Дүйсенбі, 10 Тамыз 2026
Ақмылтық 2005 0 пікір 7 Тамыз, 2026 сағат 14:22

Бөріге барсаң, арыстанның қаруын ал!

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Қару-жараққа қатысты Совет дәуірінен санаға сіңіп қалған бұлжымайтын бір ереже бар емес пе? Яғни, қызыл империя құрамында болған республикаларда (бүгінде тәуелсіз мемлекеттерде) өз Қарулы Күштері болмады, бірегей де біртұтас, КСРО-ның әрбір азаматы қызмет етуге міндетті Совет Армиясы болды. Өз басым барша қатарластарымыз секілді сол әскер қатарында  Мәскеуде екі жыл қызмет етіп қайтқанмын.

Бір армия болған соң оның қару-жарағы да бір көзден шықпай ма? Солай болды да.

Енді, міне, советтік республикалар Мәскеудің тепкісінен құтылып, Тәуелсіздік алғанына 35 жыл боп қалыпты. Иә, Балтық елдері, Украина және басқалары сол кездің өзінде-ақ толықмәнді һәм толыққанды Тәуелсіздікке қол жеткізіп, өзінің дербес саясатын (соның ішінде, әскери салада) жүргізіп, қару-жарақты қайдан, қай елден алатынын өздері шеше бастады.

Ал кейбір ел, оның ішінде біз де бармыз, дәл әскери салада күні кеше атқа мініп атойлаған буденный мен басты техникасы зеңбірек пен танкі болған жуковтар қолбасшылық еткен армияның жауынгерлік жарағымен қалды.

Яғни, моральдық жағынан ескіріп, әбден тоз-тозы шыққан, бүгінгі күн талаптарына мүлдем сай емес кешегі советтік, бүгінгі – ресейлік қару-жарағы бізге мұра боп қалып, осы күнге дейін қызмет етіп келеді.

Алайда, стратегиялық сең қозғала бастаған секілді.

Кейбір шетелдік, беделді, арнайы әскери БАҚ хабарлауынша, көрші Өзбекстан өз әскерін қытайлық қару-жарақпен қамтамасыз етуді қолға ала бастапты. Алғашқы құжаттарға қол қойылыпты.

Соны біліп қойған Мәскеу дереу президент өкімін қабылдап, атам заманда қол қойылған Қазақстан мен Өзбекстанмен қару-жарақ саласындағы ынтымақтастықты қайта қарауға көшіпті.

Қару-жарақ гегемониясынан айрыла бастаған, ашулы Мәскеудің «құжаттарды қайта қарап», нақты қандай қадамдарға баратыны әлі беймәлім. Әскери әліптің артын бағайық, соның алдында осы аса маңызды мәселеге қатысты бірер ой.

Біріншіден, егер де сыртқы саясатта шынымен де көпвекторлықты ұстансақ, Тәуелсіздіктің ең басты кепілі – қорғаныс ісінде де сол бағыттан ауытқымау керек сияқты. Иә, бір күннің ішінде өз әскеріміз осы күнге дейін қолданыста келе жатқан совет-ресей қару-жарағынан бас тарта алмас. Алайда, бұл осы саланы күннен бастап әртараптандыра бастауға (оны «диверсификация» дейді) не кедергі? «Бөріге барсаң, арыстанның қаруына ал» деген сөз бар емес пе?

Екіншіден, әскери маман емеспін, алайда, әскеріңді өз көршіңнің қару-жарағымен жабдықтау дегенді түсіне қоймадым: жаман айтпай, жақсы жоқ, ертеңгі күні, сол көршің өзіңе қарсы соғыс ашса не болмақ? Кісідегінің кілті аспанда емес пе?!

Үшіншіден, Украинаға қарсы соғыс ашып, өркениетті әлемнен аластатылған, санкциялардан көзін аша алмай қалған Ресеймен «әскери-техникалық ынтымақтастығымыздың» өзі бізге бумеранг ретінде қайтып келіп, елімізді қосымша санкцияларға ұшыратпай ма? Өйткені, ол саладағы ынтымақтастық импортпен бірге экспортты да меңзейді емес пе?

Төртіншіден, Совет одағы тарағанда кеңес әскери-өнеркәсіп кешенінің құрамында болған, сол кезде мықты әлеуеті сақталған қаншама кәсіпорын Қазақстан аумағында қалды?! Солардың тағдыры не болды?

Ашық дереккөздеріне сенсек, кезінде Қазақстанда 50-ге жуық әскери кәсіпорын болыпты, олар торпедо, теңіз миналары, ракеталық кешендер, радиоэлектроника мен мылтықтар шығарған екен.

Әлде бәрі Алматыдағы АЗТМ (Алматы ауыр машина жасау зауыты) секілді талан-таражға салынып, аяғында жабайы нарықтың құрбаны боп, базар, сауда орталығы не тұрғын-үй кешеніне айналып кетті ме? Сол салаға бір мықты аудит керек-ау деймін!

Төрт жылдан астам уақыт соғысып, адам басына бермес қиындықты өткеріп жатқан Украинаның өзі қару-жарақ саласында нағыз революция жасап, өз дрондары мен пилотсыз үшқыш аппараттарымен бүкіл әлемді таң қалдырып жатыр емес пе? Бейбіт жағдайда күн кешіп жатқан, ақшамыз қалтамызға сыймай, кезінде бір ғана ЭКСПО-ға екі миллиард доллардан астам қаржы жұмсаған біз неліктен осы салада артта қалып қойдық?

Міне, көрші елдің басшысының бір өкімінің өзі бізде осындай оқыстау болса да, орынды ойларға жетеледі. Басқасын айтпағанда...

Әміржан Қосан

Abai.kz

0 пікір