Сен жадыңда ұста, жас жігіт!
Ел ішінде «Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін» деген тіркес бар. Еңбектеген демей-ақ қояйын, есі кірген жігіттен еңкейген қартқа дейін соңғы екі айда саясаттың бесігінде тербелгеніміз рас. «Махаббаттың бесігінде тербелейік тағы да» деген сөз де ескіріп қалды. Себебі бізге ес кірді... Бұрын-соңды естіп-білмеген есімдер мен партиялар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай гүр ете қалды.
Ешқашан есігінен бөтен адам кірмеген мекемелер мен мәдениет ошақтарында, мектептер мен оқу орындарында, егіс алқаптары мен зауыт-фабрикаларда жұмысшылар партия өкілдерімен кездесті. Біреулер уәде берді, енді біреулер соған куә болды. Қызды-қыздымен есіп сөйлегендер де, бөсіп сөйлегендер де, айқайлап сөйлегендер де, абайлап сөйлегендер де болды. Тіпті бұрын-соңды теледидар форматындағы дебатты көруді де маңдайымызға жазған екен. Халық алдына шығудың, жауапкершіліктің қаншалықты ауыр екенін көбі енді ұққандай... Теледидар алдында терлеу, қиналу...
Хош делік... Сонымен, бүгін сайлауға бардық. «Партияда жоқ адамның партияға дауыс бергені қалай?» деп ойлауыңыз мүмкін. Ол да дұрыс сауал болар. Дей тұрғанмен, менің ойым басқада... Сайлаудың 35 жылда түр-түрін көрдік қой. Дегенмен, бұл сайлау ерекше болған сыңайлы.
Меніңше, сайлау дегеніміз — үмітіңді ұшыратын күн. Ұлыңды ұяға, қызыңды қияға ұшырған сияқты, үмітімізді бүгін біз де ұшырып келдік... Адамның адамдығы да осы үміттен тұрады. Президентіміз бүгін қысқа да нұсқа брифинг өткізді. Вице-президенттен бастап, біраз дүниенің пердесін ашқан сияқты. Көңілге тағы да үміт ұялатты. «Көп өмір сүргеннен сұрама, көпті көргеннен сұра» деген сөз бар ғой...
Қасым-Жомарт Кемелұлы — осы көрген-түйгені көп, сезімтал кісі... Әлемнің алпауыт мемлекеттерінен бастап, үлкенді-кішілі демократиясы дамыған елдерді көзімен көрді. Көп көрді... Таңданды, тамсанды... «Біздің ел қашан осы мемлекеттердей болады екен?» деп қиялдады, қиналды, армандады... Қисыны келмесе, қи да тұтанбайды. Біз — соңғы 100 жылда бағы ашылмаған елдердің біріміз. Оның себеп-салдарына тоқталып жатпай-ақ қояйын... Бірақ біреудің жіберген қатесін біреу түземесе, прогресс те, адамгершілік те болмайды. Міне, соның сәті енді сәттап келгендей... Ақ сарбас!
Қазақстан ертең үлкен құрылыс алаңына айналады деп қалды... Құрылыс — құрылыс емес. Енді бізге серпіліс пен талпыныс керек. Президенттің бұл бастамасы — еліміздің ертеңі үшін, келешек ұрпақ үшін қажет. Бұл үміт — кешегі Әлихан мен Абайдың, Ахмет пен Тұрардың, Мағжан мен Сәкеннің, Мұхтар мен Бауыржанның үміті... «Үкілі үміт» дейді. Шашақ таққан емес, қастерлі үміт дейді мұны...
Қай партияның алда, қайсысының артта қалғанын ертең білеміз. Алайда бүгін — барша үміттің бір арнаға тоғысқан күні. Бiр сөзбен айтқанда — ҮМІТ КҮНІ... Қай партияны алсаң да, жарғысында, сөзінде, көзінде елге қызмет етсек деген тілек пен ниет бар екен... Ақ жол! Шындық пен ізгілік біреу, ал оған апарар соқпақ әртүрлі...
Дей тұрғанмен, осындай шақта есіме өткен-кеткен түсіп отыр... Мысалға деймін де... Ғани Мұратбаев елге қызмет еткенде жиырманың ішінде, Мағжандар отызда еді... Кешегі Екінші дүниежүзілік соғыста да жиырмадан асқандардың ерлік жасағаны аян...
Ал неге осы партиялардың ішінен жарқ еткен тұлға көзге түспеді? (Төбелесті айтпай-ақ қояйын...) Мүмкін бар да шығар... Менің айтпағым басқа дүние. Соңғы кезде әлемдік саясатқа жаңа тұлға келді. Америкада отызға толар-толмас Нью-Йорктің мэрі шықты. Ол — Зохран Мамдани, Угандада өмірге келген мұсылман жігіт. Алайда ол үлкен мегаполиске мэр болды ғой... Тұнып тұрған оратор! Ел-жұртпен қалай тіл табысады десеңші... Көп тіл білген жақсы, алайда халықтың тілі де басқаша ғой... «Отызында орда бұзбаған, қырқында қыр аса алмайды» деген тәмсілді де мен шығарған емеспін. Міне — Тұлға! Міне — Бақ!
Біз соңғы 35 жылда тамсануды да, паңдануды да көріп бақтық... Енді бізге құр тамсану мен паңдану емес, бізге Мамдани сияқты жастар керек... Иә... Саясатқа жол-жөнекей емес, сайланып, дайындалып келген дұрыс. Бұл жол — Абылай мен Жәңгір ханның, Әлихан мен Ахметтің жолы... Басын бәйгеге тігер, елі үшін еңіреп туған Тұлғаның жолы... Иә, менікі жай ғана пікір... «Мен жастарға сенемін» деген Мағжанның сөзі тағы бір жаңғырды.
Осыны сен жадыңда ұста, жас жігіт!
Талғат Теменов,
Қазақстанның Халық артисі, кинорежиссер
Abai.kz