Сенбі, 15 Тамыз 2026
Абай мұрасы 1245 0 пікір 13 Тамыз, 2026 сағат 13:25

Абай мен Мәшһүр

Суреттер: massaget.kz, el.kz сайттарынан алынды.

ЕКІ ДҮНИЕ ПАЙЫМЫ

Туған қазағының тағдырына жанашыр қос кемеңгердің асыл арманы – «қайран елінің» бақыты еді. Абай қасиетті Құранның рухани нәрімен бұ фәнидің, яки «жалғанның» ғаламат сынағына көзімізді ашып, «адам» деген атқа лайық болуды аманат етеді. Мәшһүр Жүсіп болса, Ислам дінімен біте қайнасып, о дүние – бақидың қатал сынына  әзір болудың ғибратын Құран тілімен санаға құяды. Ұлы даланың  «шамшырақ» тұлғаларының екі дүние пайымы, сайып келгенде, өзара үндестік пен сабақтастық тауып, тыңдаушы мен оқырманға «адамдық қарызын»  түйсінтеді.

Алла тағаланың  жасампаз нұрымен Абай Құнанбайұлы айналасына сәуле түсіріп: «Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге... Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз», - деп қандастарын оқу-білімге «жетелейді». Ілім-ғылымның пайдасына ол қандастарының көзін ғана емес, көкірегін де ашудан үмітті: «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл берсеңіз. Білгендердің сөзіне / Махаббатпен ерсеңіз...». Ал, діни әдебиеттің аса көрнекті өкілі Мәшһүр  Жүсіп Көпейұлы киелі Құран аяттарымен жамағатқа ой салып, ақыл қосу арқылы бақиға дайындайды. Ол «оқу мен ғылымның мән-маңызын» тәпсірлеп, «он сегіз мың ғаламды жаратқан» Құдірет иесінің сөзімен, оның «түнді күндіз қылғандай», ақиқатқа ұйытар қуатын дәріптейді.

«Атымды адам қойған соң...»

Осылай Абай мен Мәшһүр жалған мен бақидың ащы шындығымен өмірдің адам баласы үшін ғажайып сын ғана емес, ғаламат сын екенін де зердеге құяды. Алайда, олардың жан-жағындағы «ақыл сөзге ынтасыз жұрттың» қарасы тым қалың. Өкінішке қарай, «тыңдаушының түзелген сөзбен қоса түзелуге» асыға қояр түрі байқалмайды. Хакім «ел шапқан батырды, яки қызықты айтқан күн өткізбек әңгіменің әр сөзін мыңға балаған» замандас мінезінен күйінеді. Білімсіз кісімсінген «көп шуылдақ көнгенім-ақ соған деп табандаса», не қайран: «Білгенге маржан, Білмеске арзан, Надандар бәһра ала алмас, - деп, «ұйқыдағы» қауымды «оятудың» амалын таппай, қынжылады, - Қиналма бекер, тіл мен жақ, Көңілсіз құлақ – ойға олақ... Моласындай бақсының / Жалғыз қалдым тап шыным».

Ұлы ақынның қайғы-мұңы өз басынан кешкен Мәшһүр де жапанда жалғыз қалғандай хәлде. «Қамалып өмір бойы қалған түнге, Қадалып қарай-қарай ай мен күнге... Шарқ ұрып бұ дүниені шыр айналдым, Сөзімді тыңдайтын бір құлақ таппай, - деп, қабырғасы қайысады, - Жан ғой деп қимылдаған сөйлеп тұрмын, Естіп кет Құдай үшін ұқпасаң да... Еститін есіл сөзім құлақ қайда? Суалмас ішсе көзі, бұлақ қайда?!.». Айналасына ренжи тұрып, өз сөзінің «адамның аса білгіш зерегіне кез болғанын» қалайды:   «Өлең – жұмбақ: керек-ті оған шешу... Қазақ байғұс насихат сөзге түспей, Бар білгені қалшиып ерегесу». Сөйтіп, ол надан мен білімдінің, «соқыр мен көрушінің, қараңғы мен жарықтың тең емесін», өмірге не үшін келгенін ойламайтындарды «балы бар, уы аралас» өсиетімен  ұшықтайды.

Олай болса, Абайдың да, Мәшһүрдің де бар ойы халқымыздың ілім-ғылымды меңгеріп, заманалар көшінде өзге жұрттан озық болуына келіп саяды. «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де –ақымақтық..., - дейді Хакім. -  Ғылым Алланың бір сипаты, ол – хақиқат, оған ғашықтық – өзі де хақлық һәм адамдық дүр...» немесе Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез. Нұрын, сырын көруге / Көкірегінде болсын көз... Білім – бақтың жібермейтін қазығы, Білімсіз бақ – әлдекімнің азығы». Демек, «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» секілді бес дұшпаннан қашық жүріп, «бес асыл: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақымды» ардақ тұту парыз екен.

Хакім меңзеген асылдың бірі – қанағат ұғымының мағынасы қолда барға шүкіршілік ету десек, Мәшһүрдің  «бес қымбатының» да бірі  – шүкір екен: «Төртінші, қымбат нәрсе – шүкір деген, «Нығыметке шүкірсіздік – күпір!» – деп, оның қалған төртеуін: «иман, ақыл, сабыр, әдеп» ұғымымен танытады. Әулиенің, сондай-ақ «Қанағат туралы жұмбақ өлеңі» Абайдың «Ескендір» поэмасындағы «тойымсыз көз» және «Өлсе өлер табиғат...» өлеңіндегі «өлмейтұғын сөз» тәмсілдерімен үндесе өріледі.  «Жаманнан бөз қалады, жақсыдан – сөз, Дүниенің келуі оңай, кетуі тез» екеніне ұйытатын осы қиссада «әуе айналып жерге түскендей күн ыстықта, бір жұтым су көкей кесіп, арманға айналған» шақта жер қайысқан қарулы қолға «сарқырап, саулап аққан өзен көлденең ұшырайды».

Бұған қатты қуанған хан өз әскеріне «бұл судан қана ішкенмен сусын қанбайтынын, тойымсыздың ере алмай жолда қалатынын былай ескертеді: «Жалаңаш қолыңмен ал, бірақ орта, Қалмайсың соны қылсаң, қаңғып  жұртта». Алайда, «тостаған мен шелекті қойып, сүңгіп ішемін» дегендер шөлдерін баса алмай, тіпті дертке шалдығып, суға кетеді. Қанағатты  ұмытпай, судан тек татып қана қойғандар аман-есен қалады. Ислам дінінің насихатшысы Мәшһүр аталмыш өлеңі арқылы «Есті адам – қанағатты. Қанағатты адам тиянақты. Тиянақты адам көнтерлі. Көнтерлі адам қайғысыз. Қайғысыз адам бақытты» деген тағылым түйеді. Сөйтіп, Абай мен Мәшһүр төңіректерін басқан қалың «тұманнан» түршіге тұрып, қазағын өркениет сапының маңдай алдынан көруді аңсайды.

Екеуінің жас айырмасы бір мүшел,  Абайдың  немере інісі, кемеңгер Шәкәрім Құдайбердіұлымен Мәшһүр Жүсіп бір жылдың түлегі.  Құрдас ақындар бақиға да сол бір қасіретті 1931 жылы қайтыпты.  Бірақ, дін мен руханият ғұламасы М.Ж. Көпейұлы төл шығармаларының 10 томдық жинағында (Е. Қ. Мәшһүр Жүсіп, «ЭКО» ҒӨФ ЖШС, 2023 ж.) ақын әрі ойшыл Шәкәрім туралы тіс жарып,  ештеңе демейді.  Оның есесіне Абаймен кездеспесе де, Мәшһүрдің  оны сырттай біліп, шығармаларына қанық болғанын байқаймыз. Оның «Нүсіпхан» дастанындағы Біржан сал мен Хакім Абайға қатысты жолдар да Қызылжарда Біржан  Қожағұлын күтіп алғанында Абай туралы  тыңдаған әңгімесінің дәлеліндей. Көп томдық  ғұламаның қолында Хакімнің тұңғыш кітабының болғанына да сендіреді.

Бұл пікірімізге, М. Ж. Көпейұлының «Нүсіпхан» атты көлемді қиссасы, «Ибрай Құнанбаев сөзі», «Абай Құнанбаев (1945 – 1904) өлеңдері» деген жазбалары, сондай-ақ Құнанбай жайындағы екі  нұсқадағы бір жарым беттік пікірі айғақ. Олай болса, әуелгі әңгімені «Нүсіпхан» қиссасындағы Абай тұлғасы жайында өрбітеміз. Ал, автордың басқа жазбаларына ой желісіне қарай оралуды жөн санадық. Сонымен «Нүсіпхан» (6-том, 93-б.) шығармасына келсек, Мәшһүрдің бұл туындысын жазуына Семей өңіріне жолы түскенінде «Тобықтының  кемеңгері Нүсіпхан ер» туралы естіген әңгіме себеп болады. Төл туындысында  ол кейіпкерін «жасынан алдын көрген, дәулеті де, өнері да шалқар, аса беделді әрі жомарт» жан ретінде сүйіне отырып сыпаттайды.

Қаладан «он төрт дүкен салған» Нүсіпхан соңғы жолы Қызылжар аймағындағы «Болатнай базарына бес жүз қой мен үш жүз ат айдап, саудасы сәтті болып, сексен түйеге жүк артады». Алайда, осы сапарында сырқатқа шалдыққан азаматтың жол үстінде серіктерін жинауына тура келеді. Ол өзінің «жиырманың бесеуіне келіп, о дүниеге перзентсіз бара жатқанына, атадан жападан жалғыз екеніне, қажылыққа жолы түспегеніне, сондай-ақ медресе, мешіт салмағанына»  іштей шерленіп, жолдастарына ақыл қосқан сөзімен өсиет қалдырады. Ол жанындағы серіктерімен, туған-туыспен бақұлдасып, сүйген жары Жамалын қимай, жаны сыздайды. Бірақ, Абай туралы шығармалардың, естеліктер мен зерттеулердің қиссадағы «ақынның қимас досы» Нүсіпхан туралы жақ ашып, ләм-мим демейтіні ойлантады.

Абайды дос тұтқан Нүсіпхан кім?

Мәшһүр шығармасында Нүсіпхан өзінің Абаймен де достығын   айтып, ағынан жарылады: «Жан достым еді, Ыбырай, Артымда саған сенемін, - деп, жарым көңілін демейді. - Құнанбай атты кәрімді / Көре алмай кеттім, қайтейін?!.. Ыбырайдың достығы, Бір Аллаға мәлім-ді. Қажылыққа жіберсін, Жамал атты жарымды. Өз орнына жұмсасын, Бағулы жатқан малымды. Ыбырай еді жан достым – Құнанбайдың баласы. Арғы атасы Өскенбай – Тобықтының ағасы». Ол, сондай-ақ «партия таласы болса, жанынан табылатын, ақынның қатты сенетін өзіндей досы өлгенде дұшпанының Ыбырайды табалайтынына» өкініп, Құнанбайды шариғатқа нандырып қажылыққа» жіберуді тапсырады. Абайға қаралы хабарды марқұмның тағы бір досы Омарбек қалай жеткізерін білмей дағдарады. 

Сонда Мәшһүр «Қолыңа қара жорға ат тұлдап ал, Ыбырай, бәрі таныр барғаныңда» деп, Нүсіпханның атынан кеңес береді. Бұдан кейін Омарбек «қос атпен бір аптадай жол жүріп, әуелі «Ыбырай аулына кідіріпті». Абай «тұлданған қара жорғадан» қаралы хабарды бірден ұғып, «ат үстінде теңселіп, екі көзі жасқа толады».  «Бір туған бауырындай көріп, қиындықта сүйеніш еткен Нүсіпхандай «сұңқардың ғұмыры қысқа болғанына» қайғырып, «марқұмның жастай көз жұмғанына, қоштаса алмай қалғанына, өз қолымен топырақ салмағанына» деген өкініштен қайғы жұтады. Қиссадан, сондай-ақ «Біржан салдың батасын алып, өнерге он жетісінде мойын бұрған, жасынан дін Ислам туын ұстап, ата жолын қуған»  Абайға деген сый-құрметке қанығамыз.

Әкесі Құнанбайға Абайдың дос қазасын «көрген түсі» арқылы жеткізгендегі сәтті Мәшһүрдің қажының асыл қасиетін «ақсүйек топтан озған тұлпар едің, туып едің жаннан ерек, ақылға, амал, ойға болдың зерек» деп суреттеуі Хакімнің «Арғы атасы қажы еді...» өлеңімен астасып жатыр. Мезгілсіз ажалдан қайғырған қажы туған перзенті мен оның досына «Орнатсам төр алдына қос бәйтерек, бірі – сен, бірі Нүсіпхан болса керек... Төресін даудың айтар сен ақ пейіл... Нүсіпхан ол да өзіңдей бағлан...  Жұмаққа аялдамай баратын» деген сөздерімен әрі сүйініп, әрі күйінеді.  Қайғылы хабарды ол Семейдегі Нүсіпханның отбасы мен ағайынға өзі   жеткізеді.  Бұған қоса, ел ағасының марқұмның аманатына сай Меккеге сапарға бел буғанына және Жамалға да баруды ұсынғанына куә боламыз.

Жан жарының аманатына адал Жамал жұбайы Нүсіпханның асыл қасиетін, Абай екеуінің достығын еске алып, «қажылыққа баруға, сол жерге мешіт, медресе салуға» ұйғарады. Біз үшін бұл туынды Абай мен Мәшһүр туралы әңгімеге тиянақ болуымен қымбат. Алайда, Абай мен Нүсіпхан достығына келсек, жаңа айтқандай, М. Әуезовтің даңқты романы мен басқа да еңбектері, сондай-ақ ұлы ақын туралы естеліктер  «Нүсіпхан» қиссасы мен оның бас кейіпкері туралы тіс жармайды. Бұған Мәшһүрді жау санаған «қызыл» саясат тосқауыл болды делік. Бірақ, Абайдың асыл мұрасында да Нүсіпхан, яки Түсіпхан есімі кездеспейтіндіктен, шығарма кейіпкері Нүсіпхан – көркем образ десек, қисынға келеді.

Ендеше, Мәшһүрдей көрнекті дін қайраткерінің  Абайға қатысты жоғарыда айтқан жазбаларына да «бұрылатын» кез келді. Бұлардың біріншісі – «Ибрай Құнанбаев сөзі» мен екіншісі – «Абай Құнанбаев (1945-1904) өлеңдері» қысқа ғана үзінділерден тұрады (10-том, 107, 214-б). Мұның біріншісінде Хакімнің 16-шы қара сөзінің, ал екіншісінде «Ішім өлген, сыртым сау» өлеңінің алғашқы екі жолы ғана берілген. Әулиенің Құнанбай жайындағы екі жазбасындағы  (8 - том, 167 -169-б.) Абай туралы  пікірлері де, оның ұлы ақынмен кездеспегенін діттей түседі. Рас, Мәшһүр «... Ыбырайдан дәмеліміз, - деп (екінші нұсқа), оның тегіне тартқан қасиетін  қадір тұтады, - Тұқым жұрағатында өлгені тіріліп келіп, кейінгі заманның кісісімен бастас болатұғындық әуелден ата-тегінде бар болғандықтан...».

Дегенмен, бізге жеткен Құнанбай жайындағы жазбаның бірінші нұсқасында автор «Құнанбай Өскенбайдан өзі жалқы» немесе Абайдың бәйбішесі Ділдаға қатысты «Алшынбайдың Жүсіп дейтұғын баласының қызы» деп, мүлт кетеді. Бұл, әрине автордың Абайдың отбасына қатысты әңгімені ауызша естуінен немесе көшірушілерден кеткен ағаттық. Дұрысы, Өскенбайдың екінші әйелі Зереден екі ұл (Құттымұхамбет, Құнанбай) мен бір қыз (Тайбала) туады. Құттымұхамбеттің қайтыс болып, оның қалыңдығы Ұлжанды әмеңгерлік жолымен Құнанбайдың алатыны, ал Ділданың   әкесінің аты – Түсіп екені мәлім. Сөз орайында, қиссада «өлгені тіріліп келетіні» туралы жаза отырып, Мәшһүр өзінің Тобықтының қасиетті тұлғалары Кеңгірбай мен Қараменде, Тіленші мен Өскенбай, Құнанбай мен Алшынбайды меңзеп отырғанын жазбаша көрсетеді (8-том, 168 б).

Ол, сондай-ақ Құнанбай жайындағы аталмыш бір жарым беттік жазбасының бірінші нұсқасында Құнанбайдың әкесіне ас берген жердің «Бұл Көкшетау, Дуанатау аталған жерлер Қарқаралыға қарайтұғын Қаракесек Қамбар қыстаулары екенін... Өскенбайға асты Арғын ортасында, «Сегізауыл» аталған өзеннің бойында бергенін» нақты көрсетеді.  Бұған қоса қажының «үш жүзді түгел шақырған» жомарттығына «Қазанға ішек-қарын  салдырмаған: «Ас жақсысы қарта-ды / О да боқ дегенде, негізіне тартады» деп. «Тері мойнымда қалады» деп, қалған аттарға да бәйге берген... Жаназашыға арнап жетпіс үй тіктірген... бір үй бір үйден көмір де сұрап алмаған... жан басына бір-бір кез жыртыс бердірген: «жайнамаз қылып алсын» деп. Өзге шығарған малдан бөлек «жаназақы» деп төрт түйе байлаған», - деп, риза болады.

Замандастарына арнаған өлеңдері мен қиссалары өз алдына, Мәшһүр Жүсіптің  қасиетті Құранның асқан білгірі екені белгілі. «Құдайым жексенбі күн жер жаратты» атты өлеңінде ол Тәңірдің «жер-суды... текеметтің түріндей, тау мен тас, ағаш пен шөп, көл мен өзенді жексенбіде, ал адамзатты жұма күні және  он сегіз мың ғаламды тең жаратқанын, бірақ Алланың аманатын қабылдауға келгенде «қуаты ешқайсысынан күшті болмаса да»  адамның ғана шын қуанып, тәуекелге барғанына, бар үміті Алланың махаббаты ғана болғанына сүйінеді. Жаратушы адамға ғылым мен ақылды беріп, ғаламды бағындыруға, дүниені адаммен көркейтуге ұйғарыпты: «Махаббатпен жаратқан адамды өзі, Махаббатсыз боп кетті дүние жүзі... Махаббатсыз жан да жоқ, тіпті иман», - деп толғайды.

Құдайдың құдіретіне табынған Абай да «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз еш уақытта жалған болмас... Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және сүй хақ жолы осы деп әділетті» деп, өзінің «имани гүл – үш сүю»,  туралы асқақ ойын паш етеді. Хакім адамның артықшылығы да ақыл мен ғылымда және жүректе екеніне ұйытады. Мәшһүр де «жан мен сақал, ауыздағы сөзге қарап адам саналмайды. Себебі, жан болған соң да жан-жануар аталғаны аян. Тіпті, есекте де – жан, текеде – сақал, тотықұста «тіл» бар.  Ал, адам деуге «бір өзіңнен басқаға пайдаң тисе, кедейге, жоқ - жітікке жанашыр» болсаң ғана лайықсың», - дейді. Алайда, «басқаға пайдам тисін деген» адам аз, тіпті ондай жанды табу» қиын.

Ұлы Абай адамның жан-жануардан артықшылығы жүректегі қайрат пен ақылға қонған сәуленің арқасы екенін баса айтады: «Малда да бар жан мен тән, Ақыл, сезім болмаса. Тіршіліктің несі сән, Тереңге бет қоймаса? Атымды адам қойған соң, Қайтіп надан болайын? Халқым надан болған соң, Қайда барып оңайын?!». Алайда, бізді, амал қайсы, заман билейтініне Мәшһүрдің де қабағы түйіліп, өз өкінішінен қарындастарының сабақ алуын тілейді: «Замана баса көктеп билеп кетіп, Ат шауып айнала алмас біздің міннен... Бұ жалғаннан өтеді кім басы аман?! Бізді билеп, иледі өткен заман!.. ». Заман, әлбетте бір қалыпта тұрмайды, бәрі де өзгереді. Оның ырқына көнбеу екіталай.

«Болсын да сөзім сырға құлақтыға!»

Осы ащы шындықты Абай «Бәйшешек солмақ, күйремек, Көбелек өлмек, сиремек... Әркімді заман сүйремек, Заманды қай жан билемек?..», - деп, еріксіз мойындатады.  Бірақ, пендең заман екпініне қарсы тұрып, төтеп бере алмаса да, биліктің алдында құрдай жорғалап, оның «қолшоқпарына» айналмаса керек. Хакім  «заманға жаманның ғана күйлеп, оның илеуіне түсетінін» атап көрсетеді. «Мұнан менің қай жерім аяулы деп, майданда бірге тұрып қалатын» жолдастықты Абай ерекше тілейді. Мәшһүр де «Әркімді-ақ мына заман билеп тұр ғой! Талайды тапыр қылып илеп тұр ғой!.. «Теке – буға», - дегендей, жаман дуға!» / Түсінбеген көпіріп, күйлеп тұр ғой!.. Ер қайда пида қылар шыбын жанын, Жақсылық ойлайтұғын жолдасына?!», - деп, жаны жүдейді.

Абай секілді Мәшһүр Жүсіп  өмір «майданының» жуан ортасында қазақтың алға басқан аяғын кері тартатын «дұшпандарына» қарсы күрес ашады. Ол, алайда, «адамды заман билейтінін»,  уақыт «көшінің» тізгініне уақытша болса да ие болып, «дүниенің құлағын ұстаған» дөкейлермен санаспаудың азабымен келісе отырып та, халқының болашағына сенеді: «Мен көрмесем, кейінгі заман көрер, Дәметейін түңіліп, үміт кеспей!, - деу арқылы ертеңіне үміт артудан танбайды, - Алды-арты бұл дүниенің – қараңғы түн, Үміт бар – болар деген бір жарық күн... Қалайын, қалсам өзім,  айдалада,  Болсын деп сөзім сырға құлақтыға!». Рас, заманның билеуіне,  еріксіз көнетіндер көп. Сондай-ақ, «мықты мен дөкейдің» алдында «ләпбай тақсырлап», заманға «күйлейтіндер» де аз емес.

Осы соңғылары, нақтысы заман мен мықтыға «күйлейтіндер» желқайық секілді, қашанда  «дауылдың» ығынан табылады. Тіпті, миына жаңа «қамқоршысының» есімін сіңіріп ала қоятыны соншалық,  бұған дейінгі «жанашырының» атын қалайша ұмытқанын да байқамайды. Мұндайлардың қашанда бетке – шіркеу, яки масқара (ғибадат орны – шіркеу де сол ұғымнан алынса керек) екені даусыз. Ендеше, заман  «билейтіндерге» кінә артуда қиын. Олар  көріп, білген әділетсіздікті оңашада  бөлісіп, өздерін қойшы, бал-шағасы үшін алаңдайтындарын айтып, мұңдарын шағады. Абай мен Мәшһүрдің заманы бастапқыда патшаның отарлық, кейін большевиктердің тоталитарлық қысымынан «келелі кеңес жоғалып, ел сыбырды қолға алған» кезең болатын.

Әсіресе, көшбасшы перзенттерін әлекедей жаланған саяси қуғын - сүргіндердің қанды қасабы «жұтқан» қазағымыздың еңсесі басылып, ұлттың асыл қасиеттері арзандап бара жатты. Ақындардың «белін буынып, дүние кірін жуынып, мұң мен зарды қолға алар» сәті де осы болса керек. Сондықтан «өлмейтұғын артына сөз қалдырған» Абай мен «жақсыдан  – сөз, жаманнан бөз қалатынын» өсиет еткен Мәшһүр Жүсіп секілді  ұлы тұлғалар «қалың елі – қазағын» қарекетке көшіруге жандарын салды. Қос ақын өз заманының кертартпа «мінезінен» қандастарын жирендіріп,   оларға заман даңғылы – білім мен ғылым жолын нұсқау мақсатын мойындарына алды. Осы азапты жолда екі кемеңгер де қоғамдағы «қапқан мен оқпанды» көрсетіп, одан сақ болып, тезірек алға басуға үгіттеп бақты.

Абай мен Мәшһүрдің ел-жұртты әбден ығыр қылатын болыс сайлауы, сыяз өткізу, малқұмарлық, өмір базары, мақал-мәтел, жалғыздық, туыстық пен достық, борышқорлық және басқалар жайында айтқан сөздеріне шығармалары дәлел және әрқашан өнеге.  Абайдың «Болыс болдым, мінеки, Бар малымды шығындап... Сыяз бар десе, жүрегім / Орнықпайды суылдап...», «Ояз шықты, сыяз бар... Ылау» деп, «үй» деп дікілдеп... Орыс сыяз қылдырса, Болыс елін қармайды. Қу старшын, аш билер / Аз жүрегін жалғайды» деген сөздерін Мәшһүр іліп ала жөнеледі: «Жиылар күнде жұрт сиязға, Бар ақшасын төгеді бір оязға. Орысқа бар, өзіне бұйырмайды, Сараң болып барады жұрт ниязға».

Олар ұлттың ауызбірлігіне зиянды болыс сайлауы мен малқұмарлықтан тіксініп, сын «қамшысын» құлшына сілтейді. Абай: «Болды да партия, ел іші жарылды, Әуремін мен тыя / Дауың мен шарыңды...» десе,  Мәшһүрдің қаламы: «Жоғалса болыс сайлау, халық тыныштанар... «Ынтымақ, партиясыз болып жүрсең, Басыңа сағымданар күннің жазы», - деп, түйіндейді. Халқының бөтенге кіріптар тірлігінің, «бірінің-біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының» себебін  Хакім «төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығымен» түсіндіреді: «малға достың мұңы жоқ малдан басқа». Мәшһүрді де мұңға батыратын осы: «Надандар не біледі – мешел. Өлік?! Мәз болар мал жиғанға үш-төрт түлік... Мал қалар дәнеменен болмай ісі, Не қылсын, кім бар болса, сол иесі...».

Ел-жұртымыздың орынсыз мақалдарынан да Абай мен Мәшһүр  бірге түңіледі.  Абай: «Қазақтар: «Ә, Құдай, жас баладай қайғысыз қыла гөр!» деп тілек тілегенін өзім көрдім... Қайғысы не десең, мақалдарынан танырсың: «....Өзіңде жоқ болса, әкең де жат»... «Мал тапқан ердің жазығы жоқ»... «Қарның ашса, қаралы үйге шап»... Бұл мақалдардан не шықты? Мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен. Мал үшін қам жейді екен...». Мәшһүр: «Біздің мұсылмандар «Таңғы тамақ – Тәңірден», «Ертеңгі үшін есек қайғырады», «Құдайдың бір жазғаны бар шығар», - деп... не қылса, сонан соң қылмақшы болып аш-жалаңаш қалды...», - деп, ащы шындықты жайып салады.

Діни әдебиеттің көрнекті өкілі М. Ж. Көпеев, сондай-ақ «Поселке крестьян салып жатыр, Өлкелі өзен, жердің жайлысынан...» - деп,  басқыншы мемлекеттің отаршыл саясатына кектенеді. Патша үкіметі өзінің отарлаушылық қара  ниетіне қайшы келгендіктен  Ислам дінін насихаттаған ғұламаны  қуғындап,  шығармаларын басып шығаруға шектеу қойды. Ал, кеңес билігі одан да асып түсіп, Ислам тақырыбында кітап басу түгілі  атауға тыйым салды. Мәшһүр қызыл биліктің сол кесапатын  алдын ала болжап біліп, оның, «тырнақ астынан кір іздеген» сұрқия әрекетін әшкереледі: «Биылғы үмітті едің өткен күзден, «Октябрь он жетінші», – деген сөзден. Жан-жақтан ұшпа бұлт көтерілді / Қызғанып күннің көзін мұңды бізден. «Келді, - деп, - басыңа сот!» – қорқытады, Іліп ап бес-алты ауыз айтқан сөзден...».

Сондықтан Абай мен Мәшһүр еліміздің бүгіні мен келешегінің оқу-білім мен өнерге тәуелді екенін айтудан жалықпайды.  «Білгенге жол бос, Болсайшы қол бос, талаптың дәмін татуға. Білмеген соқыр, Қайғысыз отыр, Тамағы тойса жатуға... - деп, Хакім  ренішін жасырмайды: - Түзетпек едім заманды, Өзімді тым-ақ зор тұтып... Қуат бітті, күн өтті, Жарылқа, Құдай, жатқанды». Ұлы ақын сөзін Мәшһүр  одан әрі сабақтайды: «Базардан  маған өрік  келеді деп, Баладай алданбаңыз ойындағы. Құдайдың беруі жоқ жай жатқанға / Болмайды үйде отырып ойыңдағы...  Қылады әркім мазақ ғылым жоқтан, Надандар адасуда білім жоқтан... Ғылым, білім сықылды күннің көзі, Жап-жарық қып дүниені тұр ғой өзі...». Қазіргі шиеленіскен халықаралық жағдайда халқымыздың Тәуелсіздігінің озық ғылым мен техника жетістіктеріне де тәуелді екеніне көзіміз жетті.

Болат Жүнісбеков, жазушы

Abai.kz

0 пікір