Сәрсенбі, 26 Тамыз 2026
Талқы 381 0 пікір 25 Тамыз, 2026 сағат 14:42

Қайран «Байтағым!»

Суреттер: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

2015 жылы экологиялық қозғалыс ретінде «Байтақ-Болашақ» құрылды. Құрылтайы күзде болды. Басында құрметті төраға болып Олжас Сүлеймен сайланған. Басты ұйымдастырушы – Азаматхан Әміртай. Жиынға қатыса алмадым.

Қозғалысқа 2016 жылдың басында арнайы бардым. Азаматханмен таныстым. Сыртымнан біледі екен. Ағалап, «атқарушы директор болыңыз» деп жармасты. «Жарайды көмектесейін» дедім. Қоғамгерлер, белсенділер жоқтың қасы. Республикалық мәртебені алып бекігенмен, кемінде 11 өңірден филиал ашу керек болды.

Жалма-жан Азаматханға өңірлердегі әлі де ат үстінен түспеген, қажымаған азаткерлердің біршамасын тізбелеп бердім. Сөйтіп тез арада қозғалыс республикалық сипат алды. Кейін ол филиалдар жасарды. Бірақ 90-жылдары піскен құлшынымпаз белсенділер емес, амбицияланған ұрпақ келді. Ол заңды да. Енді энтузиазмға жол бола қоймас. Не болса да тек қана есеппен күн көретін заманда есепшіл баскерлер/лидер туады.

Сөйтіп, мен енді идеологиялық жағына да қарауым керек болды. Алматыда әйгілі Сейдахмет Құттықадам ағамыз, мен Астанада отырып, екеулеп «Таза ел» деген газет пен сайтты дүниеге келтірдік. Сол газеттің атауы қозғалыстың басты ұранына айналды. Азаматхан барлық жерге шапқылап «Таза ел» акциясын жүргізді. Әр қазақ бір тал ексін деген ұран тасталып, сол кезде 18 млн талшыбық ектіру қолға алынды. Одан бұл мемлекеттік ұранға айналып «Таза Қазақстан» науқаны барлық жерді басты. Бұл науқанды барлық партиялар да өздерінше атап кірісіп кетті. ЖСДП «Таза үй - таза ел» деді... Бұл да дұрыс: бүкіл елді тазарту бір қозғалыстың міндеті емес, бастама бәріне жұғысты болғанда ғана нәтиже болмақ. Бүгінде бұл мемлекеттік саясатқа айналды.

Бірнеше дүркін Халықаралық конференциялар болып, ұмытылған биологгтар мен зоологтар, небір технологтар бас қосты. Есімде қалған бір эпизод: шығыстан келген Владимир Езенок деген (марқұм) топинамбуртанушы маман келіп керемет дәріс берген. Содан қанаттанған Қанат Социалұлы сияқты жігіттер кейін қуатдарытқыш шоколад та шығарды.

Бұл жиындарға талай рет Тоқтар Әубәкір, Амангелді Айталы, Ирақ Елекей, Орақ Әли, Сабыр Қасым сияқты баскерлер бас қосқан еді.

Айтпақшы бір конференция сонау АҚШта тұрып жатқан Василий Жировты алдырдық. Ол қазақ боксының туын желбіреткен жігіттердің бірі, Балқаштан еді. Келгендегі мақсаты - Балқаш барысын қайта өргізу екен. Бұл тақырып сол кезде басталып еді, ақыры жүзеге асқанын көріп отырмыз.

Сөйтіп жүргенде саясаттану дәуірі басталды. Партия құруға бет бұрды. Бұндай ғұмыр менің өмірімде бұрын да болған: «Азат» қозғалысы енді дәуірлей бастағанда амбияланған ағалар Республикалық партия құруға көшіп, ақыры қозғалыстың тағдыры тәрк етіліп еді. Бірақ кәзіргі қозғалыс түгелімен «Байтақ» партиясына ұласыпты. Ол да дұрыс болар.

Атауы туралы сынымызды бұрын да айтып, ескертіп едік, әйтеуір бір жағына шығыпты.

«Байтақ» тағы да жеңілді. Бірақ бұл шынайы халықшыл топтардан құрылған партия. 18 рет құжат тапсырып, әупіріммен тіркелген партия-тұғын. Арттарында олигархтар жоқ, алпауыттар жоқ. Басында өзім араласқандықтан ба, әлде шынайы әрі бейкүнә тірліктерін аяймын ба, «Қайран, «Байтағым» дегім келеді. Әйтпесе, сірескен топтың ішінде 3-4 халықшыл айқайлап жүрсе несі бар еді?! Жіберуге болады ғой. Бәрібір де бәрін келісіп пішіп отыр... Әлде Табиғатты тазартқан партия елді де тазартып жібереді деп қорқама?..

Серік Ерғали

Abai.kz

0 пікір