Азаматтар мен мемлекеттік институттар арасындағы байланысты нығайту: Иван Иванов Құрылтай сайлауы туралы
23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауы – Конституцияға енгізілген өзгерістерді іс жүзінде жүзеге асырудың маңызды кезеңі. Сонымен қатар бұл сайлау азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Солтүстік Македониялық сарапшы Иван Ивановтың пікірінше, Қазақстанның тұрақты дамуы тиімді жұмыс істейтін институттарға, қоғамдық диалогқа және мәдени әртүрлілікті құрметтеуге негізделеді.
Алдағы сайлау жаңа бір палаталы Құрылтайдың құрамын айқындайды. Жаңа Конституцияда бекітілген негізгі құндылықтар мен бағыттарды іс жүзінде жүзеге асыру енді осы Құрылтайдың міндеті болмақ. Халықаралық сарапшылар бұл сайлауды Қазақстандағы саяси және мемлекеттік жүйені жаңғырту үдерісінің маңызды бөлігі деп бағалап отыр.
Иван Иванов – Халықаралық Балқан университетінің доценті және «Өркениеттер альянсы» халықаралық орталығы Атқарушы кеңесінің төрағасы. Ол өз кәсіби қызметінде мемлекеттік институттар, саяси диалог және қоғамның өзгерістерге бейімделу қабілеті арасындағы байланысты зерттейді.
Конституциялық өзгерістерден нақты іске асыруға дейін
Сарапшы наурыз айында өткен конституциялық референдум мен алдағы сайлауды біртұтас үдерістің өзара байланысты кезеңдері ретінде қарастырады. Оның пікірінше, Құрылтайдың құрылуы Конституцияда бекітілген жаңа ережелерді құқықтық деңгейден өкілді саясаттың нақты тәжірибесіне көшіруге мүмкіндік береді.
«Осы тұрғыдан алғанда, наурыз айында өткен конституциялық референдум мен алдағы жаңа Құрылтай депутаттарының сайлауын Қазақстандағы саяси және мемлекеттік жүйені жаңғыртудың ауқымды үдерісінің өзара байланысты кезеңдері ретінде қарастырған жөн. Жаңа Конституцияның қабылдануы елдегі мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа өзгерістер енгізді. Соның ішінде бір палаталы Құрылтайға көшу – мемлекеттік құрылымдағы елеулі өзгеріс. Сондықтан алдағы сайлаудың маңызы зор. Ол Конституцияға енгізілген өзгерістерді іс жүзінде жүзеге асырып, азаматтар мен мемлекеттік институттар арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті сарапшы.
Әртүрлілік – қоғамдық диалогтың негізі
Иван Иванов Қазақстанның түрлі мәдени және геосаяси кеңістіктер тоғысындағы орнына да ерекше тоқталды. Оның бағалауынша, мұндай ерекшелік қоғамдық диалогтың маңызын арттырып қана қоймай, елдегі келісімді нығайту үшін қосымша мүмкіндіктер береді.
«Өркениеттер, мәдениеттер мен ірі геосаяси кеңістіктер тоғысындағы ел ретінде Қазақстан үшін диалогтың маңызы ерекше. Елдегі әртүрлілік және түрлі дәстүрлер арасындағы өзара байланысты сақтай білу қабілеті заманауи әрі біртұтас қоғам құрудағы маңызды артықшылықтарға айналуы мүмкін», –деді Иван Иванов.
Бұл бағалаудағы мәдени әртүрлілік Қазақстанға тән ерекшелік қана емес, сонымен бірге маңызды қоғамдық ресурс ретінде қарастырылады. Әртүрлі қауымдастықтар мен дәстүрлер арасындағы өзара байланысты сақтай білу ішкі қоғамдық келісімді нығайтып, мемлекеттік институттарға азаматтардың сан алуан мүдделерін ескеруге мүмкіндік береді.
Тиімді институттар және өзара құрмет
Сарапшы өз пікірін қорытындылай келе, тиімді жұмыс істейтін мемлекеттік институттарды, диалогты және өзара құрметті елдің тұрақты жаңғыруының негізгі шарттары деп атады. Сондай-ақ ол Қазақстан жүргізіліп жатқан өзгерістер барысында осы бағыттардың барлығын өзара үйлестіре алатынын атап өтті.
«Тұрақты жаңғыру тиімді болуы үшін мемлекеттік институттар тиімді жұмыс істеп, қоғаммен диалог орнатылып, өзара құрмет сақталуы қажет екенін ерекше атап өткім келеді. Қазақстан қазірдің өзінде осы бағыттарды қатар алып келе жатқанын көрсетіп отыр. Қазақстан халқына алдағы сайлаудың сәтті өтуін тілеймін. Институционалдық дамудың жаңа кезеңі бұдан да мықты, баршаға мүмкіндігі тең әрі болашаққа ұмтылған Қазақстанның қалыптасуына ықпал ететініне сенімдімін», – деп қорытындылады Иван Иванов.
Сарапшының пікірінше, Қазақстандағы қазіргі өзгерістердің басты ерекшелігі – мемлекеттік жүйені жаңартумен қатар, қоғамдық диалог пен елдегі әртүрлілікті құрметтеуге мән берілуінде. 23 тамыздағы сайлау жаңа парламенттік жүйенің іс жүзінде жұмыс істей бастауына жол ашады. Ал сайлау нәтижесінде құрылған Құрылтай Конституцияда бекітілген қағидаттар, мемлекеттік шешімдер мен азаматтардың мүдделері арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік алады.
Abai.kz