Жазулар мемлекеттік тілде ғана болу керек!
Тәуелсіздік – тек мемлекеттік шекараның белгіленуі немесе халықаралық қауымдастықтың мойындауы ғана деп түсінбейік. Тәуелсіздік – ең алдымен ұлттың рухани кеңістігінің, мәдени болмысының, мемлекеттік тілінің үстемдік құруы. Мемлекеттік рәміздермен қатар мемлекеттік тіл де егемендіктің ең басты нышандарының бірі. Сондықтан қай елге барсаңыз да, әуелі көретініңіз – сол елдің мемлекеттік тілінде жазылған көше атаулары, әуежайдағы көрсеткіштер, вокзалдағы хабарландырулар, мемлекеттік мекемелердің маңдайшалары мен қоғамдық орындардағы ақпараттар.
Қазақстанда да мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Бұл – тарихи шындық, Конституциямен бекітілген құқықтық норма. Соған қарамастан, бүгінгі күні халыққа қызмет көрсету орталықтарында, әуежайларда, теміржол вокзалдарында, сауда орталықтарында, дәріханаларда, мейрамханаларда, дүкендерде, тіпті кейбір мемлекеттік мекемелердің өзінде қазақ тілінен кейін немесе онымен қатар орыс тіліндегі жазулардың басым қолданылуы қоғамда түрлі пікір туғызуда. Көпшілік арасында: «Неліктен мемлекеттік тіл барлық маңдайшалар мен көрсеткіштердің жалғыз тіліне айналмай отыр?» деген заңды сауал жиі қойылады.
Бұл жағдайды эмоциямен емес, құқықтық және қоғамдық тұрғыдан саралаған жөн.
Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының 9-бабында мемлекеттік тіл – қазақ тілі екені нақты жазылған.
Демек, бүгінгі ахуалдың негізгі себебі – Конституция мен салалық заңдардың қолданыстағы талаптары. Сондықтан, мемлекеттік органдар да, кәсіпкерлер де ақпаратты мемлекеттік тілде ғана орналастыруды құқықтық талаптардың бірі ретінде қабылдау керек.
Қазақ тілінің қоғамдық кеңістіктегі орны туралы жағдай тек жазуларға ғана қатысты емес. Бұл – азаматтың мемлекетпен алғашқы байланысы. Әуежайға келген жолаушы, халыққа қызмет көрсету орталығына барған тұрғын немесе ауруханаға келген науқас ең алдымен мемлекеттік тілдегі ақпаратты көруі тиіс. Бұл – мемлекеттік тілдің күнделікті өмірдегі нақты көрінісі.
Әлемдік тәжірибеге қарасақ, көптеген мемлекеттер өз мемлекеттік тілінің қоғамдық кеңістіктегі үстемдігін заң арқылы қамтамасыз еткен. Францияда ресми ақпарат француз тілінде беріледі. Жапонияда қоғамдық ақпараттың негізгі бөлігі жапон тілінде жазылады. Оңтүстік Кореяда да мемлекеттік тіл қоғамдық кеңістіктің басты тілі болып табылады. Туркияда мемлекеттік мекемелердің барлық ресми маңдайшалары түрік тілінде рәсімделеді. Шетелдік азаматтардың қажеттілігі үшін халықаралық нысандарда ағылшын тілі қосымша пайдаланылуы мүмкін, бірақ негізгі тіл өзгермейді.
Қазақстан үшін де осындай қағидат қалыптасуы қажет. Мемлекеттік тіл барлық қоғамдық ақпараттың негізгі тілі болуы тиіс. Қажет болған жағдайда ғана халықаралық қатынасқа немесе туристерге ыңғайлы болу үшін басқа тілдерде қосымша ақпарат берілуі мүмкін. Бұл әлемнің көптеген елдерінде қалыптасқан қалыпты тәжірибе.
Соңғы жылдары қазақ тілінің қолданыс аясы мүлде кеңейді. Мемлекеттік қызмет көрсету саласында, электрондық үкімет платформаларында, білім жүйесінде және бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ тілінің үлесі артты. Дегенмен, қоғамдық кеңістіктегі көрнекі ақпарат проблемасы әлі де толық шешілген жоқ. Кейбір өңірлерде қазақша мәтіндердің сапасы төмен, орфографиялық қателер жиі кездеседі немесе қазақ тілі тек формалды түрде ғана беріліп, негізгі назар өзге тілдегі ақпаратқа аударылады.
Бұл жағдайды шешудің бірнеше жолы бар. Біріншіден, мемлекеттік тілдегі көрнекі ақпараттың сапасына тұрақты мониторинг жүргізу қажет. Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелердің барлық маңдайшалары мен ішкі навигациясында қазақ тілі негізгі орында тұруы қатаң сақталуы тиіс. Және, кәсіпкерлерге қазақ тіліндегі сапалы мәтіндерді әзірлеуге әдістемелік қолдау көрсеткен жөн. Тағыда, заңнаманы кезең-кезеңімен жетілдіру арқылы мемлекеттік тілдің қоғамдық кеңістіктегі басымдығын мүлде күшейту жағдайын қоғамдық талқылаумен бірге қарастыру маңызды.
Сонымен қатар, бұл істі қоғамды бөліп-жаратын емес, біріктіретін деңгейде талқылау қажет. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру қандай да бір өзге тілге қарсы әрекет ретінде қабылданбауы тиіс. Керісінше, ол – Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін, ұлттық бірегейлігін және мемлекеттік тұтастығын нығайтудың маңызды құралы.
Қазақ тілі – ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттың рухани қазынасы. Ол тек қарым-қатынас құралы ғана емес, тарихи жадының, мәдениеттің, дүниетанымның, ұлттық сананың айнасы. Мемлекеттік тілдің қоғамдық кеңістіктегі толыққанды үстемдігі – ұлттың өзін құрметтеуінің белгісі. Сондықтан, маңдайшаларда, көрсеткіштерде, ресми ақпараттарда тек қана мемлекеттік тіл – қазақ тілінің тұруы уақыт талабы.
Ең бастысы – мемлекеттік тілдің қоғамдағы беделі ең алдымен заңмен ғана емес, оны күнделікті өмірде еркін қолданатын азаматтардың саны мен сапалы тілдік орта арқылы нығаяды. Сонда ғана қазақ тілі Қазақстанның барлық қоғамдық кеңістігінің табиғи, негізгі және біріктіруші тіліне айналады.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz