған екі себеп бар еді. Біріншісі, алда ұзақ жол бар. Ал, оның түрі –мынау. Не өзін, не бізді ойлап тұрған жоқ. Сәл көзі ілініп кетсе, жол қателікті кешіре ме? Екіншісі, қазір адамдардың көбі енергиялық сусындарға тәуелді болып қалған. Әсіресе сондай жастар көп. Түнімен жүреді немесе интернетте отырады. Сосын сабағына, жұмысына осындай сусын ішіп кетіп бара жатады. Ол сабақ миға кіре ме, ол жұмыс өне ме? Ең бастысы, денсаулық не болып жатыр? Қорқынышты! Алайда оның денсаулығын ойлап, өз өмірімізді қатерге тікпейік деп үш сусынын алып бердім. Ол көңілденейін деді. Дегенмен ақсақалдан көрі менімен әңгімелесуге бейіл сияқты. Айнасынан артқы жаққа қарап қойып, «Түнде футболға жүз мың тігіп, жеті жүз мыңға дейін көтердім» деді. «О, шала байып қалыпсың ғой». «Қайдағы, аға? Көп ұзамай-ақ қайта бердім ғой». «Қап, тұрып кетуің керек еді». Мұным әйтеуір айтыла салған сөз еді. Әйтпесе құмар ойынға бір берілген адам оңайшылықпен тұрып кетпейтінін, кете алмайтынын жақсы білем ғой. «Сол ғой, тағы бір көре салайыншы деп отырып, әп сәтте тып-тыйпыл болдым. Содан «көлікті соғып алдым, тезірек құтылу керек» деп келініңізден жүз мың алғам, оны да салып тастап ит боп келе жатырмын». Өзінің бірнеше сауалы жауапсыз, әңгімесі тыңдаусыз қалғанын кеш аңғарды ма, алдына ұмсынған қалпы біраздан бері үнсіз қалған қария осы кезде серігіне мүлде басқаша қарады. Енді ғана көргендей бас-аяғына тінте көз жүгіртіп басын шайқады да назарын қайтадан алға бұрды. Осыдан кейін үзақ үнсіздік орнады, әркім өз ойымен оңаша қалды. Түс ауа жол бойындағы шағын асханаға кіріп, ауқаттанып алдық. Бұл жерде де артық-ауыс әңгіме болған жоқ. Жол бойы өткен шағын, жұмысындағы түрлі қызықты оқиғаларын, қиындықтардан жол тауып шыққан сәттерін тоқтаусыз айтып келе жатқан қария жолай түсіп қалып, орнына томаға-тұйық бір жұмбақ қарт топ ете қалғандай. Тамақтан кейін сусынының тағы бірін қылқылдата жұтып рахаттана кекіріп алған шопырдың сөйлегісі-ақ келіп отыр. Әттең, қабағымен-ақ жасқаған мұғалімнің алдындағы оқушыдай серігінен жылылықтың еш лебі сезілер емес. Түрінен «Бағанағы сұрақтарыңыздың кез келгеніне жауап беруге дайынмын» деген пейіл аңғарылады. Оның енді ұйықтай қоймасына көзім жетті де шалқая отырып көзімді жұмдым.

Біз межелі жерге жеткенде түнгі он бір болып қалып еді. Қостың сыртқы жарығы ғана жанып тұр екен. Бұл жақтың тәртібі бойынша кешкі тоғызда жарық та, интернет те сөнеді, бәрі ұйқыға жатуы тиіс. Көлік даусынан оянған, біздің келетінімізден хабардар екі адам мен аспаз сыртқа шықты да бәріміз қауқылдасып отырып кешкі асымызды іштік. Бұл – сапарлас қарияның қайтадан түлеп алған, қос иесіне қайта-қайта алғыс айтқан риза көңілімен, көлік жүргізушісінің енергиясы таусылып, дастарқан басында қалғи бастаған сәтімен есте қалды.

Шығыста таң ерте атады емес пе? Оның үстіне мынадай жұпар ауада екі-үш сағат қана ұйықтасаң да бойыңдағы күллі шаршау аққан тердей жым-жылас жоғалады. Сағатқа қарасам таңғы бес екен, қостан сыртқа шықтым, қария қол созым жердегі төбешіктің үстінде жан-жағына жұтына қарап тұр екен. «Ойпырмай, бұл кісі бұл өлкеге неге сонша құмар? Жол бойы екі сөзінің бірі – Елеке сазы! Енді сол өңірдің бел ортасында тұрып айналасын тағы да көзімен ішіп-жеп барады». Ең қызығы, түнгі астан кейін қос иесінің айтқанына көнбей «Мен үшін осыдан артық орын жоқ» деп көлік ішіне түнеп қалған. Бұл да мен әлі шешпеген құпияның бірі. Аяңдап жанына бардым, амандастым. «Түнде тоңған жоқсыз ба?» «Қарашы, – деді ол, менің сауалыма назар да аудармай. – Қарашы, неткен керемет! Айнала жайнап тұр, құдды осы жайлауды сұқ көзден жасырғандай Құдайдың өзі таумен қоршап қойған ғой. Мына қолтықтың бәрі аң мен құс. Ал, ортада көсіліп жатқан жазық – таусылмас береке мен қазына!» Ол кісіге ілесе мен де айналама көз тіктім, сұлулықты, әсіресе табиғи сұлулықты бір кісідей бағалайтын, ылғи тамсана тамашалап жүретін жанның бірі ретінде мен де жұтындым. Төңірек рас, ғажап! Суреттеуге сөз жетпейді. Мыңғырған мал, ақшаңқан киіз үйлер, шынымен-ақ алып адамдар тізіп шыққандай айнала қоршаған тау сілемдерінің ортасында көз тұнатын жап-жазық сұлулық! Бірақ оны мына кісінің ауаны құшырлана жұтып, көзін тойдыра алмай, күллі дүниені жүрегіне сыйдыра алмай аласұрған көңілімен салыстыру мүмкін емес еді. «Бала күніңіз осы жерде өтті ме?» дедім, кешелі бері «Елеке сазы» деп қайталай берген сөзіне жауап тапқым келіп. «Жоқ, мен бұл өңірден емеспін» деді маң далаға қарап тұрып ол. Сосын, «Баяғыда Елеке деген бай болыпты. Қазақта бай көп қой, бірін суреттегенде өзенге құлаған жылқысы су ішкенде су тартылып қалады екен дейді. Ал, бұл бай жылқысын бір сайға қамағанда сай толса болды, «Е, жылқым түгел екен» деп жүре беретін көрінеді. Бұл жер содан «Елеке сазы» атанған» деді маған әлі назар аудармастан. Көп ұзамай өзгелер де оянып, абыр-сабыр басталып кетті де, біздің әңгімеміз көпке бармады. Мұнда тәртіп басқа дедім ғой, таңғы алтыда бәрі орнынан тұрып, жуынып-шайынады, жетіге дейін таңғы асын ішеді де жұмысқа кірісіп кетеді. Содан он бірге дейін төрт сағат тынымсыз жұмыс. Он бірде қосқа келеді, содан екіге дейін үзіліс. Түскі астарын ішеді, интернетке шұқшияды, демалады, кір-қоңдарын жуады, қаласа доп тебеді. Содан екіден алтыға дейін тағы төрт сағат тоқтаусыз жұмыс. Алтыдан жетіге дейін кешкі ас, одан кейін ұйықтайсың ба, интернетке үңілесің бе, қысқасы, түнгі тоғызда бәрі өшеді, таңғы алтыға дейін демалыс. Ең бастысы, осы аралықтың бәрінде қария екеумізге бір жерге баруға да, қымыз ішіп отырып емін-еркін әңгімелесуге де мүмкіндік мол. «Ана шопыр баланың сөзі маған ұанамады» деді бір күні. «Құмар ойыннан мүйізі шыққан жанды көрсем көзім шықсын, есесіне бар дүниесін тігіп, соңында өзі қор болып қалған талай асыл жігіттерді көз көрді. Оларды тоқтата алмайсың, ал оны мақтаныш қылу және отбасыңның нәпақасын ауыздарынан жырып алып шығу – азғындықтың шегі. Сен тоқтам айта ма десем, желіктіріп бара жатқан сияқтысың, амалсыз іштен тындым» дегенінде бетім дуылдап-ақ кетті. Өйткені, кезінде өзім де сол тұзаққа түсіп, басымды зорға арашалап алғам.

Айтпақшы, келген күннің ертесіндегі кеште қос иесі жеке шатырында қария екеумізге дастарқан жайды. «Мына кісі ғұмырын археология саласына арнаған жан. Он жылдан бері зейнетте. Маған «Елеке сазын, археологтар жұмысын бір көріп қайтсам» деген сәлемін жолдапты. Содан арнайы алдырып отырмын» деп таныстырған. «Сол уақыт ішінде біз қайда болмадық?.. Қазақстанның қай өңірін шарламадық? Атақты Есікті, Берел, Түркістан, Сығанақ, айтсаң кете береді. Соның ішінде менің жаныма ерекше жақыны – Елеке сазы ғой. Осы өңірде мен ғұмырымдағы ең құнды жәдігерлерді таптым, тарихқа атымды жаздым және осы өлкеде қызметімді аяқтадым» деді ол кісі. Сосын қос иесіне бұрылып, «Саған шексіз ризамын. Балаңның баласы жамандық көрмесін!» деп қолын ұзақ қысты да, «Мен енді жатайын, шал адаммын, сендер маған қарамай отыра беріңдер» деп шығып кетті. Ол кісі жөнімен кетіп, өзі түнеп жүрген көліктің есігі тарс жабылғанда қос иесі – осы эспедициялық топтың жетекшісі – қанды көйлек досымнан: «Бұл кісінің Елеке сазына неге сонша асыққанына қанықтым. Ал, саған неменеге келгелі бері рақмет айта береді?» дедім. «Бұл да бір қызық әңгіме. Бұл кісі зейнетке шығар алдында тау-таста емін-еркін жүретін көлігі бар еді. Соған өзінің шәкірті өлердегі сөзін айтып жабысады. «Ағатай, қашан келсеңіз де көлік өзіңіздікі, қашан келсеңіз де төр де сіздікі. Тек, мына көлігіңізді бізге тастап кетіңіз» деп. «Е, мұны қалада қайтем? Оның үстіне өзім қазба маусымында келіп мауқым басылғанша мініп тұрмаймын ба?» деп ойлаған ақсақал шәкіртінің дегеніне көнеді. Содан зейнетке шығу, одан кейінгі қарбаластар, қалаға тұрақтану деген сияқты бітпес әбігерлермен бір-екі жыл, одан кейін денсаулығы сыр беріп тағы біраз уақыт жоғалтып, «жұт жеті ағайынды» дегендей әйелі қайтыс болып, қысқасы, арада біраз уақыт өтіп кетеді ғой. Ал, бұл кісінің есіл-дерті – Елеке сазы. Содан баяғы шәкіртіне хабарласады. «Сол күндерді сағындым. Бір көріп қайтсам» дейді ғой. Ол мың сылтау айтып, жолатпайды. Ақсақалдың теп-тегіс жерде сағы сынып отырғанда менің Елеке сазында екенім құлағына тиеді. Сырттай таныстығымыз болмаса, бірге жұмыс істеген адамым емес. «Келіңіз» дедім, «Ырысымды ішіп кетпейді ғой» деді досым шегір көзі электр жарығына шағылысып. Бұл жолы оның қолын бар ықыласыммен мен де алдым.

Ақсақал екеуміз археологтармен бірге шым да ойдық, тас та тасыдық, қорымның негізгі бөлігіне келгенде сыпыртқымызды сайлап алып обаның негізгі бөлігін де тазаладық. Осы сәттің бәрінде ол кісінің жүзінен ерекше шуақ төгілді де жүрді. Көп ішінен мені тауып алады да әр істі тәптіштей түсіндіреді, әр қозғалысы жауапкершілікке толы. Сосын, иә, сосын қолы қалт етсе жаяулап дала кезіп кетеді немесе биіктеу жерге шығып алады да кейде қолын көлегейлеп, болмаса қолын артына ұстап алып алыстарға қарап тұрады. Осындай күндердің бірінде, талай жылдар бойы археологтарға аспаз болып келе жатқан қолы берекелі апайдың: «Мына кісі Елеке сазымен қоштасып тұр-ау» деген сөзін естіп қалдым. «Неге олай дедіңіз?» дедім, мына сөзден тіксініп. «Бұл кісіні мен танығалы қанша жыл?.. Келетін, арқа-жарқа болып кететін. Бұл жолы жүріс-тұрысы да, сөзі де біртүрлі» деді. Содан бастап қарияға тағы бір қырынан зерттеп қарай бастадым. Дәл осыны күтіп жүргендей ол кісі көп ұзамай, «Ана өзенді көрдің бе?» деді. «Иә, өткенде жанынан өттік қой» дедім мен. «Содан төменде үш өзеннің қосылатын жері бар. Ғажап жер енді. Соған барып суға түсіп келсек қайтеді?» «Ойбу, аға, мен сәл тұмауратып жүр едім, одан ары асқынтып алармын» дедім. Расымен, алергиям қозып, берекем қашып жүрген кез еді. «Ол судан ешкімге суық тимейді, қайта сауығып шығасың. Ортасында үлкен қойтастар бар, сонда күншуақта жатуға да болады» деді. «Жоқ, аға! Айып етпеңіз, мен бара алмаймын» дедім. Одан кейін мені қолқалаған жоқ, басқаларға да өтініш айтпады. Тек, кешкі аста экспедиция жетекшісіне, «Реті келсе мені орталыққа апарып тастарсың» деді де орнынан тұрып, келгелі түнеп жүрген көлігіне кіріп кетті. «Қанша дегенмен көлік түнде салқын ғой» деді аспаз апай. «Ескі дағдысы ғой, мұны да сағынған шығар» деді егде археологтың бірі. «Дегенмен мықты екен, жетпістен асқанда мұндай қимыл-қозғалыс екінің бірінің қолынан келмейді ғой» деді тағы бірі.

Ертесі бәрімізбен емен-жарқын қоштасып, әсіресе қос иесін бауырына басып ұзақ тұрып, күллі қоршаған ортаға тебірене қарап ол кісі сол баяғы шопырмен үйіне аттанды. Көп ұзамай мен де керекті мағлұматтарымды жинап алып етекке түстім. Қаланың өмірін білесіздер, бітпейтін қарбалас қайтадан басталды да кетті. Тек, тек, қос иесінің «Қалаға жеткен соң ертесі күні ана кісі дүниеден қайтыпты» деген сөзі шекемді солқылдатады да тұрады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар