Дүйсенбі, 10 Тамыз 2026
Жаңалықтар 3272 0 пікір 7 Тамыз, 2026 сағат 16:19

Соғысқұмарлар елімізде неге тайраңдап жүр?

Сурет: Новости Казахстана Facebook парақшасынан алынды.

Қарағанды қаласындағы әлеуметтік желілерде қоғамдық көлікте түсірілген даулы фотосурет қызу пікірталас тудырып жатыр. Желі қолданушыларының назарын №56 бағдардағы маршруттық автобуста кетіп бара жатқан жолаушы аударған.

Белгілі болғандай, аталған суретті алғаш рет Threads әлеуметтік желісінің қолданушысы жариялаған. Таралған кадрдан ер адамның үстінде «Z» символы бейнеленген және орыс тілінде «Своих не бросаем» («Өзіміздікілерді тастамаймыз») деген жазуы бар майканы анық байқауға болады.

Бұл жарияланым қысқа уақыт ішінде қарағандылықтар мен жалпы қазнет қолданушылары арасында үлкен резонанс тудырды. Желідегі пікірлер толассыз жазылып, тұрғындардың басым көпшілігі бейбіт елде мұндай әскери-саяси символиканы ашық түрде көрсетуге қатысты өз наразылықтарын білдіруде. Пікір қалдырушылар қоғамдық орындарда мұндай жазуы бар киім киюдің этикалық және құқықтық жағын қызу талқылап жатыр.

Әзірге бұл оқиғаға қатысты жергілікті құқық қорғау органдары немесе автопарк басшылығы тарапынан ешқандай ресми түсініктеме берілген жоқ. Қоғамдағы қызу талқылау жалғасуда.

Abai.kz

0 пікір